Қыз ақылы анадан

Тәрбие сағатының тақырыбы

«Аялайық ананы»

Мақсаты

  • Оқушыларға 8 Наурыз мерекесінің мәнін түсіндіру, отбасыдағы ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту, бала жүрегіндегі анаға деген махаббатты ояту.
  • Балаларды әдепке тән жақсы қасиеттерді танып, үйренуге баулу; логикалық ойлауын, тіл байлығын, сөздік қорын және шығармашылық қабілетін дамыту.
  • Мейірімділікке тәрбиелеу, ананың өлшеусіз еңбегін бағалай білуге үйрету; анаға сүйіспеншілік арқылы елге деген құрмет пен махаббатты қалыптастыру.

Көрнекілігі

Суретті плакаттар, қабырға газеттері, нақыл сөздер, гүлдер.

Тәрбие сағатының барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Оқушыларды сахна төріне тұрғызу.

Нақыл сөздер

Ананың сүті — бал, баланың тілі — бал.

Күннің шуағы — жылы, ананың құшағы — жылы.

Ана — үйдің берекесі, бала — үйдің мерекесі.

Ана сүтін ақтамағанды ешкім мақтамайды.

Ана — өмір себуші.

Қыз ақылы — анадан.

Ана жүзі — күлімдеген күн көзі.

Мұғалімнің кіріспе сөзі

Ана… Ана… Ана… Бұл сөзді естігенде толқымайтын жүрек, тебіренбейтін жан жоқ. Үш-ақ әріптен тұратын осы ұлы ұғымның астарында ұшан-теңіз мағына жатыр. Ана — әрбір адам үшін ең ыстық, ең жақын, ең қастерлі сөз.

Адам баласы дүние есігін ашқанда ананың ақ сүтімен нәр алып, ана құшағына еніп, ана мейіріміне бөленеді. Адамның аузынан шығатын ең алғашқы сөздің өзі — «ана».

Міржақып Дулатовтың сөзімен айтсақ, бізді сүйетін, біз үшін күйетін, әрқашан қамымызды ойлайтын абзал жан — ол ана. Бала мақсатына жетсін деп, ана қажет болса жанын да қиюға дайын. Ана баласының үлгілі азамат болып өсуі үшін бар күшін салып, маңдай терін төгеді.

Ананың махаббатына талай ақын ән арнап, жыр жазған; талай жазушы қалам тербеген. Ана туралы ойды айтып тауысып болу мүмкін емес — әркімнің өз анасына деген махаббаты шексіз.

Құрметті ұстаздар, аяулы аналар, көктем күніндей құлпырған қыздар! Сіздерді 8 Наурыз — Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын!

Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Адам бойындағы барлық жақсы қасиет күннің нұрынан, ананың сүтінен жаралған. Сондықтан бүгін көктемдей жарқырап, гүлдей құлпырып жүріңіздер — мерекелеріңіз құтты болсын!

1-бөлім. Көрініс: «Ата мен бала»

Автор

Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде… Бұл патшалыққа жадырап Наурыз айы келді. Дүние жаңарып, табиғат түлейді. Ханның қайсар да қайратты жеті ұлы және ай десе аузы, күн десе көзі бар жеті қызы болыпты. Ел басқарған хан өз ұлдарының ішінен мұрагерін таңдамақ болып, оларды сынауға бел буады.

Хан

Ұлдарым мен қыздарым! Мен қартайдым. Сендерге қояр талабым бар. Соны орындағандарың — менің мұрагерім боласыңдар. Кімнің өнері мен ақылы көркіне сай болса, сол осы патшалықты басқарады.

Автор

Хан ұлдарын қасына жинап, сұрақ қояды.

Хан

Балам, үйдегі алтын қазық кім?

Бала

Үйдегі алтын қазық — бала. Ол — мен.

Ханның түйіні

Жоқ, балам. Үйдегі алтын қазық сен емес — ана. Ана ақылды болса, бала дана болады. Ана тәрбиесі — қызға үлгі. Ана сыйламағанның ақылы кем. Ананың мейірімі — көзінде, ақылы — сөзінде.

Автор

Патшаға абыз қария келеді.

Қария

Дат, тақсыр!

Хан

Датың болса, айт!

Қария

Айтарым — балаларың туралы. Балам, жоқты бар, ашты тоқ ететін кім?

Бала

Ата, ашты тоқ, жоқты бар ететін — мейірімді әке.

Қарияның жауабы

Жоқ, балам! Әке қанша мейірімді болса да, ананың орны бөлек. Жоқты бар, ашты тоқ ететін — ана. Анасыз бала ұйықтамайды, қатықсыз айран ұйымайды.

