Құтты болсын Наурыз тойы, Құтты болсын жаңа жыл

Сабақ тақырыбы

Наурыз келсе — құт келгені, халайық!

Сабақ мақсаты

  • Қазақтың салт-дәстүрлері туралы білімдерін кеңейту.
  • Сөйлеу шеберлігін жетілдіру.
  • Мәнерлеп оқуға дағдыландыру.
  • Сахналау өнеріне баулу.
  • Балаларды ұлттық салт-дәстүр үлгісінде тәрбиелеу.

Көрнекілігі

Сахна мерекеге сай безендіріледі: қабырға газеттері, нақыл сөздер, ұлттық нақыштағы атрибуттар.

Сахна безендіруі

Мерекелік көрініс, ұлттық өрнек.

Қабырға газеттері

Наурыз туралы дерек, сурет, өлең.

Нақыл сөздер

Тәрбие мен бірлікке үндейтін ойлар.

Мерекелік ашылу жыры

Төрт шумақтан тұратын кіріспе сөз (өлең түрінде).

1) О, жарандар, жарандар!
Бәрің мұнда қараңдар.
Наурыз тойы басталды,
Текке қарап тұрмаңдар.

2) Әуелесін армандар,
Үміті от боп жанғандар.
Бақ дарып, Қызыр қонсын,
Мерекеден қалмаңдар.

3) О, жарандар, жарандар,
Тамашадан қалмаңдар.
Құс қанатты көңілмен
Жер әлемді шарлаңдар.

4) Оятып шың мен асқарды,
Ерітіп мұз бен ақ қарды.
Нұрландырған даланы —
Наурыз, көктем басталды!

Сахналық ескертпе

  • Өлең басталар алдында төрт жігіт сахнаға шығып сөйлейді.
  • Соңында төртеуі бірге: «Наурыз мерекесі баршаңызға құт-береке әкелсін!» дейді.

Жүргізушілер сөзі

1-жүргізуші

Құттықтау

Ассалаумағалейкум, барша халық! Қартқа құрмет, жасқа — шабыт. Наурыздың салты — осылай. Ей, адамдар, бауырлар, келіңдер, бас қосайық!

Құрметті халайық! Наурыз мерекесіне арналған ойын-сауық кешімізге қош келдіңіздер! Мерекелеріңіз құтты болсын!

«Әке тұрып ұл сөйлегеннен без, шеше тұрып қыз сөйлегеннен без» демекші, алдымен үлкендерге сөз берейік!

Сөз кезегі

Мектеп директоры Мәмбетов Әлішер ағайға құттықтау сөз беріледі.

2-жүргізуші

Мағына

Көктем сайын арда еткен Ана-Күнді думанмен қарсы алайық. Наурыздың салты — осылай. Ей, адамдар, туыстарша тойлайық Жаңа жылды!

Наурыз — ән-күй, би, достық пен ынтымақ мерекесі. Бұл күні алдағы күндерге арналып ізгі ой, арман-мақсат айтылып, ақ тілектер тіленеді.

Көңілді көрініс: Қожанасыр мен Алдар көсе

Сахнаға қалжыңдасып, бірін-бірі итеріп шығады.

Диалог

Қожанасыр: Ассалаумағалейкум, халайық! Алдар көсені көрмедіңдер ме? Мені алдап кетті. Қайда жүр екен? Қазір кездессін бәлем! Алдар! Алдар! Қайдасың? Менің жаңа шапанымды алдап киіп кетіпті.

Алдар көсе: Ей, Қожеке, не болды сонша айқайлап? Неге шақырдың? Өзің берген ғой сол шапанды.

Қожанасыр: Әкел шапанымды! Бер деймін шапанымды!

Жүргізуші: Қойыңыздар, ағалар, не болды сіздерге? Бүгін — мейрам, Ұлыстың ұлы күні. Бұл күні адамдар ренжіспейді. Ренжіскендер төс қағыстырып татуласады.

Алдар: Кешіріңіз, Қожеке. Келіңіз, татуласайық. Ренжімеңіз.

Қожанасыр: Татулассақ, татуласайық. Тойға құтты болсын айтайық!

