Тәуелсіздік шежіресі
Тақырыбы: «Тәуелсіздік — тұғырым»
Сабақтың түрі
Ашық тәрбие сағаты
Көрнекілігі
Тәрбие сағатының тақырыбы жазылған билборд, Президенттің суреті, Желтоқсан құрбандарының суреттері, слайдтар және басқа да материалдар.
Мақсаты
- Оқушыларды Отанды сүюге, ел рәміздерін қастерлеуге тәрбиелеу, туған жерге сүйіспеншілігін ояту.
- Елін, жерін, тілін, тарихын құрметтейтін, жаны таза, адамгершілігі мол азамат қалыптастыру.
- Желтоқсан оқиғасын негізге ала отырып, патриоттық тәрбие беру.
Тәрбие сағатының барысы
- I. Ұйымдастыру кезеңі
- II. ҚР Мемлекеттік Әнұраны
- III. Оқушылардың сөзі
- IV. Тәуелсіздік шежіресі
- V. Бейнеклип: «Желтоқсан желі»
- VI. Тәуелсіздік хроникасы
- VII. Қазақ биі
- VIII. Оқушылардың өлең оқуы
- IX. Мақал-мәтел
- X. Ән
- XI. Қорытынды
I. Ұйымдастыру кезеңі және кіріспе сөз
Мұғалімнің кіріспесі
Қай халық, қандай ұлт болмасын өз еркіндігін аңсайды. Әр ел өзінің егемен, тәуелсіз болуын армандайды. Халқымыздың жылдар бойы аңсаған ізгі армандары ХХ ғасырдың соңына қарай орындалып, тәуелсіздігімізге қол жеткіздік. Соның арқасында бүгінгі таңда өз бағытын айқындаған, өркениетті елдер мойындаған жеке мемлекетке айналдық.
Осы құндылықтың мәнін оқушылар бойына сіңіру, ұғындыру мақсатында Тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіздік — тұғырым!» атты тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер.
II. ҚР Мемлекеттік Әнұраны
ҚР Мемлекеттік Әнұраны орындалады.
Тәуелсіздік туралы ой
Тәуелсіздігімізді, егемендігімізді ту етіп желбіреткелі талай жыл өтті. Осы уақыт ішінде елдігімізді танытып, еңсемізді көтерген қаншама маңызды оқиғалар болды. Тәуелсіздік алғаннан бергі жетістіктеріміздің салмағы зор.
Әр жылдың өз шежіресі, өз сыры, өз тарихы бар. Тәуелсіздік жолында талай жандар құрбан болып, «елім» деп еңіреп өтті. Ата-бабаларымыз қиын-қыстау кезеңдерді, қуғын-сүргінді бастан кешірді.
ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың сөзі: «Біз Қазақстанның Тәуелсіздігінің оңайлықпен келмегенін біліп, оны қадірлеуіміз керек. Әрбір Қазақстан азаматы Елтаңбаны, Әнұранды, Туды мақтанышпен көтеруі керек. Әрбір азамат өз Отаны үшін еңбек етуге, қажет болса, жанын қиюға міндетті».
III. Оқушылардың сөзі
1-оқушы
Азаттық. Теңдік. Тәуелсіздік. Осы үш ұғымның салтанат құруы үшін кімдер бас тікпеді, кімдер құрбан болмады?!
2-оқушы
Тәуелсіздік шежіресіне көз тоқтатып қарайық. Дүбірлі батырлар заманынан бері елі мен жері үшін қаншама қан төгілді, қаншама адам құрбан болды.
3-оқушы
Абылай заманы — батырлар заманы. Найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен ел мен жер үшін айқасқан бабалар аманатын жалғастырған боздақтар аз болмады.
4-оқушы
«Ақтаңдақ» жылдарында қазақ деп қабырғасы қайысқан қайраткерлер де тәуелсіздікке жеткізер жолдағы құрбандар еді.
5-оқушы
Өршіл де намысқой қазақ халқы Ұлы Отан соғысы жылдарында да аянбай шайқасты.
6-оқушы
1986 жылдың 16 желтоқсаны — қазақтың санасын сілкіндірген Желтоқсан ызғары. Ол жылдар бойы арман мен тәуелсіздіктің қайнар көзі болды.
7-оқушы
Бұл — теңдік үшін, елдік үшін бас көтеріп, тәнін аямай, жанын пида еткен жастар арманының ұшқыннан жалынға айналған күні.
8-оқушы
Бұл күн — халқымыз қуанып, болашақ ұрпақ ұрандап еске сақтар күн.
IV. Тәуелсіздік шежіресі
Бізге тәуелсіздік туын, қазақтың көк байрағын биік көтеріп, ел екенімізді дәлелдеп, дүние жүзіне танылуымызға себеп болған — Желтоқсан оқиғасы. Азаттықты аңсаған, сол жолда аянбай қызмет еткен Алаш арыстары қуғын-сүргінге ұшырап, сталиндік қызыл террордың құрбаны болды.
