Ана кім

Сабақтың мақсаты

Ата-аналар мен балаларды сайысқа қатыстыра отырып, халықтық педагогика негізінде салт-дәстүр туралы білімдерін байқау; ұлттық ән, би, қолөнер сияқты халық өнері жөніндегі танымын анықтау. Отбасы — Отанның бір бөлшегі екенін ұғындырып, оқушыларды ынтымақ пен бірлікке, татулық пен ұжымшылдыққа тәрбиелеу.

Ұлыстың ұлы күні туралы толық мағлұмат беру, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын үйрете отырып, Наурыздың қазақтың ұлттық мейрамы екенін айқындау.

Дамытушылық

Оқушылардың санасына халқына деген мақтаныш сезімін ұялату, өнері мен мәдениетін қастерлей отырып, дамыта оқыту.

Тәрбиелік

Мерекеге байланысты ұлағатты сөздердің мәнін аша отырып, адамгершілікке, елін және Отанын сүюге, ұлттық салт-дәстүрді дәріптеуге тәрбиелеу.

Сабақ форматы

Сабақтың түрі — сайыс сабақ. Әдіс-тәсілдері: түсіндіру, әңгімелеу, сұрақ-жауап, көрнекілік, ой қозғау, бекіту, қорытындылау.

Көрнекіліктер мен безендіру

  • Нақыл сөздер жазылған плакаттар
  • Ұлттық аспаптар, ұлттық киімдер
  • Көрпе, бесік, киіз
  • Ұршық, жүн, текемет
  • Ұлттық тағамдар
  • Шарлармен безендіру

Сабақтың барысы

Құрметті ұстаздар, ата-аналар, оқушылар! Дәстүрімізге айналған Ұлыстың ұлы күні — Наурыз құтты болсын!

Күлімдеген шуақты көктеммен бірге қазақ даласына Жаңа жыл келді. Жер әлем жайнап, әнші құстар сайрап, Наурыз тойы сән-салтанатпен тойлансын. Той құтты болсын! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Бұл мереке бәріңізге жақсылық әкелсін!

Ұлыс оң болсын Ақ мол болсын Береке-бірлік Салт-дәстүр

Үш ауыл — үш би өнегесі

Еліміздің бірлігі мен тұтастығына ерен еңбек сіңіріп, қиын кезеңде жол нұсқаған әз бабаларымыздың даналығы — бүгінгі ұрпаққа аманат. Осы сайыста XVIII ғасырдан жеткен билер мұрасына сүйене отырып, 3 «Ә» сыныбының ата-аналары үш ауыл болып сайысқа түседі.

Төле би ауылы

Топ басшысы: Ержакипова Гүлфия

Құрамы: 5 адам

Қазыбек би ауылы

Топ басшысы: Джабасова Замира Бимуратовна

Құрамы: 5 адам

Әйтеке би ауылы

Топ басшысы: Бердеева Тілектес Әбешовна

Құрамы: 5 адам

Салт-дәстүрмен жарасып, қайта құрып жаңаша, жарыса өнер көрсетіп, той тойлайық тамаша! Қол соғып қошеметтеп отырайық — отбасылар сайысқа келіп отыр.

Әділқазылар алқасы

  • №34 орта мектеп директоры А. С. Қорғанбаев
  • Оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі Қ. Қ. Абуова
  • Бастауыш сыныптар бойынша оқу ісінің меңгерушісі С. С. Сәрсенғалиева
  • Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Е. Қ. Ырысмағанбет

Әділқазылардан үш ауылдың өнерін әділ бағалауды, алалау мен жақын-жуыққа бұра тартпауды өтінеміз.

Сайыс кезеңдері

1) Таныстыру

Әр ауыл өз құрамын таныстырып, ұраны мен ерекшелігін көрсетеді. Отбасы — тәрбиенің өзегі екенін дәлелдейтін сәт.

2) Салт-дәстүр көріністері

  • Әйтеке би ауылы: Тұсау кесу рәсімі
  • Қазыбек би ауылы: Наурыздағы көрісу
  • Төле би ауылы: Бесікке салу

Отбасы құндылығы туралы ой

Ата-ана — отбасының негізгі діңгегі, бастапқы дәнекері. Дәстүрлі қазақ отбасында ата-ана қадірі ерекше. «Төрінен қарт кетпесін» деп тілеген халқымыз үлкенге құрмет көрсетуді, қартқа сүйеу болуды ата дәстүріне айналдырған. Ананың ақ сүтін, әкенің адал еңбегін ақтау — өз болашағыңды сақтау.

