Ұлыңның анты сенімді
Ұлы Жеңіс — ұрпаққа аманат!
Бұл әдеби-музыкалық кеш Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналады. «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» қағидасын ұстана отырып, тыңдаушыларды тарихымызды тереңнен тануға баулуды мақсат етеді.
Кештің мақсаты
- Тарихқа құрмет пен отаншылдық сезімді күшейту.
- Жеңіс күнін көре алмаған боздақтардың ерлігіне тағзым ету.
- Өз халқымыздың тарихын қастерлеуге тәрбиелеу.
- Әлем халықтары арасындағы достық пен бірлікті нығайту идеясын дәріптеу.
Негізгі ой
ХХ ғасырдың ең қанды қасіреттерінің бірі — Екінші дүниежүзілік соғыс. Оның зардабы да, Ұлы Жеңістің қадірі де уақыт өткен сайын терең сезіледі. Батыр ағаларымыз бен апаларымыздың ерлігі ешқашан ұмытылмайды.
Тарихи белес
Кеңес елінің бірлігі мен достығының арқасында 1945 жылғы 9 мамырда соғыс Ұлы Жеңіспен аяқталды. Содан бері 70 жыл өтті.
Кештің ашылу көрінісі
(Музыка ойнап тұрады.) Жаздың жаймашуақ күні. Армандары мен мақсаттарын, болашақтарын бірге байланыстырған қос ғашық көше бойлап серуендеп жүр.
Диалог
Жігіт
Ауылдағы анамды тастап, арман қуып оқуға кете алмадым. Елдегі еңбекке де үйреніп қалдық. Сенің бейнең күндіз-түні жадымнан шықпайды. Бас қосып, шаңырақ көтерсек қайтеді?
Қыз
Не дерімді де білмеймін… Менің де өмір бойы сенің жаныңда болғым келеді. Бірақ ойлануым керек.
Түйін
Осы бақытты сәтті радиодан тараған суық хабар бұзады. Ю. Левитанның дауысы аудиотаспадан қойылады:
«Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Сөйлеп тұрған Москва! Бүгін, 22 маусым күні таңғы сағат төртте неміс басқыншылары Кеңес Одағының мемлекеттік шекарасына басып кірді…»
Дауыс бәсеңдеп, аудиотаспадан «Священная война» әні орындалады. (1 бейнесюжет: соғыстың басталуы — 1941 жыл.)
Майданға аттану
Ән ойналып жатқанда бірі әкесін, бірі ағасын, енді бірі сүйген жарын, бауырын соғысқа шығарып салып тұрған сәт бейнеленеді.
Тыңдаушы 1
Тазартам жаудан жерімді,
Қарумен алып кегімді.
Қам жеме, халқым, ата-ана,
Ұлыңның анты сенімді.
Тыңдаушы 2
Аттандым жауға қарсы елім үшін,
Отаным, ата мирас жерім үшін.
Көргенше қайта айналып, сау болыңдар,
Ата-ана, құрбы-құрдас, үлкен-кіші.
Ән көрінісі: «Кестелі орамал»
Қыз (Арайлым)
Кестелі ақ жібек орамал,
Алыстан жолдаған сүйген жар.
Жауынгер жарым сен, есіңе ал,
Деп жазған оюлы хаты бар.
Қайырмасы:
Жауынгер жарым сен, есіңе ал,
Деп жазған оюлы хаты бар.
Жігіт (Арман)
Есіңе ал, еркетай, жазғы таң,
Қол қысып, құшақтап аттанған.
Қас дұшпан мейірімсіз жауыздан,
Аяма деп едің қасық қан.
Қайырмасы:
Қас дұшпан мейірімсіз жауыздан,
Аяма деп едің қасық қан.
(1 слайд: «Ұлы Жеңіс — ұрпаққа аманат!»)
Жүргізуші сөзі
Қайырлы күн, құрметті әріптестер, тыңдаушылар, қонақтар!
Тарих үнемі жаңарып отырады. Десе де ұмытылмайтын, ескірмейтін тарихи оқиғалар болады. Соның бірі — ХХ ғасырдағы ең бір қанды қасірет, соғыс жылдары.
Әлемді дүр сілкіндірген Екінші дүниежүзілік соғыстың қасіреті мен Ұлы Жеңістің қасиетін, батыр ағаларымыз бен апаларымыздың ерлігін ешкім де, ешқашан ұмытпайды.
Кеңес елінің бірлігі мен достығының арқасында 1945 жылдың 9 мамырында бұл соғыс Ұлы Жеңіспен аяқталды. Міне, содан бері 70 жыл өтті. Биыл — Ұлы Жеңістің 70 жылдығы.
Бүгінгі әдеби-музыкалық кешіміз Ұлы Отан соғысында құрбан болған аталарымыз бен әкелеріміздің, мәңгі жас болып жадымызда сақталған жауынгерлер мен офицерлер рухына, бейбіт кезеңде дүниеден өткен ардагерлерге, сондай-ақ бүгінде ортамызда жүрген Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құрметіне арналады.
Тілдерді оқыту орталығының оқытушысы
Абленова Нұргүл Мырзаболатқызы