Қалау рай тобына

7-сынып қазақ тілі: етістіктің райларын қайталау

Бұл сабақ етістіктің райлары бойынша меңгерілген теориялық білім деңгейін бақылауға және жүйелеуге бағытталған. Оқу үдерісі топтық жұмыс, талдау, шығармашылық тапсырмалар және өзара сұрақ-жауап арқылы ұйымдастырылады.

Сабақтың мақсаты

Етістіктің райлары бойынша алған теориялық білімдерін тексеру, қолдану және бекіту.

Міндеттері

  • Білімділік: етістіктің райларының өзіндік ерекшеліктерін ажырата білу.
  • Дамытушылық: білімді жүйелеу, жинақтау, талдау дағдыларын дамыту; ойды еркін әрі әдеби тілмен жеткізу.
  • Тәрбиелік: сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, адамгершілікке және туған жерді сүюге тәрбиелеу.

Ұйымдастыру ақпараты

Сабақ түрі:
білік пен дағдыны жинақтау сабағы.
Әдістер:
дамыта оқыту технологиялары, сын тұрғысынан ойлау стратегиялары.
Пәнаралық байланыс:
әдебиет, тарих.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Сабақтың тақырыбы хабарланады: етістіктің райларын қайталау.
  • Оқушылар 4 топқа бөлінеді. Әр топқа рай атауы беріледі: ашық рай, бұйрық рай, шартты рай, қалау рай.
  • Топ басшысы топ мүшелерінің жұмысын қадағалап, бағалау парағына белгі соғып отырады.

II. Үй тапсырмасын тексеру

«Менің арманым» тақырыбындағы шығармалар тексеріледі. Мәтіндерде етістіктің рай тұлғаларының қолданылуы ерекше назарда болады.

III. Актуалдау: «Келісу — келіспеу» стратегиясы

Оқушылар берілген тұжырымдарға «келісемін» немесе «келіспеймін» деп жауап береді, кейін дәлел келтіреді.

  1. 1. «Рай» сөзі «беталыс, бағыт, жөн» сөздеріне синонимдес.

    Келісемін
  2. 2. Ашық рай етістіктің шақ мағынасын білдірумен тікелей байланысты.

    Келісемін
  3. 3. Бұйрық рай үш шақтың бірінде қолданылып, сөйлеушінің шындыққа қатысты баяндауын білдіреді.

    Келіспеймін
  4. 4. Бұйрық райдың II жақ анайы түрінің жалғауы болмайды.

    Келісемін
  5. 5. Етістіктің бұйрық рай тұлғасына кейде -шы/-ші жұрнағы жалғанып та қолданыла береді.

    Келісемін
  6. 6. «Барсын, көрсін, айтсын» сөздері шартты райда тұр.

    Келіспеймін
  7. 7. Қалау рай іс-әрекеттің болу-болмауын білдіреді.

    Келіспеймін
  8. 8. Шартты рай жұрнағы -са/-се жалғанған етістік әрқашан қимылдың, іс-әрекеттің болу шартын білдіре бермейді.

    Келісемін
  9. 9. Қалау рай іс иесінің қимылды қалауын, ынтасын, ниетін білдіреді.

    Келісемін
  10. 10. «Бар, кел, барайық, келейік» сөздері қалау райда тұр.

    Келіспеймін

IV. Дамыту кезеңі: жаттығулар мен топтық тапсырмалар

1) 162-жаттығу: сөйлемді райға қарай түрлендіру

Етістіктерді теріп жазып, ашық райлы сөйлемнің қалай жасалғанын түсіндіру. Кейін әр топ сөйлемді өзіне берілген рай түріне айналдырады.

Ашық рай (ауыспалы өткен шақ): «Біздің бекінісіміз ойпаңдау жерде болатын».

Бұйрық рай (II жақ, анайы): «Біздің бекінісіміз ойпаңдау жерде болсын».

Қалау рай: «Біздің бекінісіміз ойпаңдау жерде болса игі еді».

