Сабақ соңы

Сабақтың тақырыбы

«Сауысқанның ұясы» (ағылшын ертегісі)

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Әдеби-көркем шығарманы сүйіп оқуға, өз бетімен ізденуге, мәтін мазмұнын түсініп оқуға және талдай білуге үйрету.

Дамытушылық

Көркем сөз бен көркем ойды сөздік қорға тиімді енгізіп, соның нәтижесінде ауызша сөйлеу дағдылары мен жазба тілін жетілдіру; шығармашылық ізденіске баулу.

Тәрбиелік

Ұйымшылдыққа, ізденімпаздыққа тәрбиелеу; жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге бағыттау.

Сабақтың түрі

Аралас сабақ.

Сабақтың әдістері

Түсіндіру, әңгімелеу, талдау, ойландыру, жұптастыру, сұрақ қою, ой толғау.

Сабақтың барысы

1

Ұйымдастыру кезеңі

Оқушылар жұмбақтарды шешу арқылы 4 топқа бөлінеді.

Жұмбақ 1

Көлдің көркі, сәні екен.
Ұшқанда сазды ән екен,
Ақындар оны мақтаған,
Адамдар қорғап сақтаған.
Бұл қандай құс?

Жауабы: Аққу

Жұмбақ 2

Орманда жоғары,
Ағашқа қонады.
Тұмсығын балға қып,
Тоқ-тоқ соғады.
Жауабы: Тоқылдақ

Жұмбақ 3

Түсі қара мақпалдай,
Төсі ақ сыр жаққандай.
Ұшса оқтай зулайды,
Көктен жұлдыз аққандай.
Жауабы: Қарлығаш

Жұмбақ 4

Бейбітшілік құсы менмін, көгершін,
Жер жүзінде бейбіт еңбек көгерсін.
Аспан тұнық, шат көңілді болайық,
Ақ ниетті абзал жандар көбейсін.
Жауабы: Көгершін

Мақал-мәтелдер арқылы ой түю

  • Жұмыла көтерген жүк жеңіл.
  • Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адас.

Бұл мақалдар халықтың топтық іс-әрекеттің нәтижелі болуы бірлікке байланысты екенін ертеден-ақ дәлелдегенін көрсетеді. Сондықтан олардың бүгінгі сабаққа да қатысы бар.

2

Жаңа сабақ

Ой қозғау: жұмбақ

Өзі сақ, өзі ұсақ,
Шықылықтап тынбайды.
Құйрығы ұзын, өзі ала,
Бұл қандай құс?

Жауабы: Сауысқан

Сауысқан туралы қысқаша мағлұмат

  • Сауысқан — сақ құс; оны кейде «хабаршы құс» деп те атайды.
  • Ұсақ құстарға төнген қауіпті сезсе, оларды шықылықтап ескертеді.
  • Ертеде үй маңына сауысқан келіп шықылықтаса, қонақ келеді деп ырымдаған.
  • Жылтыр заттарға құмар: ұясынан алтын, моншақ және басқа да ұсақ бағалы заттар табылуы мүмкін.
  • Кейде басқа құстардың жұмыртқаларын ұрлап жейді.

Мәтінмен жұмыс

  1. 1 Әр топ мәтінді оқып, түсінбеген сөздерді белгілеп отырады.
  2. 2 Мәтінді талдап, бөліктерге бөліп, әр бөлікке атау қояды.
  3. 3 Бір оқушы мәтін мазмұнын баяндап береді.

Сөздік жұмысы (топтарға бөлініс)

1-топ: «Білгір сауысқан»

Шала
— толық емес, жетілмеген.
Білгір
— көп білетін, тәжірибелі.

2-топ: «Сауысқанға көмек»

Жаһан
— әлем, дүние.
Қолқа салу
— өтіну, жәрдем сұрау.

3-топ: «Сауысқанның менмендігі»

Қайқаңдату
— паңданып, кердеңдеп жүру.

4-топ: «Сиықсыз ұя»

Мезі
— жалықтырған, ығыр қылған.
Сиықсыз
— көріксіз, ұсқынсыз, қиюы келіспеген.

Кейіпкерге сипаттама

Ертегідегі сауысқан:

  • өзін асқан білгір санайды;
  • басқа құстардан көмек сұрайды;
  • әрі-бері секеңдеп, даурығып жүреді;
  • соған қарамастан, әлі күнге дейін ұя салуды толық меңгермеген.

Сергіту сәті

Ассоциация әдісі арқылы шағын ой сергіту ұйымдастырылады.

Топтық тапсырмалар

1-топ

Сауысқанның әрекетіне баға беріп, өз ойларын эссе түрінде жазу.

2-топ

Ертегіден қандай ой түйдің? Жақсы және жаман жақтарын жазу.

3-топ

Сауысқанның менмендігі мен өзімшілдігі қандай сөздер арқылы берілген? Сонымен бірге сауысқанның ұясын сурет арқылы бейнелеу.

4-топ

Ертегідегі басқа құстарды атау және олар туралы білетін ақпаратпен бөлісу.

Ситуациялық сұрақтар

  • Сен сауысқанның орнында болсаң, не істер едің?
  • Сиықсыз, қисық ұяда тұрар ма едің?

Қорытынды

«Не үйрендік, не білдік?» сұрағы бойынша талқылау жүргізіледі. Оқушылар бүгінгі тақырыпқа сүйене отырып, сәйкес мақал-мәтелдер айтады.

Топтық сайыс: «Қай топ шапшаң?»

Мақал айту сайысы ұйымдастырылады.

Рефлексия: жағымсыз қылық

Оқушылар бір қағазға сауысқан бойындағы жағымсыз қылықтарды жазады. Жағымсыз қылықтан аулақ болу үшін, бұл қағазды тастау ұсынылады.

Рефлексия: жағымды қасиет

Екінші қағазға сауысқанның жағымды жақтарын жазады. Жақсы қасиеттерді өз бойына сіңіру мақсатында, бұл қағазды сақтап қояды.

Бағалау

Алдымен топ басшылары өз топтарын бағалайды. Соңында мұғалімнің қорытынды бағасы тыңдалады.

Үй тапсырмасы

  • Сабақ ұнады ма? Несімен ұнады?
  • Саған жаңалық болған қандай мәлімет бар?
  • Болашақ өмірде қолдануға пайдалы қандай білім алдың?

Сабақ аяқталды.