Ананың әрбір сөзі жылылыққа толы

№ 42 «Тілек» балабақшасы

Музыка жетекшісі: Гулдана Серікқызы Ахметова

Құттықтаймын, анашым!

Бастауышы: Сегізінші Наурыз — аяулы аналарымыздың мерекесі. Бұл мереке жылдың дәл көктем мезгілінде болғаны өте үйлесімді секілді. Өйткені ана — әлемнің жан дүниесі, өмірдің бастауы мен таусылмас жалғасы. Бұл қасиетті сөз бізге әрдайым жылылық пен шуақ сездіреді.

Құрметті аналар, мерекелеріңіз құтты болсын! Өмір сыйлаған сәбиіңіз сіздерге тек қуаныш пен шаттық әкелсін.

Балалардың құттықтау өлеңдері

1-бала

Құшағыңа кіргенде, Жылынамын бір демде. Не жетеді көзіңе — Мейірімді күннен де.

2-бала

Үн қатасың бал тілмен, Еркелеймін әр күнмен. Құттықтаймын, анашым, Сегізінші Наурызбен.

Ән: «Ақ мамам» (орындалады)

Ананың мейірімі туралы

Ананың әрбір сөзі жылылыққа толы. Ананың көз нұры тастай мұзды да жібітеді. Аяулы аналар, көңілдеріңіз әрқашан шат, жүздеріңіз жарқын, дендеріңіз сау болсын! Балаларыңыздың жүрекжарды лебізін қабыл алыңыздар.

Алақаның — ақ самал, Мәпелеген жан ана. Көкте күнім батса да, Өзің күнсің балаңа. Теңдесі жоқ данасың, Арқа тұтар панасың. Еңбегіңді ақтаймын, Аман болшы, анашым! Бар өмірдің жүрегі — Өзің алтын ордасың. Тірлігімнің тірегі, Уайымың болмасын.

Ән: «Айналайын, ақ мама» (орындалады)

«Мен кіммін?» — мейірім сөздерінің мәні

Балаларға аналарымыз «құлыным», «қозым», «ботам» деп еркелетіп айтады. Енді бір бүлдіршініміз «Мен кіммін?» атты өлеңін оқиды.

1-бала

Атам мені «Құлыным» дейді, Әжем мені «Ботам» дейді. Әкем мені «Шырығым» дейді, Шешем мені «Қозым» дейді. «Айналайын, жаным» дейді. Ал шынында мен кіммін? Мен кәдімгі баламын.

2-бала

Сөздерді ең аяулы Жақсы көріп жаттадым. Енді білдім олардың Кім ойлап тапқанын: «Ана» деген сөзді де, «Әке» деген сөзді де, «Ата» деген сөзді де Ойлап тапқан — балалар!

1-бала (жалғасы)

«Күнім», «жаным» дегенді, «Құлыншағым» дегенді, «Ботақаным» дегенді, «Қошақаным» дегенді — Ойлап тапқан — аналар!

Би: Қазақ биі (орындалады)

Көрініс: «Анамның ақ шашы»

Ортада орындықта ана тоқыма тоқып отырады. Далада ойнаған баласы жүгіріп үйге кіреді. Бала анасын бетінен сүйеді, анасы баласын бауырына басып, аймалайды.

Бала

Мама, басыңда үш ақ шаш бар екен.

(Анасы жымиып қояды.)

Ана

Тамағыңды іш, құлыным.

Бастаушы

Бірнеше күн өтеді. Баласы ойыннан үйге оралады.

Ана

Айналайын, ойыннан оралдың ба?

Бала

Мама, шашыңдағы ақ шаш төртеу болыпты. Үшеу еді ғой, неге тағы біреуі ағарып кеткен?

Ана

Ананың жүрегі ауырса, шашы ағарып кетеді.

Бала

Жүрегі неден ауырады?

Ана

Есіңде ме, сен өте биік ағаштың басына өрмелеп шыққансың. Мен терезеден көріп тұрдым. Сенің жіңішке бұтақтың үстінде тербеліп тұрғаныңды көргенде, жүрегім ауырып кетті. Содан шашым ағарды.

Бала

Мен жуан бұтаққа отырсам, шашың ағармас па еді?

(Анасы баласын аймалайды.)

Балалар, аналардың жүрегін ауыртатын қауіпті істерден аулақ болайық. Тек тәтті қылықтарымызбен аналарымызды қуанышқа бөлейік.

Балалардың да тірегі, Дананың да тірегі — Шаншымасын ешқашан Аналардың жүрегі.

Ұлдардың биі (орындалады)

Әже туралы жылулық

Өлең

Құрт пен майын жинаған, Балаларға сыйлаған — Бұл әжемнің өмірі, Таусылмайтын жыр маған. Өскенде мен енді Аралаймын әлемді. Сыйлық әкеп әжеме, Таң қалдырам бар елді. Өте жақсы көремін, Өйткені мен әжемді.

Ән: «Әже тілегі» (орындалады)

Ойын: «Қонақ күту» (өткізіледі)

Әжелердің әзіл-әні

Бәрі: Келіннен қорқып саспайық, Келіңдер, өсек бастайық. Немеренің әртүрлі Қылығын айтып тастайық. Қосылып: Ой-бай, белім-ай, Қайда кетті келін-ай?

1-бала

Немерем менің блатной, Күндіз тыным таппайды. Видик көру керек деп, Кешкі ұйқыға жатпайды. Ой-бай, сұмдық-ай, Ұят екен, масқара-ай!

2-бала

Немерем менің кір-кір боп, Үйдің бетін көрмейді. Киндер сатып әпер деп, Еш тыныштық бермейді.

3-бала

Немерем менің теңгеге Үйір болып алыпты. Жүз теңгені сағызға Аямай бере салыпты.

4-бала

Немерем менің ән салса, «Махаббат» деп айтады. «Қызың бар ма?» деп едім, «Жоқ», — деп басын шайқайды.

Бәрі: Келіңдер, келіп қалыпты ғой, Біз де үйге кетейік. Немере шіркін тәтті ғой, Барына шүкір етейік.

Қорытынды тілек

Дегенмен бұл — апаларымыздың, әжелеріміздің, әпкелеріміздің мерекесі! Мереке мәңгілік болсын. Бүлдіршіндеріңіздің қолдан жасаған сыйлықтарын қабыл алыңыздар. Сіздерге әлемдегі бар жақсылықты тілейміз. Әрқашан аман болыңыздар!