Хан

Жоқ, жауаптарыңа көңілім толмады. Ханзаданы шақырыңдар!

Бала

Алдияр, әке, не бұйырасыз?

Хан

Өнеріңді көрсет.

Ханзада

Ана! Ана! Неткен қастерлі, қасиетті сөз едіңіз… Үш әріптен тұратын осы ұлы сөздің түбінде қаншама үлкен сезім мен құдірет жатыр. Ананың ыстық алақаны жүрекке жылу береді, әр сөзі адам баласына өшпес өнеге дарытады. Дүниеде анадан қадірлі жан жоқ.

Автор

Бір аптадан кейін олар үйге оралады. Үйге кіре бере қыздары аналарын қаншалықты сағынғандарын жарыса айтады.

1-қыз

Анашым, мен сені күн сәулесін күткен көкнәр гүліндей сағындым.

2-қыз

Анашым, мен сені бір тамшы суды аңсаған шөл даландай күттім.

3-қыз

Мен енесін сағынып шырылдаған кішкентай балапанша жыладым.

4-қыз

Мен сенсіз гүл таппаған ара секілді болдым.

5-қыз

Түсімде сен раушан гүлінің үстіндегі шық тамшыларындай болып көріндің.

6-қыз

Шие бағын іздеген бұлбұлдай сенің жолыңды қарап жүрдім.

Автор

Жетінші қызы көп сөйлемеді. Ол анасының қолын жууға су әкеліп, асын әзірлеп, алдына дастарқан жайып, шай құйып берді.

Ана

Қыз-қызғалдақтарым менің! Бәрінен де мені ең кіші қызым қатты сағыныпты.

Асия

Бізге осы жарық дүниені сыйлаған кім?

Бәрі: Ана.

Түн ұйқысын төрт бөліп, бөбегін бөлеген кім?

Бәрі: Ол — мейірімді ана.

Құрметті де ардақты аналар! Сіздер — адамға өмір нәрін себуші құдірет иесісіздер. Біз сіздердің алдарыңызда мәңгі қарыздармыз. Осындай мерекеде балапандарыңыздың қызметі мен құрметін қабыл алыңыздар! Бүгінгі ән мен би — бәрі де сіздер үшін.

Өлең шумақтары

Ерсұлтан

Ана дейміз бәріміз де аңқылдап,
Ана дейді жас сәби де жарқылдап.
Ана деген — бәйтерегі өмірдің,
Ана деген алтын қазық, алтын бақ!

Гаухар

Жан ана, құттықтаймын мерекеңмен,
Көктемнің құлпыра бер нар гүлімен.
Төрлесін елдің берген бақыт бағы,
Жазбасын шат көңілің, ақ күніңмен!

Жұлдыз

Анам менің — панам ғой,
Содан қорған табам ғой.
Асықпа, ана, ертең-ақ,
Отың болып жанам ғой.

Ортақ шумақ

Әлпештеген баласын — ана бақыт, ана күн.
Әркім сүйіп өз анасын,
Мақтан етеді анасын.

Қорытынды ой

Бастадым сөзімді «Ана» деп мен,
Себебі анам — мені адам еткен.
Өмірдің бар асылын бойына жиған,
Дүниенің ардақтысы — анам екен.

Ортақ

Достықты біз ойлаймыз,
Бірге күліп ойнаймыз.
Қыздарды да құттықтап,
Мерекесін тойлаймыз.

Ортақ

Адам бар ма ана сүтін татпаған,
Алуан-алуан ауыр сыннан аттаған.
Адалдықты, ар-намысты сақтаған —
Мен анамның сонысымен мақтанам.

Хор әні

«Құттықтаймын, мама, туған күніңмен»

Аналарды сүйеміз, сөзін ойға түйеміз.
Әжені де ардақтап, әдеппен бас иеміз.

Ерлік, еңбек атқарған, еңбегімен мақтанған,
Ел сенімін ақтаған — айналайын ақ мамам.

Ана — бақыт, ана — күн. Ана — өмір тірегі.
Ана — өмір себуші, ана — сарқылмайтын бұлақ.

2-бөлім. Мерекелік жалғасы

Жасыра алмай өзіңнен ғашықтығын,
Көкжиектен таң сайын асығады Күн.
Келді тағы көктемнің мерекесі,
Дидарыңа шуағын шашып бүгін.

Осы сөздерден кейін мерекелік ән шашуы ұсынылады.

Ән

«Аяулы анашым»

Би

«Бипыл»

Ой қозғау

Ана туралы қандай мақал-мәтелдер білеміз?

Қорытынды

Ана мейірімімен әр баланың көңіліне көктем орнап, жаздай жайнай берсін деген тілекпен мерекелік кешімізді аяқтаймыз!