Менің сөзім осы, жолдас комиссар
Қызмет етем халқымa
Бұл тақырыптың өзегі — ана тілінің, туған халқының және кіндік кескен жердің жалпыадамзаттық құндылық ретіндегі мәнін ашу. Мақсат — ана тілін, өз ұлтын, Отанын сүюге тәрбиелеу.
Мақсат пен міндеттер
- Ана тілінің туған анадай қасиетті әрі қастерлі екенін ұғындыру.
- Ана тілі мен туған ұлтын қастерлеу арқылы өз халқының мәртебесін ұлықтау дағдыларын дамыту.
- Ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу.
Шаттық шеңбері
Оқушылар шеңберге тұрып, Ш. Әлдибекұлының «Жаныма менің үңілсең…» өлеңін кезекпен дауыстап оқиды:
Туған жердің тауының Суреті тұр кеудемде. Ағыл-тегіл жауынын Ұнатарсың көргенде. Ақ шуағын шұбатқан, Жанымда сөнбес күнім бар. Кетпейтін үні құлақтан, Ән-жырымды ұғыңдар. Адалдығым — намысым, Жүрегімде, қанымда. Елім үшін бар ісім, Мөлдір шықтай арым да. Туған жердің самалы Өн-бойымда еседі. Құсы әнге салады, Ақша бұлты көшеді. Жарқ-жұрқ еткен жасыңды Көгімнен көріп сүйінсең, Табасың кіл асылды, Жаныма менің үңілсең.
Дәйексөз
Шәкәрімнің бір шумақ өлеңі оқылады:
Адамдық борыш — ат үшін, Барша адамзат қамы үшін, Серт берген еңбек етем деп, Алдағы атар таң үшін.
Мәтінмен жұмыс
«Оқып үйренейік» айдарында Кеңшілік Мырзабековтың «Отаныңа қызмет ет!» өлеңі ұсынылады:
Отаныңа қызмет ет! Қызмет ет Отанға! Балам, саған осы менің Бұйрығым да, батам да! Қатардағы солдат болу — Жүру емес қатарда, Қатарды құр көбейткеннен Қатарында атанба! Қатарыңнан оз дер едім, Оған көзім жетер ме? Оза алмасаң, озбай-ақ қой, Тек алқынба бекерге. Туған жерді мен сияқты Түк қалдырмай арала. Бара алмасаң, бармай-ақ қой Шетелге. Мен жимадым, жинамасаң, Жинамашы дүние. Мен сияқты оны өзіңнің Жеңдір көңіл күйіңе. Мен сияқты кеш оралма Келініме, үйіңе. Жан жарымдай жарың болса — Ау көнетұғын иіңе. Мен сияқты, мен сияқты… (Мен кімге үлгі болып ем.) Жүрдім бірақ Отанымның Сүрлеу-соқпақ жолымен. Отаныңа қызмет ет! Қызмет ет Отанға! Осы ұранға рухтан да, Осы ұранға тебірен!
Талқылауға арналған сұрақтар
- Отанға қызмет ету кімге және не үшін қажет?
- «Құр қатарды көбейтіп жүру» дегенді қалай түсінесіз?
Оқушылар өлеңді кезекпен дауыстап, мағынасын түсініп оқиды. Отанды сүю отбасынан басталатыны, ал Отанға қызмет ету — өзіңнің жарқын болашағыңа қызмет ету екені айқындалады.
Күлтегін — өсиет сөздердің иесі
ҮІ–ҮІІІ ғасырлардан бастап Қазақ халқының дара мемлекет болуы тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі — Күлтегін. Оның жазба мұрасы Моңғол жерінен табылғаны атап өтіледі. Түркілердің ірі хандық мемлекетін құрған Ұлы Түрік қағанаты дәуірінен жеткен бұл сөздер елдікті ұйыстыру, халықты көтеру, жауапкершілік пен ерлік идеяларын айқын көрсетеді.
