Модельді көрсету тәсіліне қарай топтау

Сабақтың тақырыбы

Модельдерді сипаттау әдістері, модельдердің қасиеттері және түрлері

Мақсаты

  • Программаның негізгі мүмкіндіктерін түсіндіріп, қосымша ақпарат арқылы білімдерін толықтыру.
  • Жеке жұмыс істеуге, жауапкершілікті сезінуге, нәтижеге ұмтылуға және өз бетінше ізденуге тәрбиелеу.
  • Есте сақтау мен зейін қабілеттерін дамыту, пәнге қызығушылықты арттыру.

Әдістері мен көрнекіліктері

Практикум Баяндау арқылы түсіндіру
Компьютер Оқулық Тақта

Міндеттері

  • Логикалық ойлау қабілетін дамыта отырып, білім, білік және дағдыларды қалыптастыру.

  • Оқушының өз бетімен жұмыс істеуін қолдау және шығармашылық қабілетін дамыту.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушыларды сабаққа дайындау, түгендеу.
  • Ұқыптылыққа және ынталы болуға баулу.

II. Үй тапсырмасын тексеру

Алдыңғы тақырып бойынша білім деңгейін сұрақ-жауап және қысқаша талқылау арқылы тексеру.

III. Жаңа сабақ

Негізгі ұғымдар

Модель
Нақты объектіні, процесті немесе құбылысты ықшам әрі шағын түрде бейнелеп көрсету.
Модельдеу
Объектілерді, процестерді немесе құбылыстарды зерттеу мақсатында олардың моделін (макетін) құру.

Күнделікті өмірдегі модельдер туралы

  • Модель көрнекі түрде жазбаша жоспар, сызба немесе схема ретінде жасалуы мүмкін.
  • Көбіне модель прототип туралы нақты түсінік қалыптасқанға дейін құрылады.
  • Бір объект үшін әртүрлі модель жасауға болады.
  • Модельдің түрі зерттеу мақсатына және прототип туралы жиналған мәлімет көлеміне тәуелді.

Модельдерді жіктеу өлшемдері

1) Қолдану аймағы

Модель не үшін және қандай мақсатта қолданылатынын сипаттайды.

2) Уақыт факторын ескеру

Модель объектінің уақыт бойынша өзгерісін көрсететінін немесе бір сәттік күйін беретінін айқындайды.

3) Білім саласына қарай

Модельдің қай салада қолданылатынын көрсетеді (физика, экономика, химия және т.б.).

4) Көрсету тәсілі

Материалдық немесе ақпараттық түрде ұсынылуына қарай бөлінеді.

Қолдану аймағына қарай модельдер

Оқу моделі

Көрнекі оқу құралдары, машықтандырушы және үйретуші бағдарламалар түрінде беріледі.

Тәжірибелік модель

Жобалау объектісінің кішірейтілген көшірмесі немесе өте ұсақ объектілер үшін үлкейтілген нұсқасы.

Ғылыми-техникалық модель

Процестер мен құбылыстарды зерттеу үшін құрылады. Мысалдар: электрондарды үдеткіш (синхротрон), найзағай разрядын бақылау құрылғысы, теледидарды тексеруге арналған стендтер.

Ойын моделі

Әскери, экономикалық, спорттық ойындар. Әртүрлі жағдайларда объектіні бақылауға жаттықтырады және психологиялық тұрғыдан көмектеседі.

Имитациялық модель

Нақты объектіні өте жоғары дәлдікпен бейнелейді. Тәжірибе объектіні зерттеу және бағалау үшін бірнеше рет қайталануы немесе бір мезгілде ұқсас объектілермен әртүрлі жағдайда қатар жүргізілуі мүмкін. Мұндай тәсіл жиі «байқау және қате» әдісі ретінде сипатталады.

Уақыт факторына қарай

Статистикалық модель

Объект туралы ақпараттың белгілі бір уақыт бөлігіндегі «үзіндісін» сипаттайды.

Динамикалық модель

Уақыт өтуімен объект қасиеттерінің өзгерісін көрсетуге мүмкіндік береді.

Көрсетілу тәсіліне қарай

Материалдық (заттық, физикалық) модель

Түпнұсқаның геометриялық және физикалық қасиеттерін көрсетеді. Қарапайым мысал: балалар ойыншықтары.

Ақпараттық модель

Қолмен ұстап, көзбен көру мүмкін емес, өйткені ол ақпаратқа сүйеніп құрылады. Қоршаған ортаны ақпараттық тұрғыдан зерттеуге мүмкіндік береді.

Ақпараттық модельдің анықтамасы

Ақпараттық модель — объектінің, процестің немесе құбылыстың қасиеттері мен күйін сипаттайтын ақпарат жиынтығы, сондай-ақ оның сыртқы әлеммен өзара байланысын көрсететін сипаттама.

Ақпараттық модель түрлері

Вербальдік модель

Ойша немесе әңгімелеу түрінде жасалатын модель.

Таңбалық модель

Арнайы таңбалармен, жасанды тіл құралдарымен көрсетіледі.

Геометриялық модель

Графикалық пішіндер мен көлемді конструкциялар арқылы беріледі.

Ауызша модель

Иллюстрацияны пайдаланып, ауызша және жазбаша сипаттау.

Математикалық модель

Параметрлер байланысын математикалық формулалар арқылы көрсетеді.

Құрылымдық модель

Схема, график, кесте сияқты құрылымдық көріністер.

Логикалық модель

Ой қорытындысы мен шарттарды талдауға сүйеніп, әрекет нұсқаларын көрсетеді.

Арнайы модельдер

Ноталар, химиялық формулалар және т.б.

Модельдеу үдерісінің логикасы

Жұмысты бастар алдындағы қағида

Кез келген жұмысты бастамас бұрын берілгенді, күтілетін нәтижені және орындалатын әрекеттердің кезеңдерін нақтылап алу қажет.

Прототип және шешім

Модельдеу кезінде бастапқы зерттелетін объект прототип деп аталады. Соңғы кезең — шешім қабылдау.

Нәтижесі

Модельдеу арқылы жаңа объект құруға, бар объектіні жетілдіруге немесе қосымша ақпарат алуға болады. Модельдеудің негізгі кезеңдері есептің қойылу шарты мен мақсатына байланысты анықталады.

IV. Сабақты бекіту

Жаңа ұғымдарды қорытындылап, мысалдар арқылы талдау.

V. Бағалау

Оқушыларды білім деңгейіне сәйкес бағалау.

VI. Үй тапсырмасы

Модельдерді сипаттау әдістері, модельдердің қасиеттері, түрлері.