Тілді жасаушы - халықтың өзі

Сабақтың тақырыбы

Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі.

Сабақтың мақсаттары

Білімділік мақсаты

Туған тілдің қадір-қасиетін ұғындыру және төменгі сыныптарда алған білімді түрлі тапсырмалар арқылы бекіту.

Дамытушылық мақсаты

Сөз байлығын және сөздік қорды молайту; ойлау мен байқағыштық қабілеттерді дамыту; өзіндік шығармашылық жұмыстарды орындауға, мәтінді қатесіз әрі ұқыпты талдауға үйрету.

Сабақтың сипаттамасы

Сабақтың түрі
Жаңа білім беру сабағы
Көрнекілігі
Тірек сызбалар, слайдтар, кестелер
Пәнаралық байланыс
Әдебиет, тарих, музыка

Сабақтың әдістері

  • Сұрақ-жауап
  • Салыстыру
  • Топтастыру
  • Сатылай кешенді талдау
  • Мәтінмен жұмыс, пікір айту

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылармен амандасу, түгендеу.
  • Топқа бөлу: әдебиетшілер, тілшілер, тарихшылар.

II. Өткенді пысықтау

Бұрынғы тақырыптар бойынша сұрақ-жауап жүргізіп, негізгі ұғымдарды нақтылау.

III. Жаңа сабақ

Біз қазақ тілінің түркі тілдер тобына жататынын білеміз. Ендеше халқымыздың жазба әдебиетінің тарихына назар аударайық. Түркі тілдеріне ортақ тарихи жазба мұралар негізінен үш дәуірді қамтиды.

Жаңа дәуірдің бастапқы кезеңінде ескі қазақ жазба тілі ретінде араб жазуы қолданылды. Белгілі кезеңдерде қазақ тілі қазіргі кириллицаға дейін төте жазу атауымен де танылған. Тарихтың әр тұсында араб және кейіннен латын графикасына ауысқан кезеңдер болды.

Ел дамуының негізгі міндеттерінің бірі ретінде Қазақстанның әлемнің дамыған елдері қатарынан орын алуы айтылған. Өркениетті елдердің қатарына қосылу үшін, ең алдымен, ана тіліміздің мәртебесін көтеру қажет екені анық.

Тіл туралы құқықтық негіз

  • 1989 жылғы 22 қыркүйек — Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақ КСР-інің Тіл туралы» заңын қабылдады. Осы күннен бастап бұл дата тіл мерекесі ретінде аталып келеді.
  • 1992 жыл және 1995 жылғы 30 тамыз — Конституциялық негіздерде Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі қазақ тілі болып бекітілді.
  • 1996 жыл — Тіл саясаты туралы тұжырымдама қабылданды.
  • 1997 жылғы 11 шілде — Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңы қабылданды.

Негізгі ой

Әр ұлттың өз тілі бар, ал тілді жасаушы — халықтың өзі. Сондықтан тіл халыққа қызмет етеді. Ана тілін қадірлемеген халықтың болашағы бұлыңғыр: өйткені ана тілінсіз ұлт мәдениеті мен ұлт әдебиеті толық қалыптаспайды.

Ата-бабамыздың адал қанымен тараған, анамыздың ақ сүтімен бойымызға сіңген ана тілімізді ардақтайық, қолдайық. Азаттығымыз, қазақтығымыз және қазақ тіліміз ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, мәңгі жасай берсін.

Қорытынды бағыт

Сабақтың қорытынды бөлімінде мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің қоғам өміріндегі қызмет ету алғышарттарымен танысып, тіл мәртебесін нығайтудың маңызын талқылау ұсынылады.