Күлтегін жазбасынан үзінді
Халықты көтермек боп: Терістікте — оғыз халқына қарсы, Шығыста — қытай, татар халқына қарсы, Көп қолмен он екі жорық жасадым. Сөйтіп, Тәңірі жарылқады. Бағым болғандықтан, Сәті түскендіктен, Өлімші халықты тірілттім. Жалаңаш халықты тонды, Кедей халықты бай қылдым. Аз халықты көп қылдым, Тату елге жақсылық қылдым. Төрт бұрыштағы халықтың Бәрін бірге қылдым.
Ой қозғайтын сұрақтар
- Күлтегін бейнесінен батырға тән қандай қасиеттерді байқайсыз?
- ҮІ–ҮІІІ ғасырлардан бастап ел тарихындағы ұлы тұлғалар ретінде кімдерді атар едіңіз? Бұл тізімді қазіргі дәуірдің мемлекеттік қайраткерлерімен қалай толықтырасыз?
«Абылай ханның сұрағы» — қоғам тірегі туралы ой
Б. Адамбаев жазып алған «Абылай ханның сұрағы» атты шағын мәтін тапсырма ретінде ұсынылады. Мәтінді оқып, Қараменде бидің жауабын талдау арқылы қоғамдағы әр деңгейдің тірек тұлғалары туралы түсінік тереңдетіледі.
Абылай хан бірде билеріне: — Ұлт құты кім? Ру құты кім? Аймақ құты кім? Ауыл құты кім? — деп сұрақ қояды. Көпшілік жауап айта алмапты. Сонда Қараменде би: — Ұлт құты — хан, өзіңіз; ру құты — әділетті би; аймақ құты — қадірлі ақсақал; ауыл құты — келелі Балапан бәйбіше, — деп жауап берген дейді.
Талқылау
Осы жауаптарды қазіргі уақыт тұрғысынан қалай түсіндіруге болады? Бүгінгі қоғамда «ұлт құты», «ру құты», «аймақ құты», «ауыл құты» ұғымдары қандай мазмұнға ие?
Әңгімеден үзінді: ар-ождан мен жауапкершілік
«Оқып үйренейік» айдарындағы Ә. Нұршайықовтың әңгімесін үйден оқып келу тапсырылады. Оқылған мәтін негізінде төмендегі ұғымдар кеңінен талқыланады.
Сұрақтар
- «Адамдық тілек», «әкелік мейір», «жауынгерлік ар-намыс» ұғымдарын қалай түсіндіресіз?
- Жеңіске тек майдан алаңында ғана қол жеткізуге бола ма?
- Сіз үшін бүгінгі күннің «жеңісі» деген не?
- Адамды жеңіске жеткізетін қандай қасиеттер?
Мәтіннен үзінді
— Маған рұқсат етіңіз, жолдас комиссар! — деген өзгеше өктем үн саңқ ете қалды. Неге екенін білмеймін, мен селк ете түстім. Өйткені мұндай жүректі дір еткізіп, миға шабатын, мойын бұрғызбайтын құдіретті үнді бұрын ешқашан естімеген едім. Әлдебір қауіп төнгенде, тек қиядағы қыран ғана осылай шаңқ ете түсетін болар, деп ойладым да, тез басымды көтеріп алдым. Қарасам, кешегі тас мүсін аға лейтенант екі көзін Егоровқа найзадай шаншып, тіп-тік болып түрегеп тұр екен. Қайратты қара шашы сояу-сояу болып тікірейіп кетіпті. — Мен — солдатпын, — деп бастады Момышұлы сөзін, комиссар бас изеп, сөйлеуіне рұқсат еткеннен кейін. — Мен бұйрыққа бағынамын. Егер бізді жаңадан жасақталып жатқан басқа дивизияға жіберу жайындағы бұйрыққа қол қойылған болса, онда мен осы қазір-ақ Алматыға қарай тарта беремін… Осы кезде жұрт оның сөзін қостағандай гуілдесіп кетті. Мен де іштей: «Мына қайсар қазақ менің көкейімдегі сөзді қалай дәл тапты?» — деп ойлап, бас изедім. Бірақ Бауыржан сөзін бөлгенді ұнатпағандай қабағын қатты шытып, тоқтап қалды. Оны аңғарған жұрт та тына қалды. Аға лейтенант алғашқы әуенімен сөзін қайта жалғастырды: — Алматыда менің әйелім мен балам