Аталарымыздың оқушыларға берер ақыл кеңестері, оқушылардың сұрақтары
Мақсаты мен мазмұны
Бұл тәрбие сағаты оқушыларға ұлттық қадір-қасиетті, имандылықты, үлкенді қадірлеуді, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетуді түсіндіруге бағытталған. Сонымен бірге еңбекті сүюге, Отанымыздың білікті, білімді әрі адал азаматы болуға тәрбиелеуді көздейді.
Көрнекілігі
- Тақырып жазылған плакат
- Нақыл сөздер
- Интерактивті тақта
Барысы
- I Кіріспе сөз: қонақтарды қарсы алу
- II Негізгі бөлім: қарттардың қазына екені; ақыл-кеңес; сұрақ-жауап
- III Қорытынды: бата, алғыс, ән
Кіріспе сөз
1-жүргізуші
Армысыздар, құрметті қонақтар, ақ жаулықты аналар мен асқар таудай әкелер! «Ақылды қария, ағып жатқан дария» атты 4 «Г» сыныбының ашық тәрбие сағатына қош келдіңіздер!
Қарттарым, жүректерің неткен дархан, Көтерген тұрмыс жүгін сенің арқаң. Жолыңды жүріп өткен қарасам мен, Оқитын келешекте бір-бір дастан. Таң атып, күн де шыққан өздеріңмен, Жалындап жұлдыз жанған көздеріңнен. Тербедің көктем бағын самал болып, Өсиет жастарға айтқан сөздеріңмен.
Асыл қазына, арқа сүйер тірегіміз болып, аман-есен жүре беріңіздер.
2-жүргізуші
1 қазан — Қарттар күні мерекесі құтты болсын! Уақыт неткен шіркін: ортамызда жүрген қарияларымыздың бір кезде елі, халқы, келешек ұрпағы үшін жасаған игі істері әрдайым ерекше орын алады.
Бүгінде мемлекетіміз қарттарға айрықша мән беріп, жан-жақты қамқорлық жасап келеді. Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, еліміздің бейбіт, тыныш өмір кешуіне үлес қосқан ардақты ақсақалдарымыз бен аяулы аналарымыздың еңбегі — үлкен өнеге.
Негізгі бөлім: қарт — қазына
1-жүргізуші
Халқымыздың тәлім-тәрбиесі ананың ақ сүтімен, әженің өнегесімен, атаның ақылымен берісіп, ұлттық болмысымызды қалыптастыруға қызмет етеді. Ендеше тақпақтар бөліміне құлақ түрейік.
Әсел
Көп жасаған қария — Ақылы теңіз дария. Көп өнеге сөзі бар, Сөзі — соқпақ, сөзі — нәр. Ата салты — ардақты, Әрбір сөзі — салмақты.
Рахим
Кімнің үйінде қартайып отырған әке-шешесі, атасы мен әжесі секілді қадірлі қонағы болса, егер үй иесі оларға дұрыс қарап, қамқорлық жасаса, қарт ата-ана сол отбасының құты болады.
Қарт кісіні құт-береке деп тану — ұрпақ көрегендігі. Ұрпағы құрметтеген ата-ана әрдайым бақытты. Бүгін біздің сынып оқушыларының ата-әжелері — қадірлі қонағымыз.
Айару
Сәл еңкейген нұр жүзінен әл тайып, Қуат кетіп бара жатыр қартайып. Жетпістер мен сексендер жүр қалқайып. Көңіл жетім болмаған соң сыңары, Отбасында, бала-шаға қасында, Жас баладай жаутаңдаған жанары, Қайта-қайта қарағың кеп тұрады.
Перизат
Қағыс естіп қалбақтайды баладай, Ниеті ақ, көңілі кең даладай. Мәпелеңдер қарт біткенді аялап, Кімге болсын қарттың жетер аяңдап.
2-жүргізуші
Қазақ халқы «Төріңнен қарт кетпесін» деп тілеген. Жасы үлкенге құрмет көрсету, қарттың бүгілген беліне сүйеу болу — ата дәстүріміз. Өмірге әкелген, тіршілікке нәр берген ата-ананың алдындағы парыздың өлшемі жоқ.
