Ата өсиеті
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Бекарыстан би ауылы
Ү. Түктібаев атындағы №24 орта мектептің математика пәні мұғалімі — Қалиева Жадыра
Тақырыбы
Аталар мұрасы – халық қазынасы
Мақсаты
- Білімділік: аталардан қалған өнегелі, ғибратты сөздердің мәнін оқушыларға ұғындыру.
- Тәрбиелік: аталы сөзден өнеге алып, үлгі тұтуға баулу.
- Дамытушылық: тапқыр сөйлеуге, ақылды әрі салмақты ой айтуға үйрету.
Жоспар
Аталар сөзі – ақылдың көзі
Жүргізушілер сөзі
1-жүргізуші: «Сәлем — сөздің анасы» демекші, армысыздар, ағайын!
2-жүргізуші: Қадірменді көпшілік, «Аталар мұрасы – халық қазынасы» атты тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер!
1-жүргізуші: Ата-бабамыздан бізге жеткен ұлағатты, ғибратты, тәлім-тәрбие берер өсиет сөздер өте көп.
2-жүргізуші: Ендеше, күнделікті өмірде ата-әжелеріміз бен ата-аналарымыз жиі айтатын өнегелі сөздерге кезек берейік.
Сұрақ
Жігіт:
Ата! Қол бастау қиын ба, жол бастау қиын ба, сөз бастау қиын ба?
Жауап
Қарт:
Е, балам! Қол бастау қиын емес — көк найзалы ерің болса. Жол бастау қиын емес — соңынан ерген елің болса. Бәрінен де сөз бастау қиын: тауып айтсаң — мереке, таппай айтсаң — келеке.
Қарт:
Таза мінсіз асыл сөз — ой түбінде жатады.
Таза мінсіз асыл тас — су түбінде жатады.
Су түбінде жатқан тас — жел толқытса шығады.
Ой түбінде жатқан сөз — шер толқытса шығады.
Сөздің салмағы туралы нақыл
Әділ төре — ел бастар.
Батыр жігіт — жау бастар.
Аға жігіт — қол бастар.
Шешен адам — сөз бастар.
Құсты жинасаң — бүркіт жи,
қыс тоныңды түлкі етер.
Бір жақсымен дос болсаң —
азбас-тозбас мүлік етер.
Бір жаманмен дос болсаң —
бүкіл алаңға күлкі етер.
Түйін
- Ақыл — адамды аздырмайтын ем.
- Білім — таусылмайтын кен.
- Адамның басшысы — ақыл, жетекшісі — талап, шолғыншысы — ой.
- Жолдасы — кәсіп, қорғаны — сабыр, қорғаушысы — мінез болуы керек.
Домбыра — аталар мұрасының бірі
Орындау
Домбыра. Халық әні: «Еркем-ай»
Жыр жолдары
Әй, тәкаппар дүние, маған да бір қарашы! Танимысың сен мені — мен қазақтың баласы.
2-жүргізуші: «Ізетіңді ине етіп, иманыңды түйме етіп, инабатты киім етіп, жүрші, балам, жамандықты күйретіп» — дегендей, бабалар мұрасын бойға сіңіріп, жақсы дәстүрді жалғап, жамандықтан аулақ, жаны таза, елжанды ұрпақ болып өсейік.
Ата өсиеті
Көрініс
Жігіт:
Ассалаумағалейкум, ата!
Қарт:
Аманбысың, балам! Балам, бақытты болу оңай ма?
Жігіт:
Ата, жарың жақсы болса, бақыт жаныңда.
Қарт:
Жоқ, балам! Ақыл басыңда болса, бақыт жаныңда болады. Ақыл адамды азаптан да, мазақтан да құтқарады. Өмірде шын бақытты болам десең, ақылдылықты үйрен, не ақылды жанға жолық.
Сұрақ-жауап арқылы тәрбиелік ой
Қарт:
Балам, үйде кім, елде кім қадірлі?
