Шешен сөз бастар

Тіл мерекесіне арналған танымдық сайыс

«Қазақ тілім — өз тілім, ана тілім, Абай, Мұхтар сөйлеген дана тілім»

22 қыркүйек — Тіл мерекесіне орай мектебімізде ұйымдастырылған апталық аясында өтетін тәрбиелік-тағылымдық іс-шараға ұстаздарымызды, ата-аналарымызды және оқушыларымызды құшақ жая қарсы аламыз. Тіл мерекесі құтты болсын!

Мақсаты

  • Ана тіліне деген сүйіспеншілікті арттыру, тілдің қоғамдық-әлеуметтік қызметін таныту, тіл мәртебесін көтеру.
  • Ойлау мен шығармашылық қабілеттерді дамыту; шешендік сөздердің мән-мағынасын түсіндіріп, бойға сіңіру.
  • Ізденімпаздыққа, шешендікке, ізгілікке тәрбиелеу, ана тілін қастерлеуге баулу.

Көрнекілігі

  • Интерактивті тақта
  • Қанатты сөздер
  • Суреттер

Әдісі

Сайыс түрінде өткізіледі.

Қатысушылар

5 «А» және 5 «Ә» сыныптары

Кіріспе сөз

Адам баласы дүние есігін ашқаннан кейін ана тілінде сөйлеп, ана тілінде ән салады. Ана тілі — ар-ожданымыздың, адамгершілігіміздің айнасы. Адам ана тілімен бақытты, ана тілімен асқақ. Тіл — халықтың ажырамас бөлігі.

Ұлы Абайдың өзі: «Өткірдің жүзі, кестенің бізі, өрнегін сендей сала алмас» деп таңырқап тағзым еткен — осы тіл. Тілімізге құрмет көрсету арқылы біз елімізге құрмет көрсетеміз. Тіл туралы қанша кестелі сөз айтсақ та, тауыса алмаспыз.

Өлең жолдары

Ана тілім, дана тілім — Тәңірім,

Сақтай білген сан ғасырлар жарығын.

Тілім менің, Абай, Мұхтар сөйлеген,

Бұғаулауға, шұбарлауға көнбеген.

Ендеше, «Қазақ тілім — өз тілім, ана тілім, Абай, Мұхтар сөйлеген дана тілім» атты танымдық сайысымызды бастауға рұқсат етіңіздер.

Сайыс кезеңдері

  1. 1 Таныстыру, сәлемдесу
  2. 2 Мәнерлеп оқу (тіл туралы)
  3. 3 «Кім білгір?» (мақалды жалғастыру)
  4. 4 Көрініс (шешендік сөздерден)
  5. 5 Ана тілге арнау (оқушы шығармашылығы)
  6. 6 Ән (тіл, Отан, туған жер)

Әділқазылар алқасы және қатысушыларды қарсы алу

Сайысымызды бастамас бұрын, сайыскерлерге әділ төрелік айтатын әділқазылар алқасымен танысайық.

Сәлем — сөздің анасы, сөздің атасы,

Ұстаздардың қабыл болсын батасы.

Қол соғып, ортамызға тарландарды шақырсақ,

Болмас сөздің еш қатесі.

Ортаға сайысқа қатысушы топтарды шақырамыз: 5 «А» және 5 «Ә».

1-кезең: Таныстыру

Сайысымызды топтардың таныстыруынан бастаймыз.

2-кезең: Мәнерлеп оқу

Кейінгі ұрпақ жырларын жаттап қанықты,

Үлгі тұтып бәйтеректей сан алыпты.

Көкірегі ояу, сезімді ұрпақ, қайдасың?

Өлең оқып, өзіңді-өзің танытшы!

Келесі кезекте тіл туралы өлеңдерді мәнерлеп оқу сайысына кезек береміз.

3-кезең: «Кім білгір?» — мақалдың жалғасын табу

Мақал-мәтел — бабадан қалған мұрамыз,

Ықыласымызды мәйекті сөзге бұрамыз.

Мақалбай атай сұрағын алып келіпті,

Сайыскер топтар ықыласпен тыңдап тұрамыз.

Ереже

Әр топ екі қағаздан суырып, берілген мақалдың жалғасын табады.

  • 1. Шешен сөз бастар...
  • 2. Жақсы байқап сөйлейді...
  • 3. Әншейінде ауыз жаппас...
  • 4. Тіл адам ойының...
  • 5. Тисе терекке...
  • 6. Айтылған сөз...
  • 7. Жасыңда қылжаң болсаң...
  • 8. Аңдамай сөйлеген...
  • 9. Бал тамған тілден...
  • 10. Шебердің қолы ортақ...

4-кезең: Көрініс — шешендік сөздер

Мәңгі өлмес, мейлі зулап көшсе заман,

Жиреншедей дария шешен бабам,

Қазыбек, Төле, Әйтеке — ердің құнын

Екі ауыз сөзбен шешкен көсем бабам.

Келесі бөлімде әр топ би-шешендердің шешендік сөздерінен дайындаған көріністерін ұсынады.

5-кезең: «Ана тілге арнау» — оқушы шығармашылығы

Ана тілі — біздің туған анамыз!

Анамыздай сыйлап, бағып-қағамыз.

Ана тілін бағаласақ, қалай біз

Өзіміздің сондай болмақ бағамыз.

Алдын ала берілген үй тапсырмасы бойынша оқушыларды ортаға шақырамыз.

6-кезең: Ән — тіл, Отан, туған жер

Ана тілім — ардағым, мәртебелім,

Сен ғайып боп кеткенде қайтер едім?

Қадірін халқымның біле алмай,

Қалар ма еді айтылмай айтар әнім?

Топ әншілерін өз өнерлерін көрсету үшін ортаға шақырамыз.

Қорытынды

Сайысымызды қорытындылай келе, әділқазылар алқасына сөз кезегін береміз.

Әуездісің, әдемі тілі елімнің,

Әуенісің ұлан-байтақ жерімнің.

Самғай берсін шартарапқа өр үнің.

Тіл мерекесіне арналған сайысымыз осымен аяқталды. Тамашалағандарыңызға рахмет!