Баласына бар қамқорлық жасайды ана, Мен ананың сонысына мақтанам
Тәрбие сағаты: «Анам менің – өмірдегі тірегім»
Қазақ халқы қашан да ананы құрмет тұтқан. «Жұмақ ананың аяғының астында», «Анаңды үш рет Меккеге арқалап апарсаң да, парызыңнан құтылмайсың» деген сөздердің өзі ананың қоғамдағы орнын айқын көрсетеді. Ана... Әрбір адам осы қасиетті сөзді естіген сәтте-ақ жүрегі елжірейді.
Негізгі ой
Ана – өмірдің гүлі, отбасының берекесі, адамзаттың тәрбиешісі.
Құндылық
Құрмет, мейірім, ризашылық, жауапкершілік.
Үндеу
Ананы қастерлеу – әрбір перзенттің парызы.
Көктемгі күндей құлпырып жүрген аналар мен ұстаздар, мерекелеріңіз құтты болсын!
Хор
«Құттықтаймын, ана, туған күніңмен!»
Ана туралы ойлар мен өлең жолдары
Баланың жүрегіне адамгершіліктің алғашқы дәнін себетін де, өмірге бағыт беретін де — ана. Төмендегі жолдарда оқушылар анаға деген алғыс пен құрметті жыр жолымен жеткізеді.
1-оқушы
Өмірдің иесі сен, ғазиз Ана,
Келтірген дүниеге небір дана.
Анасыз батыр да жоқ, ақын да жоқ,
Өмірдің алтын кілті — сонда ғана.
Көктем табиғатымен үндес жылылық пен шексіз мейірімнің иесі — Ана.
2-оқушы
Хадистерде де ананы құрметтеу — ең алдыменгі парыз екені айтылады: «Әуелі анаңа, тағы да анаңа, содан соң әкеңе жақсылық жаса». «Егер атаң мен анаң бір мезгілде үн қатса, әуелі анаңа жауап бер» деген ұлағат бар.
Ер жеткізіп, елге берген баласын —
Ақылдысың, ардақтысың, данасың.
Қарайтыным қас-қабағың бір сенің,
Қайратыңнан қайта көрме, анашым.
3-оқушы
«Ана» — жарық дүниедегі ең жақын жан, қамқоршы, жанашыр. Ақ сүтін беріп, аялап өсірген ардақты.
Ана — жүрек, жүректі құдірет те.
Ана — тірек, тіректі сен құрметте.
Ана — шыңың, шыңыңа сағынып жет.
Ана — күнің, күніңе табынып өт.
4-оқушы
Әдептілік пен жан сұлулығы — ананың жүрек жылуынан басталады. Баланың бойындағы ең жақсы қасиеттер ең алдымен анадан тарайды. Ананың нәзік үні, жұмсақ алақаны, жан жылуы бізді әлдилеп, жұбатады.
Мерекеңіз құтты болсын, анажаным,
Өзіңменен атып келеді әрбір таңым.
Өмірде сенен асқан жан бар ма екен,
Алтын анам, аяулы менің ақ мамам.
Хор
«Ана туралы жыр»
5-оқушы
Баласы үшін ана бармайтын қиындық бар ма? Ана болу — бүкіл ғұмырға жететін рухани күш пен ерен еңбек. Баласын бағып-қағуда ана өз-өзін ұмытып, бар жігерін жұмсайды; осының бәрі оның жанын байытып, мейірімін нәрлендіреді.
Мына өмірде бақыт жоқ қой мен білсем,
Анашымның еркелеткен сөзінен.
«Еркем, күнім» деп қана күліп жүрсең,
Бұдан өзге бақыт жоқ қой мен білсем.
6-оқушы
Ананы барынша құрметтеп, сыйлау — әрбір баланың парызы. Ана жан-жағына шуағын төгіп, сол нұрмен бізді жылытатын асыл жан. Ендеше, алтын ананы мәңгі қастерлеп, еңбегін бағалай білейік.
Анам менің — өмірдегі тірегім,
Анам менің — кеудемдегі жүрегім.
Егер менің қасымда сен болмасаң,
Бұл өмірде қалай ғана жүремін?
7-оқушы
Ананың көзінен нұр төгіліп, айналасына шуағын шашады. Сол шуақпен жылынып жүрген біз ананың еңбегін бағалап өтейік.
Ұрпаққа бақыт сыйлаған,
Тілейтұғын сырттай жүріп бақ саған.
Тіршіліктің тынысы мен ажары —
Ақ анашым, әрқашан да бол аман!
