Тапқырлық топ басшылар сайысы
Қазақстан Республикасы • Осакаров №1 орта мектебі
Қазақ тілі мен әдебиет пәні • 5-сынып
Мұғалім: Маждай Гүлмария
Тіл — жаның, тіл — қаның
«Адамға екі нәрсе тірек тегі: бірі — тілің, бірі — ділің жүректегі», — деп Жүсіп Баласағұн бабамыз айтқандай, кез келген мемлекеттің де, елдің де ең негізгі рәмізі, ұраны және тірегі — сол елдің ана тілі.
Біздің ана тіліміз — қазақ тілі. Біздің Отанымыз — Қазақстан. Қазақстан Республикасының өз елтаңбасы, әнұраны, туы бар. Сонымен қатар өз тілі бар.
Тіл — халық тарихы. Тіл — ұлттық қазына. Тіл — намысымыз, арымыз, байлығымыз, барымыз.
Тіл туралы заң
1989 жылы 22 қыркүйекте Қазақстан Республикасының тіл туралы заңы қабылданды. 1997 жылы заң қайта өңделіп, жаңа редакцияда шықты. Заң 6 тараудан, 22 баптан тұрады.
Мемлекеттік тіл
Заңның 4-бабында: «Қазақ тілі — Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» деп көрсетілген. Ендеше туған еліміздің тілін ардақтап, сол тілде сауатты жазып, ойымызды анық жеткізе білсек — нұр үстіне нұр.
Сайыс туралы
Құрметті ұстаздар, оқушылар, қонақтар! «Тіл — жаның, тіл — қаның» атты сайысымызды бастаймыз. Бұл ойында білімімізді көрсетіп, сөз байлығымыздың молдығын, ойлау қабілетіміздің өскенін дәлелдейміз.
Білімімізді тексеріп, ойынға қатысып көріңіздер!
Топтар
-
«Қыран» тобы
Ұраны: «Ардақтайық ана тілді!»
-
«Ұлан» тобы
Ұраны: «Менің тілім — мәңгі өлмейтін өлең-жыр»
Әділқазылар алқасы
- Тәрбие ісінің меңгерушісі: Асылхан Маратовна
- Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі: Түсіпова Ж.Қ.
- Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі: Хабай Қазира
Білім мен тапқырлықтың жарысында жеңіске жетер — нағыз мықты!
Сайыстың мақсаты
- Оқушылардың зейінін дамытып, ой-өрісін кеңейту.
- Дүниетанымын арттырып, білімге қызығушылығын күшейту.
- Өз мүмкіндігін тиімді қолдана алатын зерделі тұлғаны тәрбиелеу.
Сайыс кезеңдері
«Бәйгеге түсіп жарыспай, жүйріктің бағы жанар ма? Бұл бәйге — ойдың бәйгесі: кім жүйрік ойға, сол алда». Ендеше бүгінгі сайыстың түрлерімен танысыңыздар:
- Таныстыру
- «Кім көп біледі?» (сұрақ-жауап)
- «Ақыл-ой өрісі» (ребустар шешу)
- «Өлең — сөздің патшасы» (мәнерлеп оқу)
- «Тапқырлық» (топ басшылар сайысы)
- «Сөзтұйым» (бір сөзден бірнеше сөз құрау)
1) Таныстыру
Ойын шарты бойынша әр топ өз атауын, ұранын таныстырады және топ басшысын сайлайды.
«Білетін адам — ашады, білім нұрын — шашады».
2) «Кім көп біледі?» (сұрақ-жауап)
I топқа
- Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған жыл? (1991)
- Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясы қашан қабылданды? (1993)
- Қазақстан Республикасының рәміздеріне нелер жатады? (Ту, Елтаңба, Әнұран)
- Туған жер туралы әңгімеле.
II топқа
- Әдептілік деген не? Қалай түсінесің?
- Қазақстан Республикасының рәміздеріне неше жыл болды? (1993 жылдан бастап — 20 жыл)
- Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі қандай тіл? (Қазақ тілі)
- Ата Заңымызға неше жыл болды? (17 жыл)
3) «Ақыл-ой өрісі» (ребус)
Берілген ребустарды әр топ болып шешеді және жауабын айтады.
4) «Өлең — сөздің патшасы» (мәнерлеп оқу)
«Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы. Қиыннан қиыстырар ер данасы. Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, теп-тегіс жұмыр келсін айналасы», — деп Абай атамыз жырлағандай, өлеңді мәнерлеп оқу сайысына кезек береміз.
5) «Тапқырлық» (топ басшылар сайысы)
Тапқырлықтың негізі — талап, кілті — білім. Енді топ басшыларына арналған сұрақтарға кезек береміз.
Сұрақтар (I нұсқа)
- Қыс айларын ата. (желтоқсан, қаңтар, ақпан)
- Орман емшісін ата. (тоқылдақ)
- Есту мүшесі. (құлақ)
- Бір өркешті түйе. (нар)
- Бір жылда неше ай бар? (12)
- Ит жеті қазынаға кіре ме? (иә)
- Абайдың анасы кім? (Ұлжан)
- Бие сүті қалай аталады? (қымыз)
- Бірінші байлық не? (денсаулық)
- «Дос» сөзінің орысша аудармасы. (друг)
Сұрақтар (II нұсқа)
- Көктем айларын ата. (наурыз, сәуір, мамыр)
- Аяз атаның немересі. (Ақшақар)
- Көру мүшесі. (көз)
- Жылдың неше мезгілі бар? (4)
- Тауық жеті қазынаға жата ма? (жоқ)
- Абайдың әжесі кім? (Зере)
- Түйе сүті қалай аталады? (шұбат)
- Ардақты адам. (ана)
- «Жау» сөзінің орысша аудармасы. (враг)
6) «Сөзтұйым»
«Тәуелсіздік» сөзінен бірнеше сөз құрау. Уақыт — 5 минут. Қай топ көп сөз құрастырса, сол топ жеңіске жетеді.
Қорытынды
Білімнің мініп алып тұлпарына, қиналмай шықты білім шыңдарына. «Тіл — жаның, тіл — қаның» атты сайысымыз аяқталды. Енді сөз кезегі — әділқазылар алқасында.
Жарыс болған соң, жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Жарыста жеңілсек те, өмірде жеңіске жете берулеріңізге тілектеспін. Келесі кездескенше сау болыңыздар!
Жұмбақтар: «Тіл» туралы
Сүйексіз ғып жаратқан, жұртты аузына қаратқан.
Жауабы: Тіл
Өңшең тістің арасында бір патша.
Жауабы: Тіл
Сүйектен қаланған қорғанда сүйексіз күзетші тұрады.
Жауабы: Тіс және тіл
О жағы мәрмәр, бұл жағы мәрмәр. Ортасында сандуғаш сарнар.
Жауабы: Тістер және тіл
Сырлы сандықта бір сылым ет.
Жауабы: Тіл
Жағалай-жағалай тас қойдым, жирен атты бос қойдым.
Жауабы: Тіс, тіл
Отыз екісі диірмен тартып, бір қапқа салады.
Жауабы: Тіс және тіл
Көмкерілген қала, төңкерілген қала. Арасында соның қызыл шақа бала.
Жауабы: Тіл
Екі әскер соғысып жатыр, ортасында бір елші.
Жауабы: Тіс пен тіл
Қызыл түлкі інінен шықпайды.
Жауабы: Тіл
Әрі сүйексіз, әрі тиексіз.
Жауабы: Тіл
Ақ тоғайдың ішінде кісінейді күрең тай.
Жауабы: Тіл