Білімнің бастауы болған Әліппеден үйренгендерін тиянақтау
Сабақтың мақсаты
Білімнің бастауы болған Әліппеден үйренгендерін тиянақтау, оқушылардың өнерін тамашалау.
Әліппе оқулығына деген ерекше құрмет пен оның мектеп өміріндегі орнын түсіндіру, оқушылардың Тәуелсіз еліміздің ұландары екенін ұғындыру.
Білімдерінің артып, сөздік қорының молайып, саналарының өскенін көрсету.
Отанын, мектебін, ұстаздарын және ата-аналарын құрметтеуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі
- Интерактивті тақта
- Шарлар
- Әріптер макеті
- Әліппе оқулығының макеті
Сабақ барысы
Залда салтанатты музыка ойналады.
Жүргізушілердің ашылу сөзі
1-жүргізуші
Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар!
Оқу — білім бастауы,
Ілім, ғылым арқауы.
Бүлдіршінге тіл ашқан,
Көкірекке нұр шашқан —
Әліппе тойы басталды!
2-жүргізуші
Бала шаққа болашақты жырлатып,
Шәкірттерге ой түзеген сымбатты.
Күн нұрындай сәуле құйған көңілге,
Армысыздар, ұстаздарым, сымбатты!
1-жүргізуші
Армысыздар, әжелер мен аналар!
Ұрпағыңыз күнде өзіңнен бата алар.
Бүгін міне, Әліппемен қоштасады
Азамат боп кешегі сәби еркелер.
2-жүргізуші
Нұрлы үмітін арқалаған арқаға,
Жан сәулесін тарататын баршаға.
Шын пейілмен құрмет етіп сендерді,
Бүлдіршіндер шақырамын ортаға!
Музыка. Балалар жұптасып ортаға келеді.
Ертегімен бастау
Ерте, ерте, ертеде —
Ерте ме, әлде бүгін бе?
Жақын ба, әлде алыс па?
Беймәлім бе, таныс па —
бір ел болыпты.
Бұл елдің адамдары көк байрақтың астында тату-тәтті өмір сүріп, өніп-өсіпті. Елді кемеңгер хан басқарыпты. Ол осы өркендеп жатқан елде бірде-бір бала білімсіз қалмасын деп талап етіпті.
Жылдар өте келе, 2050 жылы ел үлкен өркениетті, барлық ғылымды меңгерген беделді мемлекетке айналатынына кәміл сеніпті. Осы ортақ арманға жету үшін 13-мектеп-гимназиясының 1 «В» сыныбында ақылына көркі сай 16 қыз бала мен алпамсадай, қайратты да білімді 9 ұл бала бар күш-жігерін жұмсапты. Татулықты қолдайтын, жолдастықты сыйлайтын білімді де өнерлі балаларға жұрттың бәрі тәнті болыпты.
Көрініс: «Мақта қыз бен мысық» (үзінді)
Диалог
— Мияуым менің, қайдасың?
— Тарғылым менің, келе ғой, мен саған мейіз беремін. (Мысық келмейді.)
— Келмесең, келмей-ақ қой, өз обалың өзіңе, — деп Мақта қыз мейізді өзі жеп қояды.
Осы кезде үй артынан «мяу» деген дыбыс шығады. Мақта қыз ыңылдап ән салады, мысық шығады.
Мақта қыз
Мысығым-ау, мысығым,
Тарғылы жақсы түсінің.
Таңертең де, кеште де
Бетін жуған пысығым.
Піш-піш десем, келе ғой,
Айтқаныма көне ғой.
Шақырғанда піш-піш деп,
«Мяу!» — деп дыбыс бере ғой.
Мысық
Менің атым — мысық,
Екі көзім қысық.
Тышқан аулап отырамын,
Сүт-көжемді ішіп.
Мысық: — Мақта қыз, сен мені неге шақырдың?
Мақта қыз: — Айтпаймын!
Мысық: — Ендеше, мен сенің қатығыңды төгемін.
Мақта қыз: — Ой-ой! Сен не істедің? Сол үшін мен сенің құйрығыңды кесіп алайын ба? (Құйрығын кесіп алады.)
Мысық: — Қойшы, дәл сол ертегідегідей ме?
Мақта қыз: — Жо-жоқ, әрине. Биыл күзде мен мектепке бардым. Өзімдей көп дос таптым, енді ешкімді ренжітпеймін!
Мақта қыздың түйіні
Қатығымды төгетін бұзық болмай, тыңдайтын, ақылдырақ болсаңшы.
Мына отырған балдырған балаларға үлгі болып,
достық туын көтеріп, татулықты қолдашы!
Мерекелік ой-толғау
Балалар, бүгінгі ертеңгілігіміздің ертегіден басталуы тегін емес. Кеше ғана ертегі тыңдап, алаңсыз жүрген бүлдіршіндер бүгінде бойларына жауапкершілік жинап, саналы азаматтық борыштарының алғашқы асуын аман-есен асып отыр.
