Бесіктегі баланың, Күлгенін көрген - бір мұрат
Бастауышпен қоштасу мерекесі: 4-сыныпқа арналған ертеңгілік сценарийі
Бұл ертеңгілік — бастауыш мектеппен қоштасып, жаңа белеске қадам басатын оқушыларға арналған салтанатты кеш. Төрт жылдық еңбектің нәтижесін атап өтіп, ұстазға құрмет пен ата-анаға алғыс айтуға бағытталған.
Мақсаты
Білімнің сара жолы бастауыштан басталатынын, бастауышта алған білімнің берік негіз болып қаланатынын ұғындыру.
Бастауыш сыныппен және алғаш қолына қалам ұстатқан алғашқы ұстазымен қоштаса отырып, орта буында дәріс беретін ұстаздармен таныстыру; әр баланың ерекшелігін айқындап, ақ жол тілеу.
Мектепті — білім ордасын, ұстаздарын құрметтеуге баулу; білімге деген құштарлығын арттыру; өз Отанының адал ұлы мен қызы болуға тәрбиелеу.
Кіріспе сөз
Мұғалімнің құттықтау сөзі
Қош келіпсіздер, құрметті ата-аналар, қымбатты әріптестер, оқушылар!
Бүгінгі күн — осында отырған баршамыз үшін ерекше күн. Өйткені, осыдан төрт жыл бұрын мектеп табалдырығын жүрексіне аттаған балаларыңыз бастауышта білімнің негізін қалап, қанаттарын қатайтып, енді бастауыш сыныппен қоштасқалы отыр.
«Талаптарыңа нұр жаусын!» — деп, «Қош бол, балғын балалық» атты ертеңгілігімізді ашық деп жариялаймыз.
«Бесіктегі баланың күлгенін көрген — бір мұрат,
Алдына түсіп ананың жүргенін көрген — бір мұрат».
Осы сөздің мәніндей, бастауыш сыныпты бітіруші түлектерімізді ортаға шақырайық!
Толқимыз, толқып тұрсыз баршаңыз да,
Мұндай күй болған сірә қаншаңызда.
Қол соғып, қошеметтеп шақырайық —
4-сыныптарды ортамызға!
Сахналық белгі
Музыка әуенімен бастауыш сынып түлектері ортаға шығады.
Мұғалімнің жалғастыру сөзі
Сіздердің алдарыңызда тұрған 4-сынып оқушылары осыдан төрт жыл бұрын алты жасар бала еді. Бүгін міне, ес біліп, етек жиған шәкірт болып отыр.
Армандасаң да, қиялдасаң да балалық шағың көз алдыңа келеді. Өйткені биік асуға беттеген аяулы ғұмыр, ғажайып өмір — осы бал күлкілі балалық шақтан басталады.
Бүгін біздің бүлдіршіндер өміріне өшпес із қалдырған бастауыш сыныбымен қоштасып, тағы бір сатыға есейгелі отыр. Ендеше қызықты да ғаламат өзгерістер сыйлаған, білім нәрімен сусындатқан, өмірде өз жолдарын табуға бағыт берген ұстаздарына және ата-аналарына өз өнерлерін көрсетуге дайын.
Олай болса, жүргізушілерімізді ортаға шақырайық!
1-жүргізуші
Бала шаққа болашақты жырлатып,
Шәкірттерге ой түзеткен сымбатты.
Күн нұрындай сәуле құйған көңілге,
Армысыздар, ұстаздарым қымбатты!
2-жүргізуші
Армысыздар, әжелер мен аналар!
Ұрпағыңыз күнде өзіңнен бата алар.
Ел дәстүрін мәңгі сыйлап оқы деп,
Үйреткен ғой Абай, Ыбырай бабалар.