Жігіт:
Үйде ана, елде бастық қадірлі.
Қарт:
Жоқ, балам. Үйде — қонақ, қарт, бала қадірлі. Елде — хан, әкім, ұстаз қадірлі. «Бала — үйдің патшасы; балалы үй — базар, баласыз үй — мазар» дейді халқым.
Қарт:
Үйдегі алтын қазық кім?
Жігіт:
Үйдегі алтын қазық — бала.
Қарт:
Жоқ, үйдегі алтын қазық — ана. Ана ақылды болса, бала дана болады. Ана тәрбиесі — қызға, әке тәрбиесі — ұлға үлгі. Ана — ақылшың, әке — қамқоршың, ағаң — қорғаушың, інің — сүйенішің, қарындасың — қанатың екенін ұмытпа. Ананы сыйламағанның ақылы кем, әкені сыйламағанның жақыны кем. Ананың мейірімі — көзінде, ықыласы — көңілінде, ақылы — сөзінде, балам.
Қарт:
Достықты нығайтатын не?
Жігіт:
Ынтымақ, бірлік, теңдік, туыстық, бауырмалдық достықты нығайтады.
Қарт:
Дұрыс, балам. Есіңде болсын: шын достық — ақылдыға тән. Дос болуды ойласаң, «Сәлеметсіз бе?», «Кешіріңіз», «Рахмет», «Сау болыңыз», «Сәлем айтыңыз», «Рұқсат па?» деген сөздерді шын көңілмен айтуға үйрен. Сәлемдесуді білген — кешіре де біледі. Жөн сөз — көңілді өсіреді, жөнсіз сөз — үмітті өшіреді.
Жігіт:
Рахмет, ата! Ғибратты сөздеріңізді жадымда сақтаймын.
Орындау
Домбыра. Халық әні: «Еркем-ай»
Түйінді ой
1-жүргізуші: Салт-дәстүр — халық педагогикасының бастауы. Егемендігіміздің арқасында қайта жаңғырған дәстүрімізді тұрмыста қолданып келеміз. Соның бірі — бата.
Баталы құл – арымас
Батаның мәні
1-жүргізуші: «Баталы құл — арымас, батасыз құл — жарымас. Батаменен ел көгереді, жауынменен жер көгереді» — дейді дана халқымыз.
2-жүргізуші: Бата — халық рухани күш алатын, сенімге сүйенген құдіретті тілек. Ол ел сенімін ақтайтын азаматқа, талапты жасқа, көптің жүгін көтерген жанға, жас сәбиге, не үлкендер бір игі іске риза болған сәтте берілетін ақ ниет әрі өмірлік жолдама.
Батаның түрі көп. Төменде — жас ұланға арналған бата үлгісі.
Жасұланға бата
Жігіт: Әумин!
Қарт:
Ата сөзі дарыған, мол бол!
Ақ уызға жарыған, шөл бол!
Абылайдай алып бол,
Шоқан сынды жарық бол,
Абайға ұқсап ойлы бол,
Құрманғазыдай күйші бол,
Ақандай сері бол,
Қажымұқандай ері бол,
Сәкендей сұңқар бол.
Бағың жанып әрдайым,
Жақсыларға жақын бол.
Осы айтқаным періште,
құлағыңа шалынсын.
Бәрінен де, құлыным — аман бол, қалқам, аман бол! Әумин!
Жарасып тұр дәстүрім
Кең даланың ежелгі,
Қазақ деген халқымыз.
Өзге ұлттай біздің де,
Бар дәстүр мен салтымыз.
Ата салты — ардақты,
Әрбір сөзі — салмақты.
Сол сөздерді ұқпасаң,
Тістерсің бір күн бармақты.
1-жүргізуші: Тілім барда — қазағым бар, халқым бар. Дәстүрім бар, ата жолы — салтым бар. Кең даладай шалқыған оймен, тәрбие сағатымызды осымен аяқтаймыз.
Қош сау болыңыздар!