Себетте алма, алма арасында ермексаздан жасалған кірпі

Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті (ҰОІӘ) жоспары

Тақырыбы: «Кірпімен танысу»

Бұл жоспар балалардың тілін дамытуға, қоршаған ортамен таныстыруға және шығармашылық қабілеттерін арттыруға бағытталған. Ойын арқылы кірпінің тіршілігімен танысып, оған қамқорлық жасау құндылықтары нығайтылады.

Білім салалары мен оқу іс-әрекеті бағыттары

  • Қатынас: тіл дамыту
  • Шығармашылық: жапсыру
  • Таным: қоршаған ортамен танысу
  • Таным: ҚМҰҚ

Мақсаты

Дамытушылық

Балалардың тілін, ойлау қабілетін және есте сақтауын дамыту.

Танымдық

Кірпінің тіршілігімен таныстыру, басқа аңдардан ерекшелігін түсіндіру.

Тәрбиелік

Жануарларға қамқорлық жасауға, күтіп-баптауға тәрбиелеу.

ҰОІӘ барысы

1) Кіріспе жағдай

Тәрбиеші: «Балалар, бүгін таңертең топқа келсем, үстел үстінде мына себет тұр екен. Ішінде не бар екенін білмеймін. Ашпас бұрын, жұмбақ шешіп көрейік».

Жұмбақ (Диас)

Үстім ине, тікенек,
Қол тигізе алмайды.
Үстім ине, тікенек,
Жақсы көрем алманы.

Себеттен алмалар көрінеді, алма арасынан ермексаздан жасалған кірпі табылады. Кірпі көрсетіліп, сурет арқылы оның тіршілігі, басқа аңдардан ерекшелігі түсіндіріледі.

«Күн салқындап кетті. Кірпі тоңып тұр, қарны да аш болуы мүмкін. Біз оған көмектесіп, көңілін көтерейік».

2) Тақпақтар

Ислам

Добым, добым, домалақ,
Қайда кеттің домалап?
Секіртейін, келе ғой,
Маған билеп бере ғой.

Алдияр

Күзім-ау, күзім-ау,
Мінезің бұзық-ау.
Жаңбырың сіркіреп,
Кетері сызып-ау.

Асхат

Сап-сары жапырақ,
Иіліп тұр қалтырап.
Шу деген жел шықса,
Жерге түсер топырлап.

Назерке

Алтын күз, алтын күз,
Сап-сары алаңқай.
Жапырақ төгілді,
Тез жина, балақай.

3) Еңбек және шығармашылық жұмыс (жапсыру)

  • Дайын қиылған кірпі үлгісіне алмалар мен жапырақтарды жапсыру.
  • Кірпінің ұясын дайындау: жапырақ төсеп, кірпіні ұясына орналастыру.

4) Қимылды ойын: «Түлкі мен кірпі»

Ойын мәтіні

Айлакер қу түлкі,
Кірпіні көреді.
Жемек болып жай басып,
Жымыңдап келеді.

Жай жатқан кірпіні
Бас салды қылп етті,
Инесі тіліне
Аямай кірш етті.

Ойын мақсаты

Балаларды ептілікке, шапшаңдыққа, батылдыққа тәрбиелеу.

Тіл дамыту

Ойын соңында балалар кірпі туралы қысқаша әңгімелеп, жаңа сөздерді қолданады.