Қожанасыр:
Арайы бар даланың, амансың ба, жаңа күн!
Сәлем, халқым, тірегім, сендермен бірге жүрегім.
Орындалсын ойларың, құтты болсын тойларың!

Алдар:
Сәлем, Наурыз күніміз, мейман парқын біліңіз!
Қыруар істі бастаймыз — қуанышты үніміз!
Қайтқан емес толайым, алдарыңа кеп тұрмын, айналайын ағайын!

Өнер бағдарламасы және дәстүр көріністері

«Тойға шашу»

Жүргізуші: Ендеше, әнші ағалар, мерекеде ән шырқап, өнерпаз өрендерге тамсанайық. Әселхан мен Гүлдананың орындауында «Тойға шашу» қабыл алыңыздар.

Кішкентай қыз:
Шашу, шашу шашайық,
Ән-думанға басайық.
Наурыз келді далама,
Жаңа жыл келді аулыма.

Сахналық әрекет: шашу шашылады.

Гүлназ:
Шашу шаштық — болсын деп аман халқым,
Болған соң мұндай дәстүр — жақсы салтым.
Шашуды тер — мол болсын деп несібелі,
Келер жылға жетсек деп аман-есен.

Би

Қазақ биі (бір топ бишілер орындайды).

Наурыз салтанатының мәні

Ұлттық дәстүр бойынша қалада да, далада да әр ұйым өз Наурыз салтанатын көрсетіп, ойын-сауық ұйымдастырады. Бұл — мұсылман қауымы үшін де аса маңызды, қуанышты мереке. Көркем безендірілген қазақы үйлер, сәулетті салт-дәстүр көріністері, қызықты ойындар ұсынылады.

Тұсаукесер

«Тұсауыңды кесейін, күрмеуіңді шешейін» — сәби қаз тұрғаннан кейін тез жүріп кетсін деген ниетпен жасалатын ғұрып әрі ырым. Тұсаукесер көрінісін тамашалаңыздар.

Тұсаукесерден кейін: тамақ тарту рәсімі.

Наурыз көже беру

Жиналған халыққа жыр маржаннан шашайық. Қарттардың батасын алып, Наурыз көже беру рәсімін жасайық.

Әндер мен билер

Жүргізуші:
Наурызым міне келді жайраңдаған,
Ынтымақ пен достық бір сайраңдаған.
Мол дастархан, ақ ниет, ырыс толған —
Көктемнің бұл күніне қайран қалам.

Ән

Ақбаланың орындауында «Гүлсің-ау» әні.

Жүргізуші:
Гүл жайнаған көктемде,
Гүлдеп сыйлық көп менде.
Әне, Ардақ келеді,
Қазір билеп береді.

Би

Ұйғыр биі.

Әзіл-сықақ

Наурыз — аңызға, қызық думан мен берекеге толы ай. Ендеше жігіттеріміздің әзіл-сықақ әңгімелерін тамашалайық.

Қызыр ата батасы

Ұлыстың ұлы күні — жаңа жыл. Наурыздың 21-інен 22-сіне қараған түні даланы Қызыр баба аралайды екен. «Жалғыз шала сәуле болмас» деп төрге шырақ жағылады.

Сахналық әрекет: 7 шырақ жағып, музыкамен 7 қыз шығып, сахнаны айналады. Ортаға Қызыр ата келеді.

Қызыр ата

Ал, балапандарым! Жарайсыңдар. «Атаның сөзі — ақылдың көзі» дегендей, ата салтын ұмытпай, ұлыс тойын өткізіп жатқандарың өте жақсы. Көсегелерің көгерсін, ырысымыз көп болсын деп, Наурыз тойына бата берейін.

Сахналық әрекет: бата беріледі.

Тілек

Халқымыз ежелден тұрақтылық пен бейбітшілікті, ел ішіндегі татулық пен бірлікті ерекше бағалаған. Келесі жылы да басымыз аман, жұртымыз тыныш, тұрмысымыз жайлы болсын, халайық!

Қорытынды ұран

Жасай берсін жаңа күн!
Туа берсін жаңа нұр!
Дүр сілкінсін дала бір!
Құтты болсын Наурыз тойы,
Құтты болсын жаңа жыл!

Бәрі бірге: «Көріскенше күн жарық болсын!»