Сол Алаш қайраткерлерінің азаттық идеясын жалғастырған, қыршын кеткен арыстардың аманатын арқалаған кейінгі толқын іні-қарындастарымыз 1986 жылдың 16 желтоқсанында тәуелсіздік үшін күресе білді.
V. Бейнеклип: «Желтоқсан желі»
«Желтоқсан желі» бейнеклипіне назар аударайық.
Естелік және тағзым
Бейбіт шеруге шығып, билік тарапынан кінәлі саналған жастарымыздың бір бөлігі қанды қырғында көз жұмды. Аман қалғандары бүгін өздері аңсаған азаттықтың қызығын көріп отыр.
«Уақыт — емші» деп жұбатсақ та, қыршын кеткен бауырларымыз есімізге түскенде жүректегі жан жарасы жаңғырып, қайғының салмағын терең сезінеміз.
Ұмытылмас есімдер
- Қайрат Рысқұлбеков
- Ләззат Асанова
- Сәбира Мұхамеджанова
- Ербол Сыпатаев
Желтоқсан оқиғасы салдарынан қаза болған жазықсыз жастарымыздың рухына бас иіп, бір минут үнсіздік жарияланады.
Бір минут үнсіздік.
VI. Тәуелсіздік хроникасы
Тәуелсіздік түскен жоқ қой аспаннан,
Тарихы оның тым әріден басталған.
Бодандықтан құтқарам деп елімді,
Талай боздақ қара жерді жастанған.
Бүгінде Қазақстан — көк байрағы биікте желбіреген, қазына байлығын ұқыпты игерген, ұрпағына ұлттық тәлім-тәрбие берген егемен ел. Аз уақыт ішінде экономикасы мен мәдениеті өркендеп, аймақтағы айбынды мемлекеттердің біріне айналды.
Еліміз болашаққа нық қадам басып, әлем кеңістігінде өз беделін арттыруға бет түзеді. Осы кезеңдегі елеулі өзгерістерді «Тәуелсіздік хроникасы» слайдтары арқылы тамашалауға болады.
VII. Қазақ биі
«Қара жорға»
Орындайтындар: Айзада мен Рамазан.
VIII. Оқушылардың өлең оқуы
Біздің туған жеріміз, алтын бесігіміз — Қазақстан. Кең байтақ Отанымыздың бір шетінен екінші шетіне жету үшін құс қанаты талады дейді. Біз үшін Отанның шеті де, шегі де жоқ.
Көптің аузынан түспейтін «Отан» деген немене? Оның тұлғасын, түс-кейпін білгің келсе, тыңдап көр.
Жамбыл
Әуелгі Отан — ана алды, оттың басы,
Ауыл алды, аунаған шөптің қасы.
Сағынғанда тым ыстық көрінеді,
Жазда ойнаған үйшік қып сайдың тасы.
Жасұлан
Отан дейміз от жаққан жерімізді,
Отан дейміз өсірген елімізді.
Отан дейміз туған жер, атамекен —
Биік тау, орман, тоғай, көлімізді.
Отан дегеніміз — адамның туып-өскен жері, туған-туыстарымен, жақындарымен бірге өмір сүретін мекені.
IX. Мақал-мәтел
Қазір бәріміз мақал-мәтелдердің жалғасын табу ойынын ойнайық.
X. Ән
Орындайтын
Атапкелова Албина.
XI. Қорытынды
Бүгін сіздер өздеріңіздің Тәуелсіз еліміздің болашағы екендеріңізді, нағыз азамат болуға лайық екендеріңізді көрсете білдіңіздер. Еліміздің егемендігін айқындайтын құндылықтарды — ана тілімізді, Елтаңбамызды, Туымызды, Ата заңымызды, Әнұранымызды — бойтұмардай сақтап, әрдайым қастерлеуіміз керек.
Біз — елдің еркіндігін қорғайтын, жердің тұтастығын сақтайтын мықты ұрпақ болуға міндеттіміз.
Тілек
Тәуелсіз Қазақстан — ұлы Отаным,
Көк туымды қалайша құлатармын.
Тып-тыныш тұрып жатқан жайымыз бар,
Бәріміз — баласындай бір атаның.
Елімізде бақ-береке, ырыс болсын,
Қызыл тілім қанжардай қылыш болсын.
Халқымның ахуалы дұрыс болсын,
Еліміз әрқашанда тыныш болсын.
Осымен «Тәуелсіздік — тұғырым!» атты ашық тәрбие сағатымыз аяқталды. Алтын уақыттарыңызды бөліп, келіп тамашалағандарыңызға көптен-көп рақмет!