Білім жолындағы белестерге қанаттары талмай өрлей берсін. Тойларыңыз тойға ұлассын!
Ал енді мектеп табалдырығын алғаш аттаған қуанышымызды бірге еске түсірейік. Экранға назар аударайық.
Оқушылардың өлеңдері
Аружан
Еркесімін атамның,
Еркесімін апамның.
Жасым толып алтыға,
Мен оқушы атандым.
Алмат
Ай, күндерді санадым,
Күнтізбеге қарадым.
Бойым өсіп кішкене,
Қолқанатқа жарадым.
Жеті жасар баламын,
Мен мектепке барамын.
Сабағымды қалдырмай,
Жақсы оқушы боламын.
Дәурен
Туған жердің төсінде,
Гүлдей жайнап өсемін.
Ата-анамды қуантып,
Биіктерге жетемін.
Батырлық бар тегімде,
Көк байрағым — көгімде.
Әнұранды жатқа айтам,
Елтаңбам тұр төрімде.
Қанат
Сабағымды жақсы оқып,
Бүгін тағы «бес» алдым.
«Жарайсың!» — деп аташым,
«Жарайсың!» — деп апашым,
Маңдайымнан иіскеп,
Беріп жатыр батасын.
Ерсұлтан
Мектеп деген — кені: білім кені, жыр кені.
Мектеп деген — ғылымның ең үлкені.
Мектеп деген — тәрбиеші адамға,
Мектеп деген — даналардың мекені.
Хор: «Мектебім»
Әліппені қарсы алу
1-жүргізуші: Біздің балалар үлгілі тәртібімен, саналы білімімен еліміздің өркендеп өсуіне өз үлестерін қосып келеді. Оған біздің достарымыз көмектесуде.
2-жүргізуші
Іші толы әріпке,
Білімдегі жарық не?
Барлығы: Болашаққа жол бастар — ол сүйікті Әліппе!
2-жүргізуші: Ортаға Әліппені шақырайық! (Бір топ қыздар лентамен билеп шығады.)
Әліппе — білім есігін ашқан алғашқы оқулығымыз, ғылым дүниесіне бастайтын тұңғыш баспалдақ.
Әліппенің сөзі
Армысыздар, жас достар!
Армысыздар, ата-ана!
Болашаққа жол бастар —
Әліппең келді ортаға.
Білім деген ғажаптың
Әліппесін меңгерген —
Келешегі қазақтың
Басталады сендерден.
Жақсы білім — көрімдік,
Болсын бізге, халайық!
Не үйреніп, не білдік —
Кәне, ортаға салайық!
Хор: «Әліппе»
Алғашқы жетістіктер
Несібелі
Бірінші беттен елімнің
Елтаңбасын таныдым.
Көк байрақты қазақтың,
Білімге жолын бастаған —
Әліппем, саған мың алғыс!
«Оқы!» — деп ұран тастаған.
Мейрамбек
Әліппені бітірдім,
Жаза аламын атымды.
Әліппені бітіріп,
Ақылды бала атандым.
Қазақ биі
Бақтынұр
Бұрқыраған білімнің
Қайнар көзін көріп пе ең?
Том-том болған кітаптың
Басы болған — Әліппем!
Бақдәулет
Бүкіл қазақ баласы дәріптеген,
Қоштаспақпыз сүйікті Әліппемен.
Ризамыз біздерді таныстырған
Сөз бен дыбыс, әртүрлі әріптермен.
Әсел
Ең алғаш қолға алғанда Әліппені,
Қызығып қарай бердім әріптерді.
Мен үшін сыры жұмбақ бұл кітаптың,
Ұстазым маған кілтін алып берді.
Хор: «Мұғалім — ол біздің»
Әріптердің сыры
Әліппе: Балалар, енді сендерге бір сұрақ қояйын.
Алфавиттің «А» тұрады басында,
Әрқашанда «Ә» тұрады қасында.
Байқадың ба, «Б» тұрады үшінші —
Ал осының сыры неде, түсінші?
Түсіндірме
«А» — ардақты аналар,
«Ә» — салмақты әкелер,
«Б» — кәделі балалар.
«Әліппе» әні (орындайтындар: Аден, Мирас)
Кім үйретті?
Мұғалім: Балалар, аз уақыттың ішінде көп нәрсені үйреніпсіңдер. Осының бәрін үйреткен кім?
Барлығы: Мектеп! Мұғалім! Әліппе! Ата-ана!
Мира
Анам екеуіміз
Қолға қалам аламыз,
Бірге жазу жазамыз.
Сұрақтарға берілген,
Бірге жауап табамыз.
Бірге сурет саламыз,
Соған мәз боп қаламыз.
Бірге ойланып есепке,
Қосып, бөліп аламыз.
