Ұжымдық әңгіме құрастыру
«Уақыт саған берілді — ұтасың деп, Берілген жоқ ол — және жұтасың деп...» Тұманбай Молдағалиев
Сабақтың мақсаты
Құстар туралы танымды кеңейту арқылы тұлғалық қасиеттерді жүйелеп, мазмұндық сипаттама беру; көркем сөйлеуге дағдыландыру.
Міндеттері
- 1 Оқу материалын қабылдаудың тұтастығын сақтау үшін ұжымдық шығармашылық жұмыстың қажеттілігін түсіну.
- 2 Ойлаудың түрлерін, көркем сөйлеуді, зейінді шоғырландыруды дамытуға жағдай жасау.
- 3 Жауапкершілік пен бейжайлықты салыстыра талдау арқылы адамгершілік сезімді тереңдету.
Ұжымдық-шығармашылық әрекетті ұйымдастыру
1) Жоспарды бірігіп құру
Студенттердің таңдауы бойынша Есенғали Раушановтың «Құстар — біздің досымыз» кітабынан жеті құс туралы мәтін ұсынылды (кітапта барлығы отызға жуық құстың құпия сырлары қызықты танымдық хикаялар арқылы баяндалады).
Тапсырма: мәтіннен негізгі және қосымша ақпаратты ажыратып, 5 минуттық ықшам әңгіме дайындау; оны этикалық әңгіменің талаптарына сай мазмұндап беру. Сонымен бірге төмендегі проблемалық сұрақтарға жауап дайындау ескертілді.
2) Проблемалық сұрақтар
- Аққудың арманы неде?
- Құрқылтайдың ұясының құпиясы неде?
- Ұлардың адамдарға қалдырған емі қандай?
- Қарғаның тілін түсіну оңай ма?
- Қараторғайды неліктен түрлі ұлт өкілдері қадірлейді?
- Бәбісек неліктен «пайғамбарлардың құсы» аталды?
- Құралай құстың жұмбағы неде?
Талқылаудың мәні: жауапкершілік пен бейжайлық
Аға оқытушының кіріспе сөзі
Аға оқытушы Елеусинова Г. Е.: құрметті оқытушылар мен студенттер, бүгін біз бірге құстар туралы танымымызды кеңейтуді көздейміз. Студенттердің баяндарын тыңдай отырып, құстарға тән қасиеттерді аңғарамыз да, өз бойымыздан сол қасиеттерге сәйкес тұстарды анықтауға талпынамыз.
Бұл тапсырманы таңдаудың себебі — ертеде ғұламалар құстар әлеміне зер салып, оларды бақылап, «тілін» түсінуге ұмтылған. Соның нәтижесінде Ф. Аттардың «Құстар сөзі» дастаны, Әлішер Науаидің «Құстар тілі» кітабы, беріректе М. Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы, Н. Тілендиевтің «Аққу» шығармасы, П. Чайковскийдің «Аққу көлі» дүниеге келді.
Қазіргі күйбең тіршілікте біз кейде құстардың «тілін» түгіл, түрін де шатастырып жатамыз. Бұл — дүниені танудағы бейжайлықтың бір көрінісі. Сондықтан біз айналамызға жауапкершілікпен қарауды мақсат етеміз.
3) Ұжымдық әңгіме: аққу туралы баяндама
Аққу туралы білеміз дегенмен, бізге беймәлім тұстары да аз емес. Сол туралы студент Гүлдана әңгімелейді.
Гүлдана
Аққу — киелі құс. Каспий жағасында қара жойқын толқындарды қақ жарып еркін жүзіп жүрген аппақ құсты көргенде, «дүниеде жалғыз ғана теңіз бар — ол Каспий, жалғыз ғана құс бар — ол Аққу» дейтін ақын қиялына еріксіз сенгің келеді. Тіпті бұл теңіздің «Аққу теңізі» аталғанын қалап кетесің.
Аққу туралы деректер
- Аққудың алты түрі бар; біздің өңірде қыстайтыны екеуі: сұңқылдақ және сыбырлақ аққу.
- Қара аққу тек Австралияда кездеседі; сондай-ақ кішкентай аққу және Америка аққуы бар.
- Аққудың қоразы саһар, төрт жасқа дейінгі баласы көгілдір, жүні жаңа шыға бастағаны «ақүрпек» деп аталады.
Батыс пен Шығыстың анималист суретшілерінің арасында сыбырлақ аққудың суретін салмағаны кемде-кем. Әсіресе әсем иілген мойны қылқалам шеберлеріне ерекше шабыт сыйлайтындай.
Мойын демекші, ертеде латын әліпбиін жасаған ғұламалар S әрпін ойластырғанда, үй алдындағы хауызда бір-біріне еркелеп отырған қос аққуды көріп, «әріп табылды!» деп қуана айқайлаған деседі. Бір кезеңде бұл таңбаны «аққу мойын» деп атағаны да айтылады, кейін ол ұмытылған.
Ақ, қара, қызыл түстер... Сырттай қарасаң, үйлеспейтін үш бояуды бір бойына жинап, айтса тіл жетпейтін, көрсе көз тоймайтын асыл сұлулыққа айналған ғажайып жаратылыс. Алайда осындай сұлулық иесіне табиғат ерекше дауыс қоса бермегендей: қарттар «бір кем дүние» дегенді осындайда айтса керек.
Сыбырлақ аққу
Мойны иір, әсем иіледі. Суретшілер жиі бейнелейтін келбеттің бірі.
Сұңқылдақ аққу
Мойнын тік ұстайды: имейді, иілмейді. Дауысы ащылау; нақтысы — біздің ұғымдағы «сұңқылдан» гөрі қаздың қаңқылына жақын. Жүзгенде кеудесін суға батырыңқырап, құйрығын көтеріңкі ұстайды.