Халық әні
«Еркем-ай»
8-оқушы
Аналар — киелі топырақтан өнген ғажап гүлдердей. Даналық дарыған олардың жан сарайын таныған сайын күндіз-түнін шуаққа бөлейтін мейіріміне қайран қаласың.
Шырылдап дүние есігін мен ашқанда,
Қасымда болдың алғаш сен, анашым.
Ақ сүтіңнен мен алғаш дәм татқанда,
Мейіріммен әлдиледің баласын.
9-оқушы
Баласы үшін «жарғақ құлағы жастыққа тимейтін» мейірбан анадай жан бар ма? Ананың ақ пейілі — жаратылыстағы ең адал әрі пәк сезім.
Жан көрмедім мейірімді сенен асқан,
Күлімдесе жүзінен арай шашқан.
Баласына бар қамқорлық жасайды ана,
Мен ананың сонысына мақтанам.
10-оқушы
Ананың шынайылығын, ыстық ықыласын, жүрегіндегі сүйіспеншілікті тілмен айтып жеткізу қиын.
Мына әлем, әдемі гүл сұлу емес өзіңсіз,
Жарық берер алтын күн де сен болмаса көңілсіз.
Ана барда қуанасың, сайран салып жүгіріп,
Анаң жоқта отырасың тым үнсіз.
Күй
«Айжан қыз»
11-оқушы
Адам болып қалыптасқанша өмірдің әр кезеңінде ана жанымыздан табылады: мәпелеп өсіреді, мұңайсақ — бірге қайғырады, кимегенін баласына кигізіп, жемегенін аузына тосады.
Қамқоршысыз, бәрімізге панасыз,
Ауырғанда қасымызда боласыз.
Қанша байлық тұрса-дағы алдымда,
Бұл әлемде мен үшін сіз дарасыз.
12-оқушы
«Бала атқа мінсе, анасы тақымын қысады» — ананың жүрегі баласы үшін әрдайым алаң. Баласының амандығы үшін ештеңеден аянбайды. Ой-өрісіміздің кеңеюіне дәнекер болған алғашқы ұстазымыз да — аналар.
Арманыңды ақтармын ба, жүрегімді тербесем,
Айға сіңлі, қарындассың қасиетті жерге сен.
Мен өзіңді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем,
Сендік қуат мың есе артық жердің тарту күшінен.
13-оқушы
Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербететін ананың еңбегін өтеу мүмкін емес. Бірақ оның есімін ұлықтап, құрмет көрсету — перзенттің парызы. Ананың орнын ешкім баса алмайды.
Сұлу әлем, әлем сұлу сен жаратқан адаммен,
Көк жолының қарсылығын қағып тастап барам мен.
Сендік қуат болар бәлкім басын идірер көк маған,
Әр кез сенен туғанымды есіме алсам тоқтаман.
14-оқушы
Ана, ана, ана! Үш әріптен құралған осы қасиетті сөздің астарында қаншама ұлы сезім жатыр. Жақсылық атаулының бәрі де ананың ақ сүтінен нәр алады.
Аяулы да алтын нұрлы анашым,
Жүрегіммен мәңгі бірге боласың.
Сен — асқарсың, сен — аспансың, биіксің,
Сен — дарқансың, сен — жомартсың, данасың.
Ән
«Ақ мамам»
15-оқушы
Адамзат қуат алар ақ сүтіңнен,
Мәпелеп, әлдилеген пейілің кең.
Аналық махаббатың — кәусар бұлақ,
Сөнбейтін ақ жүрегің — мәңгі шырақ.
Адам «адам» болғысы келсе, алдымен ананы қастерлей білуі керек. Өмірде ана алақанының қызуын да, ата-ана мейірімін де ешбір байлық алмастыра алмайды.
16-оқушы
Анаңды қалай сыйласаң, өз балаңның анасын да солай сыйла. Барлық әйел затына, тіпті жас нәресте қызға да құрмет көрсетіп, қолдан келгенше қамқор бол.
Ардақты ана, аяулы ана, қымбаттым,
Тәтті ұйқыңды бөліп талай түн қаттың.
Өміріме нәрің берді ақ сүтің,
Кең құшағың — аясындай гүл бақтың.
Қорытынды
Келесі бөлімде аналарға арналған ән шашу ұсынылып, оқушылардың өнері тамашаланады. Құрметті аналар, ешқашан қартаймаңыздар, көктемгі гүлдей құлпырып жүріңіздер. Осымен аналарға арналған тәрбие сағатымыз аяқталады.