Сахналық көрініс

Тәрбие сағаты

Тақырыбы: «Ар-намысым, мақтанышым – Желтоқсан»

Мақсаты

Желтоқсан оқиғасы арқылы ғасырлар бойы бабалар аңсаған егемендікке қол жеткізгенімізді ұғындыру; тәуелсіздік жолында талай боздақтың жалған айыппен шейіт болғанын жас ұрпақтың жүрегіне жеткізу. Оқушыларды Отанды қорғауға, елін құрметтеуге, жерін қадірлеуге тәрбиелеу.

Көрнекілігі

  • Мемлекеттік рәміздер
  • Кітаптар
  • Үнтаспалар

Әдісі

  • Сахналық көрініс
  • Тарихи дәйектемелер
  • Әуезді-музыкалық монтаж
  • Ән-жыр

Барысы

Сахна нұсқауы

Үнтаспадан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалады. Артынша күбірлеген күй үні естіледі. Ортаға екі жүргізуші шығады.

Таңірберген

Жалғасып соғыс өрті сан ғасырға,
Біз көрдік қас дұшпанның балтасын да.
Еліме тәуелсіздік келіп жетті —
Мың жылдық күрестердің арқасында.

Аружан

Жаңғырды халқымыздың мың өшкені,
Бар мұнда сан ұрпақтың үлестері.
Ел үшін мәңгілікке жалғасады
Ақыл-ой, ар-намыстың күрестері.

Мұғалім сөзі

Құрметті ата-аналар, ұстаздар, оқушылар! Бүгін біз халық жадында мәңгі сақталған Желтоқсан оқиғасын еске аламыз. Жылдар өткен сайын сол күндердің шындығы айқынырақ көріне түсуде. Құрбан болған ерлеріміздің бейнесі жас қалпында жадымызда қалады. Көтеріліске шыққан жастардың рухы — тәуелсіздіктің киесі.

Тарих пен рух сабақтастығы

Арита: Желтоқсан желі Алматыда өрімдей қазақ жастарын алаңға алып шықты. Өз ұлтын сүю — ұлтшылдық емес. Ел қорғаған батыр бабаларымыз бен қара қылды қақ жарған әділ билеріміз артына өшпес ерлік пен даналық сөз қалдырған.

Қаз дауысты Қазыбек би

Біз қазақ деген мал баққан елміз,
Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.
Жау аяғына басылмаған елміз,
Басымыздан сөз асырмаған елміз.

Төле би

Бір үйдің баласы болма — көп үйдің санасы бол.
Бір үйдің атасы болма — бір елдің данасы бол.

Әйтеке би

Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін,
Батыр болсаң жауыңа найзаң тисін.
Бай болып еліңе пайдаң тимесе,
Батыр болып жауыңа найзаң тимесе —
Елден бөлек үйің күйсін.

Ән

«Желтоқсан желі»

Көрініс: Қайраттың қамауға алынуы

Сахна нұсқауы

Үш оқушы ортаға шығады. Қалған оқушылар алаңға шеруге бет алады.

Қайрат

Мен қазақпын.

Автор

Жастар өз ойларын ашық айту үшін алаңға бет бұрды.

Ләззат

Біз қазақпыз! Қазақ елі жасасын!

Милиционер

Кімдер көшеде кезіп жүр? Атыңдар!

Автор

Көшеде жүрген Ләззатты соққыға жығып, Қайратты қамауға алып кетеді.

Тергеуші

Сен мойындайсың ба, жоқ па?

Қайрат

Жоқ. Мен ешкімге ұрынған жоқпын. Тиіспеңдер маған.

Тергеуші

Кісі өліміне қатысың бар.

Автор

Қайратты соғып, қайта қамауға алып кетеді. Әбден шаршаған Қайрат әке-шешесін ойлап, ақ параққа қол қояды.

Қайрат

Қазақ деген атым бар.
Жиырма бірде жасым бар.
Қазақ деген қаным бар.
Қош, аман бол!

Ернат

Желтоқсан айын естісең —
Дауыл боп бұрқып ескенсің.
Азаттық күйі қашаннан
Көкейін елдің тескенсің.

Альбина

Жас арудың жанарында — Желтоқсан,
Қанды ғасыр табанында — Желтоқсан.
Қарлы өмір қайыстырған халқының
Қар тұман қабағында — Желтоқсан.

Тәуелсіздік шежіресі

  • 1991 жыл, 16 желтоқсан Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі туралы Конституциялық заң қабылданды.
  • 1992 жыл Қазақстан Республикасының Елтаңбасы, Әнұраны, Туы туралы заңдар қабылданды.
  • 1993 жыл Еліміздің тұңғыш Конституциясы қабылданды.
  • 1996 жыл Алматы қаласында Тәуелсіздік монументі ашылды.
  • 1997 жыл Тіл туралы заң қабылданды. Астана Ақмола қаласына көшірілді.
  • 1998 жыл Президент жарлығымен Ақмола қаласы «Астана» болып өзгертілді.
  • 1999 жыл Қазақ жерінде халық санағы жүргізілді.
  • 2001 жыл Тәуелсіз Қазақстан Республикасына 10 жыл толды.

Ән

«Қарабауыр қасқалдақ»

Би

«Ақ көгершін»

Ән

«Елім-ай»

Қорытынды ой

Гүлсім: Бабалар арманы мен балалар үміті үзілген жоқ. Бірлігі бекем, берекесі мол ел болуды көксеген арман жалғасып келеді. Кешегі Ахмет, Мағжан, Шәкәрім, Міржақып, Сәкен, Бейімбет сынды арыстардың аманаты — бүгінгі ұрпақтың рухани темірқазығы.

Негізгі түйін

Желтоқсан — ар-намыстың, еркіндікке ұмтылған рухтың, тәуелсіздік жолында құрбан болған боздақтардың мәңгілік символы.