Спорт түрлерін ата
Іс-шара туралы
Өтетін орны
Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Жанұзақ ауылы
Жауапты мұғалім
Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі: Мукантаева Нұргүл Қайратовна
Қатысушылар
Сайысқа қыздардан құралған екі топ қатысады.
Мақсаты
-
Салауатты өмір салтын насихаттау.
-
Оқушыларды шапшаңдыққа, ұқыптылыққа тәрбиелеу.
-
Ұйымшылдыққа баулу және командалық рухты күшейту.
Қажетті құрал-жабдықтар
Сайыс барысы
Кіріспе
Мұғалім: Әр сайысты әділдікпен бастайтын, туралықтан ешқашан таймайтын төрешілер алқасымен таныстыруға рұқсат етіңіздер. (Әділқазылар таныстырылады.)
Жүргізуші
Уа, халқым, назар аудар денсаулыққа, Өмірде бақыттысың денің сау болса. Денсаулық – терең бақыт деген сөзді Құр айтпаған Ұлы Абай данамыз да. Денің сау да күштісің бұл әлемде, Денің сау да сұлуың жер бетінде. Сол мықты денсаулықтың арқасында Жеңерсің ауыр заман тәлкегін де.
I кезең: «Сәлем берем халқыма» — таныстыру
Әр топ өз ұранын және төсбелгісін таныстырады.
Жүргізуші
Эстафета — кедергі балаларға, Қандай қызық құмартып қарағанда. Жігер керек досыңнан озу үшін, Жүгіргенде межелі араларға. Жүгіресің, секіріп, доп ойнайсың, Аяққа қапты киіп қорбаңдайсың. Зар қақтырмай сақина — шығыршықты, Мықты спортшы бола алмайсың.
II кезең: «Спорт — біздің досымыз» — спорттық эстафеталар
Қатысушылар белгіленген ретпен тапсырмаларды орындап, эстафетаны жалғастырады.
-
1
Белгіленген жерге дейін жүгіріп барып, кері қайту.
-
2
Аяққа қап киіп секіру.
-
3
Баскетбол добын жүргізу.
-
4
«Туннельден» өту.
-
5
Гимнастикалық төсеніште 1 рет алға домалау; белгіленген жерге дейін секіртпемен секіріп бару; төсенішке қайта келіп, артқа домалау.
Жүргізуші
Ұйқы басып, үйден ұзап шықпаған, Судан шошып, желден тоңып ықтаған, Салауатты өмір салтын ұқпаған — Болған емес денсаулығы мықты адам.
III кезең: «Денсаулық — зор байлық» — сұрақ-жауап
Мұғалім спорт және денсаулыққа қатысты сұрақтар қояды. Қатысушылар жылдам әрі нақты жауап беруге тырысады.
-
Қазақстанның танымал спортшыларын ата.
-
Шахмат ойынында қанша фигура бар?
-
VII Азия ойындарының ұраны қандай?
-
Биатлон деген не?
-
Ұлттық ойын түрлерін ата.
-
Баскетболда бір командада қанша ойыншы болуы керек?
-
Спорт тілінде қол күрес қалай аталады?
-
Қандай спорттық ойын түрлерін білесің?
-
Спорт түрлерін ата.
Жүргізуші
Орын алсын салауаттылық санаңда, Санаң болса пайда әкелер адамға. Ерте тұрып, шынық күнде ерінбей, Бақыт бітер сонда басқан қадамға. Жақсы мен жамандықты салыстыр, Жақсы адам — жарқылдаған алмас бір. Шынығуды төзімділікпен жалғастыр.
IV кезең: Эстафетаны жалғастыру
Мұғалім: Ал, қыздар, демалып қалған шығарсыңдар! Спорттық эстафеталарды жалғастырайық.
-
1
Кіші доптарды қашықтықтан шелекке дәлдеп лақтыру.
-
2
Белгіленген жерге дейін жүгіріп барып, берілген есепті шығарып, кері қайту.
-
3
30 секунд ішінде секіртпемен секіру.
-
4
Допты екі аяқтың арасына қысып, секіріп барып-келу.
-
5
Теннис ракеткасымен допты түсірмей алып барып, қайта әкелу.
V кезең: «Жақсы кеңес — жан семіртеді» — жарнама
Әр топ үйден дайындап келген жарнамалық таныстырылымын көрсетеді.
Жүргізуші
Спорт деген азанда Алады да тұрғызып, Еріншектік аз онда Бастайды ойын бір қызық. Ары-бері жүгіртіп, Деміңді әсем алғызар. Тау суынан сіміртіп, Мейірімді қанғызар. Билетеді қарға да, Билетеді мұзға да, Шығарады жарға да, Шығарады құзға да. Тау сөйлесер тіл бітіп, Жеңсең бәрін биіктің. Тастан тасқа ырғытып, Лағындай киіктің. Атандырып балуан, Көтереді тоннаны. Өнері бар алуан — Спорттың нақ сол мәні. Аязда да тоңбайсың, Ыстыққа да күймейсің. Сергектікті қолдайсың, Жалқаулықты сүймейсің. Бақыт сенен қашпайды, Өнер сенен пайдалы. Жүректі май баспайды — Спорт соның айғағы. Айтсақ мәнін ұқтырып, Спорт деген — мықтылық.
VI кезең: Мақал-мәтелдер сайысы
Денсаулық пен спорт тақырыбындағы мақал-мәтелдерді кезекпен айту арқылы сайыс өткізіледі.
VII кезең: Үй тапсырмасы — спорттық би
«Спортпен достасқаның — күшіңе күш қосқаның» тақырыбында спорттық би сайысы ұйымдастырылады.
Қорытынды және марапаттау
Мұғалім: Қорытынды жасау үшін сөз кезегін әділқазылар алқасына береміз.
Әділқазылар қорытынды шығарып, қатысушылар мадақтамамен марапатталып, сыйлықтар табысталады.