Топырақтың негізгі қасиеттерін ата

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Сәлемдесу, психологиялық дайындық.
  • «Білім ағашынан алма теру» арқылы сыныпты 4 топқа бөлу.

II. Үй тапсырмасын тексеру

  • «Өсімдікке су керек» тақырыбындағы мәтін мазмұнын 2–3 оқушыдан сұрау.
  • Дарынды оқушылардың дайындаған таныстырылымдарын қорғауға уақыт беру.

III. «Бірге ойлаймыз»: сәйкестендіру тапсырмасы

1-топ: Өсімдікті неге тірі ағза деп атайды?

Өсімдік — тірі ағза: қоректенеді, өседі, қурайды, көбейеді, тыныс алады.

2-топ: Өсімдіктің қандай пайдасы бар?

Өсімдік береді: сусын, емдік өнімдер, таза ауа, тағам, жеміс, дәрілік шикізат, қағаз/кітап.

3-топ: Жапырақтың қызметі қандай?

Жапырақ суды буландырады, ауаны тазартады, көмірқышқыл газын сіңіріп, оттегін бөледі, қоректік заттардың түзілуіне қатысады, өсімдік жапырақ арқылы тыныс алады.

4-топ: Өсімдік қалай көбейеді?

Өсімдік тұқымнан және вегетативті жолмен (тамыр, сабақ, жапырақ арқылы) көбейеді. Көбеюге гүл мен жеміс те қатысады.

Жаңа тақырып: Өсімдікке топырақ керек

Өсімдік өзіне қажет қоректік заттарды топырақтан алады. Сондықтан құнарлы топырағы бар жерде өсімдік көп өседі және тез дамиды.

Топырақтың құнарлылығын адамдар тыңайтқыш қосу арқылы арттыра алады. Өсімдікке тек топырақ қана емес, сондай-ақ ауа, жарық және жылу да қажет.

Маңызды түсінік

Өсімдік ауаны тамыры арқылы да, жапырағы арқылы да алады. Сондықтан топырақты қопсытып отыру пайдалы: тығыз топырақ ауаны нашар өткізеді.

Көктемде күн жылуы жеткілікті болғандықтан өсімдіктер өсе бастайды. Көктем мен жаз — өсімдіктің өсуіне ең қолайлы мезгілдер.

«Миға шабуыл» сұрақтары

Топырақ деген не?

Топырақ — жердің өсімдік өсетін құнарлы үстіңгі қабаты.

Топырақтың негізгі қасиеттері қандай?

Топырақта шірінді (қарашірік) неғұрлым көп болса, соғұрлым ол құнарлы болады және өсімдік жақсы өседі. Топырақтың ең басты қасиеті — құнарлылығы.

Мәтінмен жұмыс және тәжірибе

  • Мұғалім мәтінді оқып, мазмұнын түсіндіреді.
  • Оқушылар мәтінді жеке және тізбектей оқиды.
  • Электрондық оқулықтан тәжірибе жасау қадамдарын тыңдайды.
  • Тәжірибе алдында қауіпсіздік ережелері түсіндіріледі.
  • Оқушылар тәжірибені жасап, нәтижені өз көзімен көріп, қорытынды шығарады.

Топырақ түрлерімен танысу

Қара топырақ

Қара топырақ орманды-дала және дала белдемдерінде көпжылдық шөптесін өсімдіктердің астында, негізінен лөсті борпылдақ жыныстарда түзілетін аса құнарлы топырақ. Қабаты қалың (шамамен 20–40 см), ал құрамындағы қарашірік 4–12%, кейде одан да көп болуы мүмкін.

Түйін

Қарашірік көп болған сайын — топырақ құнарлы.

Сор топырақ

Сор топырақ орманды-дала, шөлейт және шөл аймақтарындағы құрғақ климат жағдайында топырақтың тұздануы нәтижесінде қалыптасады. Оның құрамында суға тез еритін тұздар көп болады.

Тұздардың топырақта жиналуы ыза суының тұздылығына, топырақ құраушы жыныстардың қасиеттеріне, сондай-ақ тұздардың топырақ қабаттарында шоғырлануына байланысты. Тұздар көбіне тау жыныстарының бұзылуынан еріген күйде пайда болады, ал кейбірі жанартау шөгінділерінен де кездеседі.

Топтық жұмыс: «Ойлан, бірік, талқыла»

1-топ

Топырақ неліктен бұзылады?

2-топ

Топырақты қорғау үшін не істеу керек?

3-топ

Топырақтың құрамына нелер жатады?

4-топ

Топырақтың қандай түрлерін білеміз?

Қимыл-қозғалыс ойыны: «Құм, тас, су»

Ойын шарты

  • «Құм» дегенде оқушылар әр жерге шашырап отырады.
  • «Тас» дегенде қолымен мүсін жасап, қатып қалады.
  • «Су» дегенде толқын секілді қозғалады.

«Даналық қоржыны» әдісі

Оқушылар өздері сұрақ құрастырып, оны «Даналық қоржынына» салады. Кейін оқушылар сұрақтарды кезекпен суырып, жауап береді және жауаптарын толықтырады.

Бағалау және қорытынды

Оқушылар бағалау парағы арқылы өзін-өзі бағалайды.

Сабақ қорытындыланып, үй тапсырмасы беріледі.