Жырымен жан сусынын қандырған кім

9-сыныпқа арналған сабақ жоспары

Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы

Бұл сабақта оқушылар ұлы ақын Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы туралы білімдерін жаңғыртып, негізгі шығармаларына талдау жасайды. Ақын көтерген адамгершілік, білім, еңбек, әділдік мәселелерінің тағылымын бүгінгі көзқараспен саралайды.

Сабақ түрі

Танымдық-ізденіс сабағы

Әдістер

  • Түртіп алу
  • Топтастыру
  • Еркін жазу
  • «Бір айналым сөйлесу» стратегиясы

Мақсат

Абайдың өмірі мен мұрасын еске түсіріп, шығармаларын талдау арқылы ойшыл көтерген мәселелерден үлгі алу.

Көрнекілік

Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған слайдтар жиынтығы, бейнетаспа, аудиожазба.

Нәтиже

Оқушының дүниетанымы кеңейіп, азаматтық көзқарасы қалыптасады; ойды жүйелеу, дәлелдеу, топта жұмыс істеу дағдылары дамиды.

Міндеттер

1) Мазмұндық міндет

Ақын шығармаларының тәрбиелік мәнін түсіну; адамгершілік тәрбиедегі Абайдың философиялық ой-толғамдарының маңызын ашу.

2) Сыни ойлауды дамыту міндеті

Оқушының дүниетанымын қалыптастыру, шығармашылық қабілетін шыңдау, азаматтық бейнесін айқындау.

3) Топтық жұмыс міндеті

Өз бетінше ой қорыту, іздену, пікірін ашық айту және бірін-бірі тыңдау мәдениетін дамыту.

Сабақ құрылымы

I

Қызығушылығын ояту

Абайдан үзінді

Жүрегіңнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма.

Ақынның өзі айтқандай, «соқтықпалы, соқпақсыз жерде» өсіп, тар жол, тайғақ кешуі көп өмір кешкен Абай қараңғылық басқан кезеңде де ел мұңын жүрегінен өткізіп, шабытын жыр етіп төккен кемеңгер тұлға. Сабақты жыр алыбы Жамбылдың Абайға берген бағасымен бастау орынды.

Жамбыл Жабаевтың сөзі

Мына тұрған Абайдың суреті ме?

Өлең сөздің ұқсаған құдіретіне.

Ақыл, қайрат, білімді тең ұстаған

Өр Абайдың төтеген кім бетіне?

II

Мағынаны тану

Қазақтың бас ақыны — Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығын білмейтін қазақ кемде-кем. Мұхтар Әуезов Абайды «қазақ классикалық әдебиетінің атасы, қазақ поэзиясының күн шуақты асқар биігі» деп бағалаған. Осы тақырып бойынша оқушыларға алдын ала деректер жинау тапсырылды.

1) Білімге бастап ел-жұртын

Оқушылар слайд арқылы Абайдың өмірбаяны мен шығармашылық жолын таныстырады.

  • Туған жері, өскен ортасы
  • Білімге құштарлығы
  • Қоғамдық көзқарасы

2) Абай — ақын

  • Өлеңдерін тақырыптарға бөліп, талдау жасау
  • Ақын өлеңдерін жатқа айту, пікір білдіру
  • Өлеңдердің жазылу тарихын талқылау

Назар аудару

Тақырыптық талдауда «білім», «еңбек», «адамгершілік», «елдік», «әділдік» ұғымдарына арнайы тоқталу ұсынылады.

3) Абай — аудармашы

Оқушылар слайд арқылы Абайдың аудармалары туралы мәлімет береді, аударма мәдениеті мен көркемдік ерекшелігін сипаттайды.

4) Абай — қарасөз шебері

  • Қарасөздердің жанрлық табиғаты, жазылу ерекшелігі
  • Бейнетаспадан қарасөз тыңдау және пікірталас

5) Абай — сазгер

Абайдың әндері мен күйлері туралы мағлұмат беріледі, музыкалық мұрасының ұлттық мәдениеттегі орны айқындалады.

Тыңдалым

«Желсіз түнде жарық ай» әні тыңдатылады.

III

Ой-толғаныс

Абайдың мұражайы туралы бейнефильм көрсетіледі. Сабақ бойы жинақталған білімді бекіту үшін «толықтыру сынамасы» орындалады.

Толықтыру сынамасы (бекіту сұрақтары)

  1. 1 Абай Құнанбайұлы 1845 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданында дүниеге келген.
  2. 2 Бос уақытында Шығыстың ұлы ақындары — Низами, Сағди, Қожа Хафиз, Науаи, Физули, Фирдоуси шығармаларын өз бетімен оқыған.
  3. 3 1885 жылы білім тақырыбына арналған «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңін жазған.
  4. 4 Тіршіліктің тұтқасы — еңбек пен білім деп ұққан ақын «Түбінде баянды еңбек егін салған» өлеңін жазған.
  5. 5 Абайдың қырық бес қарасөзі бар; қырық алтыншы сөзі өз алдына жеке тарихи шығарма ретінде танылады.
  6. 6 Абайдың «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Бой бұлғаң» т.б. әндері бар.
  7. 7 Әлихан Бөкейханов Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы алғаш зерттеу мақаласын жазған.

Өзін-өзі тексеру және бағалау

Оқушылар жауаптарын салыстырып, дәлелдеріне сүйене отырып бірін-бірі және өзін бағалайды.

Қорытынды өлең (Сағынғали Сейітов, «Кім?»)

Жүрегін шырақ етіп жандырған кім?

Жырымен жан сусынын қандырған кім?

Өзіне өзі орнатып ескерткішті

Мұра ғып кейінгіге қалдырған кім?

Ерте оянып, ойланып ержеткен кім?

Талабын тас қияға өрлеткен кім?

Құба жон, құбақан құм, құла қырды

Өлеңнің бесігінде тербеткен кім?

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өскен кім?

Үнінен әділдіктің лебі ескен кім?

Арманын аттандырған келешекке

Біздермен осы күнді тербеткен кім?

Тайсалмай мыңмен жалғыз алысқан кім?

Өзендей құйған барып көк теңізге,

Лермонтов, Пушкиндермен табысқан кім?

Көрікті көңілде жыр, қолда қалам,

Өмірдің өріне өрлей басқан қадам.

Қазақтың өлеңінің ұлы атасы —

Ол — Абай. Ұлты — қазақ. Аты — Адам.

Ұлы Мұхтар Әуезовтің «Мен Абай тереңінен шөміштеп қана іштім» деген сөзі Абай әлемінің шексіздігін аңғартады. Біз де оқудан, білуге ұмтылудан, ізденуден жалықпайық: Абай мұрасы — үнемі жаңарып отыратын рухани бағдар.

IV

Үй тапсырмасы

«Абай — қазақ поэзиясының асқар биігі» тақырыбында ой-толғау жазу.

V

Бағалау

Оқушылардың жұмысы белсенділігіне, талдау сапасына, дәлел келтіруіне және топтық жұмысқа қатысуына қарай бағаланады.