3) Ән-күй, өнер көрсету

«Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй…» — әр ауылдың өнерін тамашалау.

  • Әйтеке би ауылы: «Сұлу қыз»
  • Қазыбек би ауылы: «Ләйлім шырақ»
  • Төле би ауылы: Домбыра және халық әні

4) Қолөнер шеберлігі

Атадан қалған асыл мұра — шеберлік. Әр ауыл өз қолөнерін ұсынады.

  • Әйтеке би ауылы: Жүн шұлық тоқу
  • Қазыбек би ауылы: Құрақ көрпе
  • Төле би ауылы: Текемет басу

5) Үй тапсырмасы: ұлттық тағамдар

Әр ауыл ұлттық тағам түрін таныстырып, жасалу жолын түсіндіреді.

  • Әйтеке би ауылы: Жент, құрт
  • Қазыбек би ауылы: Ет тағамы
  • Төле би ауылы: Наурыз көже, тары, сары май

6) Ұршық иіру сайысы

Ұршықты иіре білу — ұрпаққа сын, ал дәстүрді құрметтеу — ұлтқа парыз.

  • Әйтеке би ауылы: Клара әже
  • Қазыбек би ауылы: Салиқа әже
  • Төле би ауылы: Ырысбике әже

7) Эрудиттер байқауы

Ұлттық салт-дәстүрге қатысты сұрақтарға ойлануға 1 минут уақыт беріледі.

  1. 1. «Дәстүрге арқа сүйемегеннің көсегесі көгермейді» деген мақалды қалай түсінесіз?
  2. 2. Жанұя — адам баласының қандай бесігі? (Өсіп-өнер, қаз тұрар, қанат жаяр)
  3. 3. Отбасының тірегі кім, діңгегі кім? (Тірегі — ана, діңгегі — әке)
  4. 4. Ата-ананың міндеті не? (Тәрбиелеу және жақсылыққа үйрету)
  5. 5. «Ата мен ананың ақылы — ...» (Қазулы қара жолмен тең)
  6. 6. Отбасында әке кім? (Қамқоршы, асыраушы) Ана кім? (Ұйытқысы, жылуы, шуағы)
  7. 7. Балаға кім сыншы?
  8. 8. Ананың парызын бала өтей ала ма?
  9. 9. «Жақсыдан жаман туады, ...» (Бір аяқ асқа алғысыз). «Жаманнан жақсы туады, ...» (Адам айтса, нанғысыз)
  10. 10. Баланың бас ұстазы кім? (Ата-ана)
  11. 11. Бала — адамның ... (бауыр еті)
  12. 12. Баланың жақсысы — ... (қызық), жаманы — ... (күйік)

8) Бата беру сайысы

Үлгілі ұрпақ атадан бата алады. Бар жақсылық балаға ата-ананың мейірімінен жасалады.

  • Әйтеке би ауылы: Әділ Тоғанасұлы
  • Қазыбек би ауылы: Ғалия әже
  • Төле би ауылы: Қартбаев Әмидұлла

9) Сән үлгісі сайысы

Ұлттық киім үлгісін таныстыру арқылы дәстүр сабақтастығын көрсету.

  • Әйтеке би ауылы: Келіншек бейнесі
  • Қазыбек би ауылы: Би мен бәйбіше бейнесі
  • Төле би ауылы: Келіншек бейнесі

Қорытынды және марапаттау

Ата-баба аманаты — ел дәстүрін білу, үлкенді ардақтау, жақсылыққа ұмтылу. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген сөздің мәні — ұрпақ тәрбиесінде ата-ананың жауапкершілігі ерекше екендігін еске салады.

Бүгінгі Наурыз мерекесіне орай өткізілген ата-аналар сайысы аяқталды. Әділқазылар алқасы сараптама жасап, әр ауыл жинаған ұпайына сәйкес марапатталады.

Алғыс

Жеті атаны жіктей білу, көне мұраларды мәнерлеп жеткізу, сұрақтарға орынды жауап беру және өнерді көркем көрсету арқылы ерекшеленген Әйтеке би ауылы, Қазыбек би ауылы, Төле би ауылының қадірлі ата-аналарына шынайы алғыс білдіреміз. Отбасыларыңызға тыныштық, береке, бірлік тілейміз.

Наурыз мерекелеріңіз құтты болсын!