1-жүргізуші
Қазақ ғұрпында ата-ананың орны ерекше биік. Ананың ақ сүтін, әкенің адал күшін ақтау — өз болашағыңды сақтау.
2-жүргізуші
Тербетіп ақ бесікте аяладың, Бойдағы ізгілікті аямадың. Анашым, өзіңсің ғой сүйенерім, Анашым, өзіңсің ғой сая бағым.
Келесі кезекті «Анашым» әніне береміз.
1-жүргізуші
Өмір оты ерте өшірілмесе, адамның қартаюы — табиғи заңдылық. Қарттардың тілегі — ел амандығы, жұрт тыныштығы. Олар тек бүгінін ғана ойламай, өткен өмір жолын зерделеп, алдағыны болжауға тырысады. Қарттар — кісіліктің төресі.
Көрініс: «Қарт пен немере»
2-жүргізуші
Орыс жазушысы Лев Толстойдың «Қарт пен немере» мысалын еске түсірейік.
Бір үйде төрт адам өмір сүріпті: ата, әке, келін, немере. Кәрі кісі тәрелкені сындырып алады деп, келіні атасына тамақты темір табақпен береді.
Бір күні немересі ағаш жонып отырады. Әке-шешесі: «Балам, не істеп отырсың?» — деп сұрайды.
Сонда бала: «Ертең сендер қартайып, атам сияқты болғанда тамақ ішетін ағаш астау жасап отырмын» — дейді.
«Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» деген сөз бар. Жастар ата-анасының қадірін кеш болмай түсінсе екен. Қарттары бар ел — бақытты ел.
1-жүргізуші
Үлкендіктен ешкім құтыла алмайды. Бірақ кәріліктің де өз сәні, өз мәні бар. Ұлықпан Хакім «мың жасаған» дейді: адам мың жасамайды, тек өсіп-өнген, тәрбиелі ұрпағымен мың жасайды.
2-жүргізуші
Қазақтың өзге халықтардан бір айырмашылығы — «Ұрпағым» деп шыр-пыр болуы, сол үшін отқа түскендей жанын салуы. Бұл — ең ұлы ұлттық қасиеттеріміздің бірі.
Ұрпақтың ата-ана алдындағы борышын өтеуі — қоғамның да ортақ міндеті. Мемлекеттік деңгейде зейнеткерлерге жағдай жасау, қамқорлық көрсету — маңызды іс. Бұл бағыт жыл сайынғы жолдауларда да назардан тыс қалмай келеді.
Сұрақ-жауап және әдеби сәт
1-жүргізуші
Келесі кезекте бейнекөрініске назар аударайық. Одан кейін сұрақ-жауап бөлімі жалғасады.
2-жүргізуші
Ендеше Жұмағали Әсемайдың мәнерлеп оқуында М. Мақатаевтың «Мен қарттарды сүйемін» өлеңін тыңдайық.
Бата — рухани қуат
1-жүргізуші
Баталы құл — арымас, Батасыз құл — жарымас. Батамен ел көгереді, — дейді дана халқымыз.
2-жүргізуші
Бата — халықтың рухани күш алатын құдіретті сенімі, жақсылықтың бастауы. Ол — ел сенімін ақтайтын абзал азаматтарға, талапты жастарға, көптің жүгін көтерген жандарға, жас сәбиге немесе үлкендердің жақсы ісіне риза болған сәтте берілетін ақ тілек әрі өмірлік жолдама.
Ендеше, батаға кезек берейік.
Қорытынды сөз
1-жүргізуші
Ата-анаңа не істесең, алдыңнан сол қайтады. Дүние — кезек: адам өмір бойы жас болып қалмайды. Сен ата-анаңды сыйласаң, сенің балаларың да қартайғанда өзіңді аялап, күтіп-бағатын болады.
Бүгінгі жас ұрпақты ғасырлар бойы жинақталған ата-бабамыздың мол мұрасымен сусындату — біздің міндетіміз. Ұлдың батыр, қыздың әдепті болып қалыптасуы да осы мұрамен сабақтас. Демек, бабалар өнегесін ұтымды пайдалану — ұлттық тұлғаны қалыптастырады.
Құрметті қонақтар, уақыт бөліп келгендеріңізге көп рақмет!
Ән:
«Ата — әже»