Сақ тайпаларының қоныстануы
Қарағанды облысы • Жаңаарқа ауданы • Түгіскен ЖОББ
Пәні: Қазақстан тарихы
Тақырыбы: Қазақстан аумағындағы тайпалық одақтар және алғашқы мемлекеттер
Мұғалім: Қасимова Асель Сериковна
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Сақтар туралы алғашқы мәліметтерді, сақ тайпаларының қоныстануын және сақ қоғамының құрылымын жан-жақты түсіндіру.
Дамытушылық
Сұрақ-жауап арқылы оқушының ой-өрісін кеңейту, ойлау және сөйлеу дағдыларын дамыту, тақырып бойынша білімін толықтыру.
Тәрбиелік
Оқушыларды ел тарихына құрметпен қарауға, отансүйгіштікке тәрбиелеу.
Сабақ форматы
- Түрі: жаңа білімді игерту
- Әдіс-тәсілдер: сұрақ-жауап, түсіндіру, әңгімелеу, топтастыру, баяндау, жазбаша жұмыс (сызба толтыру, семантикалық карта, тарихи диктант, диаграмма)
Пәнаралық байланыс және көрнекілік
- Пәнаралық байланыс: дүние тарихы, қазақ әдебиеті, география
- Көрнекілік: жұлдызшалар, үлестірмелі карточкалар, интерактивті тақта (презентация), стикерлер
Үй тапсырмасын тексеру: «Жұлдызды сәт»
Қола дәуірін қорытындылауға арналған сұрақтар қойылады. Дұрыс жауап берген оқушыға жұлдызша беріледі.
1. Тұрмыста тұңғыш пайдаланылған металл
Жауап: мыс
2. Қола дәуірі қай аралықты қамтиды?
Жауап: б.з.б. II мыңжылдық – I мыңжылдық аралығы
3. Қола табиғатта таза күйінде кездесе ме?
Жауап: жоқ, мыс пен қалайының қоспасы
4. Жезқазған өңірінде 1 млн тоннадай кен өндірілгенін айтқан ғалым
Жауап: Қ. Сәтбаев
5. Қола дәуірінде 1100 тонна қалайы шығарылған кен орындары
Жауап: Нарын, Қалба
6. Тас пен мыстан жасалған еңбек құралдарын ығыстырған кезең
Жауап: қола дәуірі
7. Қола дәуірінде ыдыс жасаудың кең тараған түрі
Жауап: көзе құмыралар
8. Еуразия даласындағы қола дәуірінің мәдениеті
Жауап: Андроново
9. Қола дәуірінің ең алғашқы ескерткіштері табылған жер
Жауап: Андроново
10. Солтүстік және Батыс Қазақстандағы зерттелген Андрон мәдениеті қоныстары
Жауап: 80-нен аса
11. Солтүстік Қазақстандағы қола дәуірі қоныстары
Жауап: Петровка, Боголюбов
12. 30 қоныс, 150 оба зерттелген аймақ
Жауап: Орталық Қазақстан
13. Андрондықтардың бет-бейнесін сипаттаған ғалым
Жауап: В. П. Алексеев
14. Теселі егіншілік алғаш дамыған кезең
Жауап: қола дәуірі
15. Андроновтықтарды жерлеуде басы қаратылған бағыт
Жауап: батысқа немесе оңтүстікке
16. Орталық Қазақстандағы қола дәуірінің ең соңғы кезең мәдениеті
Жауап: Беғазы–Дәндібай
17. Қазақстандағы қола дәуірін жоспарлы зерттеу басталған жыл
Жауап: 1946
18. Қазақстандағы қола дәуірін түбегейлі зерттеуді бастаған ғалым
Жауап: Ә. Х. Марғұлан
19. Қола дәуірі кезіндегі жоғары дін қызметкерлері
Жауап: абыздар
20. Андроновтықтардың мойынға таққан тұмарлары
Жауап: жыртқыш аңдардың азу тістері
Жаңа сабақ: сақтар туралы түсінік
«Сақтар – біздің бабамыз, ақыл-ойлы данамыз. Тарихи дерек іздеп біз, көне дәуір тамырын терең іздеп табамыз…»
Сабақ жоспары
- Сақ туралы алғашқы мәліметтер
- Сақ тайпаларының қоныстануы
- Сақ қоғамы
1) Сақтар туралы алғашқы мәліметтер
Сақтар — б.з.б. I мыңжылдықта Орта Азия мен Қазақстан аумағын мекендеген ежелгі тайпалар. Олар көне дүние өркениеттерімен тығыз қарым-қатынас жасап, тарихта өзіндік із қалдырды. «Сақ» атауының мәні жөнінде деректер мен пікірлер әртүрлі.
Грек деректері
Геродот, Страбон еңбектерінде сақтар «азиялық скифтер» ретінде аталады.
Парсы және иран деректері
І Дарийдің Бехистун жазбасында сақтар әртүрлі топтарға бөлініп сипатталады; парсы дәстүрінде «құдіретті еркектер» ұғымы кездеседі, ирандық деректерде «жүйрік атты турлар» деп беріледі.
2) Сақ тайпаларының қоныстануы
Картаға сүйене отырып, сақтардың негізгі топтары мен мекендеген аймақтарын төмендегі кесте арқылы жүйелеуге болады.
| Сақ топтарының атауы | Мекендері |
|---|---|
| Парадарайа (теңіздің арғы жағындағы сақтар) | Қара теңіздің солтүстігі, Арал теңізі маңы, Сырдария мен Әмударияның төменгі ағысы |
| Тиграхауда (шошақ бөрік киетін сақтар) | Сырдарияның орта ағысы, Тянь-Шань, Жетісу |
| Хаумаварга (хаома сусынын дайындайтын сақтар) | Мургаб аңғары |
3) Сақ қоғамы
Сақ қоғамы үш әлеуметтік топтан тұрды. Әр топтың қоғамдық қызметі мен белгілік түсі болған.
