Абай өлеңдерін мәнерлеп оқу

Ұлы – Абай, дана – Абай, дара – Абай

Бұл тәрбиелік шараның мақсаты – ұлы ақынның даналық сөздерін талдап, мағынасына терең үңілу, жадымызда сақтау және оның парасатты ой иесі екенін дәлелдей отырып насихаттау. Сонымен қатар, шәкірттерге Абайдың ел бірлігі, ұрпақ келешегі, адам жанының рухани тазалығы туралы ой-толғауларын сезіндіре отырып, оларды отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа және адамдық асыл қасиеттерге тәрбиелеу.

Жоспар

  1. Абай өміріне шолу
  2. Жыл мезгілдеріне саяхат
  3. Көрініс: «Бала Абай»
  4. Ескірмейтін есті сөз
  5. Бес асыл іс, бес дұшпан
  6. Абай өлеңдерін мәнерлеп оқу

Шараның жүру барысы

Құрметті ұстаздар, ата-аналар, оқушылар! Сіздерге зор денсаулық пен молшылық тілей отырып, бүгін 4 «Г» сыныбында «Ұлы – Абай, дана – Абай, дара – Абай» атты тәрбиелік шарамызды ашық деп жариялаймыз.

1-бөлім. Абай өміріне шолу

Балалар, Абай атамыз туралы не білеміз? Еске түсірейік.

Топтастыру тапсырмасы

Енді мына суретке назар аударайық. Суретте кімдер бейнеленген?

2-бөлім. Жыл мезгілдеріне саяхат

Жыл мезгілдерін кім атап береді? Қазір жылдың қай мезгілі?

Өлеңнің шығу тарихынан

Ақынның шығармашылыққа еркін араласқан кезеңі – 1860 жылдар. Ол тұста Абай өлеңдерін өзге аттармен жариялаған. Тек 1886 жылы «Жаз» өлеңінен бастап шығармаларын өз есімімен жариялай бастайды.

Жүргізуші

«Үсті-басы – ақ қырау, түсі суық,
Басқан жері сықырлап, келіп қалды…»
Бұл қай өлеңнен алынған үзінді?

Ендеше, ортамызға Қыс мезгілін шақырамыз.

1-оқушы. «Қыс»

Өлең оқу

Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,

Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.

Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,

Басқан жері сықырлап, келіп қалды.

Дем алысы – үскірік, аяз бен қар,

Кәрі құдаң – қыс келіп, әлек салды.

Ұшпадай бөркін киген оқшырайтып,

Аязбенен қызарып ажарланды.

Бұлттай қасы жауып екі көзін,

Басын сіліксе, қар жауып, мазаңды алды.

Борандай бұрқ-сарқ етіп долданғанда,

Алты қанат ақ орда үй шайқалды.

Жүргізуші

«Жазғытұры қалмайды қыстың сызы,
Масатыдай құлпырар жердің жүзі.
Жан-жануар, адамзат анталаса,
Ата-анадай елжірер күннің көзі…»
Бұл қай өлеңнен алынған үзінді?

Ендеше, ортамызға Көктем мезгілін шақырамыз.

2-оқушы. «Жазғытұры»

Өлең оқу

Жазғытұры қалмайды қыстың сызы,

Масатыдай құлпырар жердің жүзі.

Жан-жануар, адамзат анталаса,

Ата-анадай елжірер күннің көзі.

Жаздың көркі енеді жыл құсымен,

Жайраңдасып жас күлер құрбысымен.

Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал,

Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен.

Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,

Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып.

Шаруа қуған жастардың мойыны босап,

Сыбырласып, сырласып, мауқын басып.

Түйе боздап, қой қоздап – қора да шу,

Көбелекпен, құспенен сай да ду-ду.

Гүл мен ағаш майысып қарағанда,

Сыбдыр қағып, бұраңдап ағады су.