Қақаған күннің ызғары, Сүйектен өтіп кеткен күн
Сценарий тақырыбы: «Тәуелсіздік – тұғырым»
Тойбастар күйі (алдын ала хабарланбай) орындалады.
Кештің ашылуы
1-жүргізуші: Армысыздар, құрметті ұстаздар, оқушылар және қадірменді қонақтар! Бүгін Тәуелсіздігіміздің 24 жылдығына арналған «Тәуелсіздік – тұғырым» атты мерекелік кешімізге қош келдіңіздер!
Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз. Тәуелсіздікке қантөгіссіз, бейбіт түрде қол жеткізгеннен кейін ғана елімізді әлемнің өркениетті мемлекеттері қатарына қоса алдық. Осы 24 жыл ішінде тәуелсіз Қазақ елін қалыптастырып, нарықтың қиын өткелдерінен аман алып өттік.
Осы кезеңде Қазақстанды дүние жүзіне танытып, абыройын асырған көреген саясаткер, тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегін атап өту – парыз.
Тәуелсіздік күні – еліміздің әр азаматы үшін орны бөлек мереке. Өйткені бұл жүрекжарды қуанышқа толы күнді ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандап, күтумен өтті. Алтайдан Алатауға дейін ұлан-ғайыр жерді мекендеген бабаларымыз азаттықты аңсады.
Кең даланы көк найзаның ұшымен, сом білектің күшімен қорғаған бабалар аманатын орындау жолында талай боздақ жанкештілікке барды. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай батырлардан бастап, Иса, Досан, Шотан батырлар, беріректе Бауыржан, Мәншүк, Әлия сынды ерлер – ел қорғауды ұран еткен қаһармандар.
Тіліміз бен дінімізге қатер төнген қилы кезеңде Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова сияқты қыршын жастардың құрбандығы арқасында тәуелсіздікке қол жеткізіп, егемен ел атандық.
Тарихи еске алу
2-жүргізуші: Қазақ халқы еркіндікке жету үшін қаншама қиын-қыстау кезеңдерді бастан кешірді. Мыңдаған жылдық тарихы бар Қазақстан өз тәуелсіздігін алды. Ал 1986 жылғы оқиға халық жадында мәңгі сақталады.
16 желтоқсанда қазақ жастары Орталық алаңға шығып, тәуелсіздікті талап етті. Бұл күн Қазақстан тарихында тәуелсіз Қазақстан Республикасының туған күні ретінде алтын әріппен жазылды. Сондықтан желтоқсан – бүкілхалықтық мереке.
1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Қазақстанды тәуелсіз Республика деп жариялады. Екі жүз жылдай патшалық Ресейдің отары, жетпіс жылдан астам Кеңес үкіметінің бұғауында болған Қазақстан егемен ел болды. Міне, содан бері 24 жыл!
Рәсім
Тәуелсіздігімізге арналған мерекелік кешімізді еліміздің Мемлекеттік әнұранымен бастайық.
Әнұран орындалады.
Өлең жолдары
1-жүргізуші:
Армандарды жақындатып тым алыс,
Біздің жаққа жеткен екен жылы ағыс.
Егемендік – ел бақыты, ертеңі,
О, халайық! Құтты болсын қуаныш!
Азат өлкем күндей күлген шығыстан,
Асыл елім жан-жүректі ұғысқан.
Ата-бабам аңсап өткен бақытым,
Айналайын, Қазақстан – Гүлстан!
Өлең жолдары
2-жүргізуші:
Кең байтақ, көз жетпейтін жерім менің,
Таулы орман, жасыл жайлау, көлім менің.
Бүгінде бар әлемге даңқың жетті,
Тәуелсіз Қазақстан – елім менің!
Құттықтау
Құттықтау сөз кезегі мектебіміздің директоры Дәндібаев Сағындық Мұхамедияұлына беріледі.
Ән
«Туған жер» әні — 9-сынып оқушысы Текебай Кәусар орындайды.
Желтоқсан оқиғасы: сұрақ-жауап
1-жүргізуші: Мейіржан, сен Желтоқсан оқиғасының шығу себебін білесің бе?
2-жүргізуші: Иә, білемін. 1986 жылғы 16 желтоқсанда таңғы сағат 10:00-де бар-жоғы 18 минутқа созылған Қазақстан Компартиясы пленумында елімізді ширек ғасыр басқарған Дінмұхамет Ахметұлы Қонаев қызметінен алынып, орнына сырттан келген Геннадий Колбин тағайындалды. Бұл шешім қазақ халқының наразылығын туғызып, әйгілі Желтоқсан оқиғасына ұласты.
Жыр
17–18 желтоқсан күндерін қарапайым ауыл азаматы Лесбек Омаров былай деп жырлайды:
Қасқалдақ ұшып көлінен,
Шүрегей келіп қонған күн.
Қыранды қуып көгінен,
Қарғалар билік алған күн.
«Нашақор» деп, «ұлтшыл» деп,
Қазаққа күйе жаққан күн.
Қақаған күннің ызғары,
Сүйектен өтіп кеткен күн.
Қаракөз қазақ қыздарын
ОМОН-дар бастан тепкен күн.
Озбырлық күшпен тұншығып,
Үміттің оты өшкен күн.
Жанына таппай бір дауа,
Ер Қайрат қыршын кеткен күн.
Ән
«Қара бауыр қасқалдақ» — 8-сынып оқушысы Зияда Ерлан орындайды.
«Тәуелсіздік – тұғырым».