Жауынгерлер
Белгілік түсі: қызыл
Абыздар
Белгілік түсі: ақ
Малшылар мен егіншілер
Белгілік түстері: сары және көк
Топтық жұмыс (сыныпты ұйымдастыру)
Оқушыларға қызыл, ақ, сары түсті стикерлер таратылады. Әр түс бойынша топтарға біріктіріліп, келесі атаулар беріледі: Парадарайа, Тиграхауда, Хаомаварга. Әр топ берілген тапсырмалар бойынша постер қорғайды.
Ортақ тапсырма
Өз тобының атауына сәйкес орналасқан аймақты картадан көрсету.
I топ — Парадарайа
Кесте тапсырмасы
Сақ тайпалары атауының деректердегі нұсқаларын табыңдар.
| Дерек | Атауы |
|---|---|
| Гректер | Азиялық скифтер |
| Парсылар | Құдіретті еркектер |
| Ирандықтар | Жүйрік атты турлар |
Тарихи диктант
Көп нүктенің орнына тиісті сөздерді қойыңдар:
Тиграхауда сақтары осы күнгі Ташкент қаласы аймағында ________ және Жетісу жерінде өмір сүрген. Тайпа көсемі ________ қызметін атқарып, тайпалар мен рулар арасындағы ________ мәселелерін шешті, ________ реттеп отырды.
II топ — Тиграхауда
Семантикалық карта
Дұрыс жауапқа «+» таңбасын қойыңдар.
| Топ | Мургаб аңғары | Арал маңы | Сырдария орта ағысы |
|---|---|---|---|
| Сақ — парадарайа | |||
| Сақ — тиграхауда | |||
| Сақ — хаумаварга |
«Ойлан, тап!» (анаграмма)
- ГЕТАССАМ
- ЙАРАДАПАРА
- ТОДРОГЕ
- РАДЗЫБА
- НОБАРСТ
III топ — Хаомаварга
Дерек пен авторды сәйкестендіру
Сақтар туралы берілген мәліметтердің авторларын анықтап, кестеге жазыңдар.
| Мәлімет | Автор / дерек көзі |
|---|---|
| Сақтар — әлемдегі ең шыншыл, ең әділ халық. | |
| Сақ әйелдері ержүрек; қауіп төнгенде ерлеріне көмектесіп, ұрысқа қатысады. | |
| Сақтар — жақсы шабандоздар; садақ, қылыш, қола балта қолданған, сауыт киген. | |
| Киімі мен тұрмыс салты скифтерге ұқсас; бұйымдары алтын мен мыстан жасалған. | |
| Егін екпейді; тағамы — үй малы мен балық; сүт ішеді. |
«Белес» (сәйкестендіру)
Берілген ұғымдарды дұрыс анықтамамен сәйкестендіріңдер.
Ұғымдар
- 1) Дайлар, аргиппейлер, исседондар, массагеттер
- 2) Аңшылық, терімшілік, балық аулау
- 3) Жайлау, күзеу, көктеу, қыстау
- 4) Тас дәуірі, қола дәуірі, темір дәуірі
- 5) Қазғыш таяқ, шоқпар, қашау, бифас
Нұсқалар
- 1) Ежелгі кезең
- 2) Сақтар
- 3) Көшпелі мал шаруашылығы
- 4) Кәсіп
- 5) Еңбек құралдары
Бекіту: «Өмір ағашы» диаграммасы
Оқушылар сабақтан алған негізгі мағлұматтарын жапырақтарға жазып, «Өмір ағашын» толықтырады. Бұл тәсіл тақырыптың тірек ұғымдарын жинақтап, есте сақтауды жеңілдетеді.
Не білемін?
Сақтардың мекені, атаулары, дереккөздері.
Нені түсіндім?
Қоғамдық құрылым және тайпалық топтардың ерекшелігі.
Қандай дәлел келтіремін?
Карта, кесте, тарихи дерек арқылы негіздеу.
Қорытынды: сақ мұрасы және бүгінгі тарихи жады
Негізгі түйін
Бүгін біз Қазақстан аумағын мекендеген, қазақ халқының этникалық негізінің қалыптасуына ықпал еткен сақ тайпалары туралы мәліметтерді жүйеледік: тарихи деректер, қоныстану аймақтары және қоғамның әлеуметтік құрылымы.
«Алтын адам» — мәдениеттің бірегей үлгісі
Қазақ халқы үшін желтоқсан айы — маңызды тарихи даталарға толы: 16 желтоқсан — Тәуелсіздік күні. Алматыдағы Тәуелсіздік монументінде қанатты барысқа мінген «Алтын киімді» сақ жауынгері бейнесі бар. «Алтын адам» — сақ мәдениетінің бірегей жәдігері; ол Есік қорғанынан 1969–1970 жылдары табылған.
Бағалау және үй тапсырмасы
Бағалау
Сабақ барысында жұлдызша жинаған оқушылардың жұмысы бағаланады (ауызша жауап, топтық жұмыс, жазбаша тапсырмалар нәтижесі).
Үй тапсырмасы
«Қазақстан аумағындағы тайпалық одақтар және алғашқы мемлекеттер» тақырыбын қайталау. Оқулықтағы 90-бет бойынша шығармашылық тапсырманы орындау.