Бүтіндей ұлт пен ұлыстың көптілділікгі - социолингвистердің зерттеу нысаны боларлық күрделі құбылыс
Бәсекеге қабілетті қоғам құру негізінде көптілді тұлға қалыптастыру
«Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанмен — тарихтағы ең ұлы істің бірі». (К. Д. Ушинский)
Оқушының жеке тұлғасын, оның рухани әлемін, қабілеті мен ынтасын дамыту — бүгінгі күннің негізгі міндеттерінің бірі. Ел Президенті Н. Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз елімізде әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметіне қол жеткізуге тиіспіз», — деп атап өткен болатын. Демек, бүгінгі мұғалімнің алдында көптілді, бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру міндеті тұр.
Көптілділік ұғымы: мультилингвизм және полилингвизм
Көптілділік (мультилингвизм, полилингвизм) — нақты коммуникативтік жағдайдың ықпалымен белгілі бір әлеуметтік ортада, мемлекетте бір мезгілде үш және одан да көп тілде сөйлей алу қабілеті. Бұл құбылыс: жеке адамның көптілділігі және ұлт пен ұлыстың көптілділігі болып екіге бөлінеді.
Жеке адамның көптілділігі
Жеке тұлғаның бірнеше тілді меңгеру деңгейі оның өмір сүрген тілдік ортасына, әлеуметтік және мәдени тәжірибесіне, білім алу мүмкіндіктеріне, күнделікті тұрмыс-тіршілігіне байланысты қалыптасады.
Ұлт пен ұлыстың көптілділігі
Бүтін бір халық аясындағы көптілділік — социолингвистикалық тұрғыдан күрделі құбылыс. Мұнда тілдердің қоғамдық қызметі, беделі және қолданылу салалары иерархиялық жүйе құрайды.
Ұлттық құрамы біртекті, бір ғана этнос мекендейтін мемлекеттерде көптілділік сирек кездеседі. Алайда соңғы жылдары шет тілдерін меңгеруге басымдық берілуіне байланысты қазақ қоғамында да көптілділік кеңейіп келеді.
Жаппай көптілділік жағдайындағы тілдердің қолданылу иерархиясы
Жаппай көптілділік жағдайында коммуникативтік формалар (диалектілер, түрлі жаргондар, жеке тілдер) қолданылудың күрделі иерархиясын қалыптастырады. Мысалы:
-
1
Тар локалды шағын топ ішіндегі қатынас (үйішілік тіл).
-
2
Топаралық, тұрмыспен байланысты локалды қатынас құралы (мысалы, Азия мен Африканың көпұлтты елдеріндегі «базар» тілі).
-
3
Билік жүргізетін әкімшілік (немесе үстем ұлт) тілі.
-
4
Көпұлтты аймақтың ресми тілі.
-
5
Мемлекеттік тіл (немесе халықаралық байланыс тілі).
Алғашқы екі деңгей көбіне ресми қатынас құралы емес, ауызекі сөйлеу аясында қызмет етеді. Соңғы үш деңгейдің қызметі ауқымды: олар жалпы халыққа ортақ қарым-қатынас құралына айналып, білім мен ғылымның, ақпарат пен баспасөздің, әдебиет пен мәдениеттің тілдік негізін құрайды.
Көптілділіктің алғышарттары және тілдің ұлттық мәні
Көптілділік көбіне билингвизмнен (қостілділіктен) бастау алады. Оның қалыптасуында тілдің қоғамдық қолданыс аясының кеңдігі, қажеттіліктің туындауы, сондай-ақ тілдердің туыстығы (генетикалық және типологиялық жақындығы) маңызды рөл атқарады.
Тіл — ұлт рухының өзегі
Халқымыз ежелден тіл абыройын биік қойған. Тіл көбіне «адамдар арасындағы қарым-қатынас құралы» деп қысқа анықталғанымен, шын мәнінде ол бұдан әлдеқайда кең ұғым: тіл белгілі бір ұлттың ұлттық санасын, тарихын, әдет-ғұрпын, мәдениетін тұтастай бойына жинақтайды. Сондықтан тіл — кез келген халықтың тағдыры мен тәрбиесінің, болмысы мен бітімінің баға жетпес қазынасы.
Үштұғырлы тіл және қазіргі заман талабы
Бүгінгі таңда елімізде көптілділік мәселесі өзектілігін арттырып отыр. Осыған байланысты Елбасы тілдердің үштұғырлылығы идеясын күн тәртібіне енгізді. Бұл — Қазақстан үшін ғана емес, жаһандану үдерісі күшейген қазіргі әлем үшін де маңызды бағыт, өйткені ақпараттық қоғам мен цифрлық кеңістікке шығу бірнеше тілді меңгеруді талап етеді.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халықтары Ассамблеясының XII сессиясында: «Қазақстандықтардың жас ұрпағы кем дегенде үш тілді білуі тиіс: қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгеруі қажет», — деп атап өтті. Сонымен бірге Еуропада мектеп түлектері мен студенттердің бірнеше тілде еркін сөйлесуі қалыпты жағдайға айналғанын айтты.
Қорытындылай айтқанда, кемінде үш тілді меңгеру — бүгінгі заман сұранысына айналған қажеттіліктердің бірі. Бұл міндет білім беру жүйесінің мазмұны мен әдістемесін жаңғыртуды, ал мұғалімнен кәсіби жауапкершілік пен үздіксіз ізденісті талап етеді.