Әріптер жазылған гүлдер, тақтаға ілінген сөздер
Тәрбие сағаты: «Мен оқушы атандым!»
Бұл тәрбие сағаты мектеп табалдырығын жаңа аттаған бүлдіршіндердің көңілін көтеріп, «мектеп», «білім», «алғашқы қоңырау» ұғымдарының мәнін түсіндіруге бағытталған. Сабақ барысында оқушылар бір-бірімен, сыныппен және мұғаліммен танысып, оқу құралдарын ажыратып, жұмбақтар шешіп, өлеңдер оқиды.
Мақсаты
- «Мектеп», «білім», «алғашқы қоңырау» ұғымдарының мағынасын түсіндіру.
- Білім алудың қажеттілігін ұғындыруға жағдай жасау.
- Оқушыларды бір-бірімен, сыныппен және мұғаліммен таныстыру.
Көрнекілігі
- Әріптер жазылған гүлдер.
- Тақтадағы ұран сөздер мен нақылдар.
- Сынып безендіруі: шарлар, гүлдер.
Тақтаға ілінетін сөздер
Оқу — білім бұлағы.
Білім — өмір шырағы.
Мектеп — кеме, білім — теңіз.
Мектебің мынау — класың, осында он жыл тұрасың. Тарыдай боп кіресің, таудай болып шығасың!
Сабақтың басталуы: мұғалімнің құттықтауы
Мектеп табалдырығын аттаған кішкентай ғана бүлдіршіндерім, қадамдарыңа гүл бітсін! Білім әлеміне қош келдіңіздер!
Айқара ашқан есігін
Қайнары білім нұрының.
Мектебің — алтын бесігің,
Жылы ұяң — міне сыныбың.
Осы сыныпта сендер төрт жыл бойы білім мен тәрбие аласыңдар. Ендеше, Білім күніне арналған алғашқы сабағымызды бастайық.
Ертегілер елінен қонақтар
Бүгінгі сабаққа ертегілер елінен қонақтар келді: батыр жігіт Ертөстік және айдай сұлу Айсұлу. Алдымен қонақтарға өзімізді таныстырайық.
Танысу ойыны: «Әріп гүлі»
Тақтаға әріптер жазылған гүлдер ілінеді. Үстелде мінез-құлық пен қасиеттер жазылған қағаздар дайын тұрады: ақылды, ажарлы, арманшыл, адал, білімді, көңілді, әдепті, еңбекқор, еңбекқұмар, елгезек, елжанды, намысшыл, жайдары, тәртіпті, тәрбиелі, рақымшыл, дарынды. Аты белгілі бір әріптен басталатын оқушы сол әріптің гүлін алып, сол әріптен басталатын қасиет сөзін таңдап, тақта алдында таныстырады.
Оқушылардың таныстыру үлгісі
Айдынгүл — ақылды
Ақжан — ажарлы
Амиржан — арманшыл
Аяулым — адал
Бекзат — білімді
Күлсінай — көңілді
Әділжан — әдепті
Ернар — еңбекқор
Елдар — еңбекқұмар
Елік — елгезек
Еркежан — елжанды
Назерке — намысшыл
Жанерке — жайдары
Томирис — тәртіпті
Тахмина — тәрбиелі
Риза — рақымшыл
Данияр — дарынды
Осылайша, біз бүгінгі «оқушы атанған» балалармен жақынырақ таныстық.
Отан туралы әңгіме
Мұғалім сұрақ қояды: «Балалар, біздің еліміз қалай аталады?» Оқушылар: «Қазақстан».
Одан кейін суреттер арқылы (елтаңба, ту, елорда) балалар білетіндерін айтып, мұғалім толықтырады.
Отан туралы өлеңдер
Қазақстан — Отаным,
Туған жерім — киелім.
Арттырып даңқын, атағын,
Туына бас иемін.
Құрметтеймін жерімді,
Өзен-көлін, нуын да.
Қастерлеймін елімді,
Әнұранын, туын да.
Отанды біз — атамекен,
Деп аялап атаймыз.
Өйткені оны мекен еткен
Бабамыз бен атамыз.
Алтын дәнді даласы бар,
Ақ күмістей қаласы бар.
Неткен сұлу, неткен көркем!
Осы — менің туған өлкем!
Мұғалім қорытындылайды: тәуелсіз елімізде сендер сияқты талай бүлдіршін бүгін мектеп партасына отырып, оқушы атанды.
Неге мектепке келдік?
Мұғалім: «Сендер мектепке не үшін келдіңдер?»
- Білім алу үшін;
- Оқуды және жазуды үйрену үшін;
- Сурет салуды, жаңа дағдыларды меңгеру үшін.
Ойын: «Оқу құралы ма, әлде басқа зат па?»
Ертөстіктің сандығында түрлі заттар болады. Мұғалім заттарды бір-бірлеп көрсетеді: егер ол оқу құралы болса — балалар шапалақтайды, ал басқа зат болса — үндемейді. Ойын соңында Ертөстік оқушылардың зеректігіне риза болады.
Айсұлудың жұмбақтары
Айсұлу да құр қол келмейді: қоржынынан тапсырма алып, жұмбақтар шешуді ұсынады.
Білімнен мол сый-асы,
Балғындардың ұясы.
Жауабы: Мектеп
Білімнің жол басшысы,
Шәкірттің қолбасшысы.
Жауабы: Мұғалім
Шәкіртке жанашыр,
Мейірман кім, жаны асыл?
Жауабы: Ұстаз
Ұшымен қазық,
Тор көзді жазық.
Үстіне өттім,
Асыл сөз жазып.
Жауабы: Дәптер
Кішкене құдықтан,
Найза ұшты шыбығым,
Су ішіп құныққан.
Жауабы: Сиясауыт
Қысқа таяқ діңі бар,
Шиырлаған ізінде
Сайрап тұрар тілі бар.
Жауабы: Қарындаш
Тіл жоқ өзінде,
Сөзі бар ізінде.
Жауабы: Қаламсап
Бар ойынды жиямын,
Ақ қағазға құямын.
Жауабы: Сия
Сағат сайын қағылады,
Тек мектептен табылады.
Жауабы: Қоңырау
Бөлінгенді табыстырып,
Біріктірсе қабыстырып.
Жымдастырған жігіт те,
Байқамайсың түгін де.
Жауабы: Желім
Жұқа тақтай бөлшегі,
Ұзындықтың өлшемі.
Жауабы: Сызғыш
Мұғалім: «Өте ақылды екенсіңдер! Жарайсыңдар! Мінекей, сендер өздеріңнің “оқушы” деген атқа лайық екендіктеріңді көрсеттіңдер».
Қорытынды: оқушылардың тақпақтары
1-оқушы
Сәлем саған, мектебім,
Алғыстарым көп менің.
Оқу, білім, тәрбие —
Ой-санаға еккенің.
2-оқушы
Қуаныш бүгін — мереке,
Шуағын шашып тұр әлем.
Мектепке келген алғашқы
Жан досым, саған мың сәлем.
3-оқушы
Бірінші қыркүйек күні мен,
Аңқыған жұпар гүлімен
Келіп ем — қарсы алар мектебім
Сүйкімді қоңырау үнімен.
4-оқушы
Биыл мен де мектепке
Біріншіге барамын.
Мақтанбаймын мен текке —
Дайын дәптер, қаламым.
Мен оқушы атандым!