бар. Онда барсам, бір күн болса да солардың қасында боламын. Мұндай қырғын соғыстан кейін осындай мүмкіндік туғанда, кімнің елге барғысы келмейді?! Осылай деп, ол отырған жұртты қатулы қабақпен бір шолып өтіп, отты көзін қайтадан комиссарға бұрды. — Жоқ, жолдас комиссар! Менің кеудемде адамдық тілек пен әкелік мейірден басқа жауынгерлік ар мен намыс бар. Ол — осы отырған бәрімізге ортақ намыс. Айтыңыздаршы, осы отырғандардың ішінде жараланбаған жан бар ма? Жоқ қой! Ендеше, бұл дивизияның жүрген жолында көлкіп біздің қып-қызыл қанымыз қалды. Дивизияның гвардия атағын алуына бәріміздің де еңбегіміз сіңді. Олай болса, осында қалуға біздің қақымыз бар. Осы дивизия құрыған жерде біз де біріміз қалмай, құрып бітуіміз керек! Ал дивизия құруға тиіс емес, құрымайды. Ендеше, ақырғы қасық қаны бойында жүрген азаматтар осы дивизияның құрамында болып, жеңіске жетуге міндетті! Жауынгерлік ар-намысым менің осында — жауынгер жолдастарымның қаны төгілген дивизияда қалуымды талап етеді. Өлген жолдастарымның аруағы қашан қатардан шыққанымша осы дивизия туының астында болуымды талап етеді. Егер мен бұл жерден кетіп қалсам, онда мені өлген солдаттарымның рухы қарғайды! Жоғарыда отырғандар да — адам. Адамдық сөздерге олар да құлақ асады. Біздің пікірімізді оларға жеткізулеріңіз керек… — Мен — солдатпын! — деді қайтадан. — Солдатша соғыса білуге де міндеттімін. Солдаттың жүрегіндегі сөзді айтуға да тиістімін. Менің сөзім осы, жолдас комиссар.
Назар аударайық
І. Есенберлиннің туған жерге сүйіспеншілік туралы ойы оқылып, туған өлкеге деген жауапкершілік сезімі тереңдетіледі:
«Халқым мен туған елімді сүю — өзімнің еншіме тиген мұра деп түсінетін едім. Туған өлкемнің жасыл шалғынын да, шалқар көлін де, құмайтты шөлін де, сағымды белін де — бәрін бірдей жанымдай жақсы көремін. Оны ешкімге қиғым келмейді. Сонау желі қобыздай сарнаған сар даламды дүниенің ең сұлу жеріне айырбастамас едім. Міне, сондықтан да ел-жұртымның, туған жерімнің келешегін ойлап, жас балаша жылаймын, қиналамын…»
Тағы бір дәйексөз
М. Әлімбаевтың мына жолдары талқыланып, «сүю — білу — ұғу — қорғау» тұтастығы айқындалады:
Туған жерді сүю — парыз, Сүю үшін білу — парыз, Қасиетін ұғу — парыз, Күзетінде тұру — парыз.
Жүректен жүрекке
Т. Қышқашбаев пен Ж. Қашқыновтің «Астана жыры» әні оқушылармен бірге шеңберге тұрып орындалады:
Өлең мәтіні
Сайын дала құт қонған мекен еді, Даналарым алға елін жетеледі. Төле би мен Қазбек, Әйтекенің Есімдерін ұран ғып көтереді. Бірге соғып жүрегі халықпенен, Абылай хан сара жол салып берген. Абыройын қазақтың асқақтатып, Туған жерін бөледі даңқпенен.
Қайырмасы
Алматым — бас қалам, Ақорда — Астанам. Бірің ай, бірің күн, Егіздей қос қалам, Алматым — бас қалам. Ақмола — астанам. Жарқырап жайнай бер, Сендермен шаттанам.
Қазақстан достықтан жаратылған, Досыменен арайлы таң атырған. Бар әлемге танытқан қазағымды, Халқымыздың Елбасы — дара туған. Тәуелсіз ел ұл-қызы мақтанады, Ел бірлігі, тыныштық сақтағаны. Асқақтата думанды әнге қосар Қос астана — Алматы, Астананы.