Бірге өсіп, толамыз,
Биіктерге қонамыз.
Мектепке де күн сайын,
Қол ұстасып барамыз.
Амина
Оқитұғын баланың
Қадағалап сабағын,
Ойынын да ойнатып,
Дайындайтын тамағын.
Менің анам — жаны ізгі,
Әрбір сөзі маңызды.
Меніменен оқитын,
Сыныптасым тәрізді.
Алақаны аялы,
Бесігімді тербеткен.
Дәл осындай ананы
Таба алмаспын жер-көктен.
Тәрбие сөзі
Рахмет, балалар! Ата-ана үмітін ақтап, олардың мақтанышы болыңдар. «Білмесбек» болмай, «Білгішбек» болыңдар!
Көрініс: «Білмесбек»
Сахнаға кір-қожалақ Білмесбек келеді.
Білмесбек: — Мыналар не жиналған-әй? Менің атымды атаған қайсың?
— Сәлеметсің бе, Білмесбек! Сені атаған мен ғой. Бүгін бізде Әліппемен қоштасу мерекесі.
Білмесбек: — Әліппемен қош-тә-су? Қоштасыңдар, қоштасыңдар! Қой, мен кетейін. Чао! (Кетіп бара жатып, бір баланың шарына ұмтылады.)
Бала: — Тиіспе, менің шарыма. Мұнда әріп жазылған.
Білмесбек: — Әріп дейді... Мынау доңғалақтың суреті, ал мынау есіктің суреті сияқты ғой!
— Ол не дегенің, Білмесбек? Бұлар «О», «П» әріптері.
Білмесбек: — Әріптерді оқып-жаттағанша, мен сияқты қолды қалтаға салып, талтаңдап жүрмейсіңдер ме?
Білмесбектің «армандары» және жауап
1-арман
Білмесбек: — Мектеп жойылса, сабақ, кітап, дәптер, қалам мәңгілікке жоқ болса...
— Мектеп жойылса, білімді қайдан аларсың? Үлгі-өнеге, тәрбие — ұстаздан. Ойың тайыз, ақылың аздау. Мектепсіз болашақ болмайды.
2-арман
Білмесбек: — Жегенім бесбармақ, ішкенім тәтті сусын болса, ата-анам ақша тауып, түрлі киім алып берсе...
— Еңбек етпей, оңай олжа іздеу — ата-ананы қинау. Білім алмай, тер төкпей жетістік болмайды.
3-арман
Білмесбек: — 18-ге келсем, институттар кезекпен қабылдап, дипломды қолыма бір-ақ ұстатса...
— Болашақтың иесі болу үшін сауат керек. Сауаты жоқ маман елге пайда әкелмейді. Егеменді елдің еңсесін түсірер.
4-арман
Білмесбек: — 23-ке келсем, байдың қызына үйленіп, ақсақал болып отырсам...
— Байлықтың өзі қадір емес. Ел сыйлайтын қадір — еңбектен. Еңбек сіңбесе, қадір қайдан болсын?
Қорытынды
Білмесбек: Достар, сендердің айтқандарың дұрыс. Мен енді жалқаулықты тастаймын, жаңа өмір бастаймын. Егеменді елімнің ертеңі үшін еңбек етіп, бір асыл іс қыламын!
— Жақсы болу үшін алдымен үстіңді жөндеп кел!
2-жүргізуші: Диас, Нейланың әні
Әліппемен қоштасу
Міне, балалар, бізге осыншама білім беріп, тіл үйреткен Әліппемізбен қоштасатын уақыт та келді.
Әліппе
Әр сөзімді жаттаған
Достар үшін мақтанам.
Рахмет айтып шаттанам,
Риза болып аттанам.
Аттанатын жолым бар,
Оқумен өсіп, толыңдар.
Аман-есен болыңдар!
Тұмар
Қош бол, құтты Әліппем,
Көп нәрсені үйреткен!
Таныстырып әріппен,
Тақылдатып сөйлеткен.
Нұрай, Сержан
Қош, Әліппем, биіктеткен асқарға,
Қанат берген шарықтауға аспанға.
Қоштассақ та, ұмытпаймыз өзіңді,
Тапсырамыз іні-қарындастарға.
Кезекті тағы да биге береміз: «Балдырғандар маршы».
Елдік рух
2-жүргізуші:
Мен қазақпын, ұланымын елімнің,
Мен қазақпын, тірегімін жерімнің.
Ұланымын туын көкке көтерген,
Ертеңімін Егеменді елімнің.
Ән: «Жаса, Қазақстан»
Қорытынды сөз
Қымбатты шәкірттерім! Білім әлемінің беташары — Әліппені табысты аяқтауларыңмен құттықтаймын. Білім баспалдағына өрлеген сапарларың сәтті болсын!
Мерекеміздің соңын да ертегімен аяқтағымыз келеді. Мектебіміздің мақтанышы болыңдар!