Ескерту: берілген сөйлемді шартты райға айналдыру мүмкін болмағандықтан, шартты рай тобына бөлек сөйлемдер ұсынылады.

«Жылаған шешемен бірге жыласа, жігіттің жігіт болғаны қайсы, өйтсе, кісі уәдеден шыға ала ма?»

«Жылаған шешемен бірге жылап, жігіт үйден ұзақ уақытқа алыс жерге кетсе, баласының жылағанын көрген соң, үйде қалған ананың көзінен жас кете ме, көкірегінен сағыныш-қасіреті кете ме?»

2) 163-жаттығу: мәтіннен райлы сөйлемдерді табу

Қалау рай, ашық рай, бұйрық райлы сөйлемдерді теріп жазу үшін әр топтан бір оқушы тақтаға шығады. Мәтінде шартты рай кездеспегендіктен, бұл топқа қосымша сөйлемдер беріледі.

«Түстік өмірің болса, кештік мал жина».

«Не ексең, соны орасың».

3) 164-жаттығу (ауызша): «Бақыт» мәтіні

«Бақыт» тақырыбындағы мәтінді оқып, рай түрлерін ажырату.

Шығармашылық жұмыс: «Бақыт деген не?» тақырыбында ойтолғау жазу.

4) Топтық тапсырмалар: мәтінмен жұмыс

Ашық рай тобы

Аяқтау

Берілген тіркестерді қалау райлы етістік болатындай етіп аяқтап жазу:

  • «Талапты жанмен ...»
  • «Қызға қырық үйден тыю ...»
  • «Досы көп ...»
  • «Елдің атын ...»
  • «Айтпас жерде сөзіңді ...»
  • «Өнерлі жан өрге ...»

Шартты рай тобы

Талдау + түрлендіру

Мәтіндерден шартты райлы етістіктерді тауып, оларды ашық райға айналдыру:

«Ер жігіт айтпайды, айтса — қайтпайды».

«Оқи берсең — көзің ашылады, отыра берсең — жалқаулық басынады».

«Алтау ала болса — ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса — төбедегі келеді».

«Тіл тас жарады, тас жармаса — бас жарады».

Бұйрық рай тобы

Түрлендіру

Бұйрық райлы етістіктерді тауып, сөйлемдерді қалау райға айналдыру:

«Арлы-ожданды бол!»

«Намысыңды жастан сақта!»

«Халқыңды алалама!»

«Жақыныңды жаралама!»

«Құдай жарылқасын, бай қылсын, төрт түлігіңді сай қылсын!»

«Малды теппе, ақты төкпе».

«Есікті қатты қақпа, қатты серпіп жаппа».

«Кетпес дәулет берсін, кең пейіл берсін».

Қалау рай тобы

Талдау + түрлендіру

Мәтіндерден қалау райлы етістіктерді тауып, оларды шартты райға айналдыру:

«Дұғай сәлем бергейсің, ағам Есет беренге. Бекет қайда дегенге, Бекет кетті дегейсің — шықпайтұғын тереңге».

«Гүлі сұлу орманды сусатпағым келеді. Жүзі жылы жандарды құшақтағым келеді».

«Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі. Өзіне келер ұлын өзі билеп тұрса игі».

V. Білімді бекіту

«Бетпе-бет» студиясы

Әр топтан бір оқушы келесі топқа сұрақ қояды. Сұраққа өзге оқушылар да жауап бере алады. Негізгі талап — жауапты дәлелмен негіздеу және рай түрін нақты көрсету.

VI. Қорытынды

«Соңғы сөзді мен айтам…»

Топ басшылары өз топтарының атауына байланысты түйген ойларын айтып, сабақта қандай тұстар маңызды болғанын қорытындылайды.

VII. Үй тапсырмасы

Етістіктерді үш жақта және рай тұлғаларында түрлендіріп, мақал-мәтелдер мен өсиет сөздерді негізге ала отырып, «Атаның баласы ғана емес, адамның баласы болсам…» тақырыбында шығарма жазу.

VIII. Бағалау

Бағалау топ басшыларының бағалау парақтары ескеріліп жүргізіледі.