Домбыраға арнайы шығарылған музыка

Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің технологиялық картасы

Мекеме: БҚО, Ақсай қаласы №3 МДБҰ

Педагог: Жоғары санатты музыка жетекшісі Нуралиева Галия Аленовна

Топ: Ересек топ

Тақырыбы

«Күй сандықты ашамыз»

Білім беру саласы

Шығармашылық

Бөлімі: Музыка

Мақсаты

  • Ұлттық би қимылдары арқылы балалардың қол пластикасын дамыту.
  • Аспаптарды тембрлік бояуына қарай ажыратып, тануға үйрету.
  • Ұлттық музыкаға және ойынға қызығушылыққа тәрбиелеу.
  • Күйлерді тыңдауға, тануға, сипаттама беруге дағдыландыру.

Алдын ала жүргізілетін жұмыс

  • Қобыз туралы әңгімелеу, күй тыңдату.
  • Аспаптарды дыбысынан ажырату, әуенді-дидактикалық ойын ойнату.

Көрнекіліктер

Музыкалық аспаптар: бубен, қоңырау, қасықтар, металлофон, сырнай, домбыра, сылдырмақ; музыкалық баспалдақ; жануарлардың суреттері: қошақан, ат, түйе.

Билингвалдық компонент

Жеті нота
семь нот · seven notes
Аспап
инструмент · instrument
Баспалдақ
лесенка · ladder

Сабақтың барысы

Сабақ құрылымы балалардың қызығушылығын оятудан бастап, ноталар арқылы кезең-кезеңімен тапсырмаларды орындауға бағытталған.

Мотивациялық-қозғаушы кезең

Кіріспе

Балалар залға көңілді әуенмен кіреді.

Тәрбиеші: «Сәлеметсіңдер ме, балалар! Бүгінгі оқу іс-әрекетіміз ерекше: бізде қонақтар бар. Сондықтан ән-күй сабағында алған білімімізді көрсетейік».

«Білімімізді музыкалық баспалдақ арқылы көрсетеміз. Баспалдақтың әр сатысында тапсырма бар — бәрін орындауымыз керек».

Іздену-ұйымдастырушы кезең

Негізгі бөлім

«Балалар, музыкада неше нота бар?» — Жеті. «Демек, бізде жеті тапсырма болады».

Ноталарды қайталау (металлофонмен сүйемелдеу)

До, ре, ми, фа, соль, ля, си.

«Күй сандықты ашайық — до-до-до.

Тілдерін біз басайық.

Бас дыбысты басайық, жайлап әнге салайық.

Шалқып шығар сонда күй. Бәрі до-дан басталар…»

До нотасы — 1-тапсырма

Аспапты таны

Балалар аспаптарды дыбысынан танып, атайды (аспаптар ширманың артында ойнатылады).

Сұрақ

Көп аспап бірге ойнаса, қалай аталады?

Жауап: Оркестр

Сұрақ

Оркестр жетекшісі қалай аталады?

Жауап: Дирижер

Ре нотасы — 2-тапсырма

Күй туралы

Күй — домбыраға (ұлттық аспаптарға) арнайы шығарылған музыкалық шығарма.

Негізгі сұрақтар

  • Күйді кім шығарады? Күйші, сазгер
  • Қандай күйшілерді білесіңдер? Құрманғазы, Дина Нұрпейісова, Қорқыт, Тәттімбет

Қосымша мәлімет

  • Ұлттық консерватория: Құрманғазы атындағы.
  • Қорқыт ата ескерткіші: Қызылорда облысында орналасқан.

Ескерткіш пішіні қай қырынан қараса да қобызға ұқсайды: қатар тұрған төрт қобыз іспетті. Жел соққанда қобыздың үні естіледі.

Ми нотасы — 3-тапсырма

Тыңдау және талдау

Тапсырма

Күйді тыңдап, атауын және авторын айту; мазмұнына сипаттама беру.

Тыңдалған күй

«Қос алқа»

  • Күйдің мазмұны: әшекей бұйымдарға арналған (ерте кезде қыз-келіншектер сәндік әшекей таққан).
  • Авторы: Дәулеткерей.
  • Орындау аспабы: домбыра.

Келесі үзінді

Үзінді қобызда орындалады.

Салыстыру сұрақтары

  • Қобыз бен домбыра дыбысы бір-біріне ұқсай ма?
  • Домбырада қалай ойнаймыз? Ал қобызда?

Балалардың жауаптары тыңдалып, толықтырылады.

Фа нотасы — 4-тапсырма

Музыкалық-дидактикалық ойын

Ойын: «Әр жануарға сәйкес аспапты тап»

Көктемде, жазда жайлауда қойлар, жылқылар, түйелер жайылады. Жануарлардың бойы әртүрлі болғандықтан, оларға сәйкес музыкалық дыбыстау да әрқилы беріледі.

Қошақан

Қоңырау

Ат

Қасықтар

Түйе

Үлкен бубен

Өту тәртібі

Балалар 3 топқа бөлінеді: қойлар, аттар, түйелер. Әр аспап ойналғанда, соған сәйкес топ жануардың дыбысын салады.

Соль нотасы — 5-тапсырма

Би қимылдары

Қазақ халқы би өнерін жоғары бағалаған. Бидің әрбір қимылының өзіндік ерекшелігі және атауы бар. Тапсырма: суреттердегі би қимылдарын атап, көрсету.

1) Ағаш төсек

2) Тұмарша

3) Айна

4) Қошқар мүйіз

5) Аққу

Ля нотасы — 6-тапсырма

Ән орындау

Түсінік

  • Әннің әуенін кім жазады? Композитор (сазгер)
  • Сөзін кім жазады? Ақын

«Достарым» әні

Музыкасы: Ибрагим Нүсіпбаев
Сөзі: Ермек Елубаев

Балалар сүйемелдеумен әнді орындайды.

Си нотасы — 7-тапсырма

Қимылды ойын

Ойын: «Сен дос — мен дос»

Сен дос — мен дос,

Сен ақылды — мен ақылды,

Сен әдемі — мен әдемі,

Біз екеуміз доспыз.

Балалар жұптасып, қимылды ойын-биді орындайды. Ойын бірнеше рет қайталанады.

Рефлексивті-коррекциялаушы кезең

Қорытынды

«Балалар, бүгін неше тапсырма орындадық? Қандай тапсырмалар есіңде қалды?»

Балалардың жауаптары тыңдалып, қорытындыланады.

Қорытынды сөз

«Өте жақсы! Бүгін бәрің де музыкалық білімдеріңді және қабілеттеріңді көрсете білдіңдер. Сау болыңдар!»

Күтілетін нәтиже

Нені білді

Аспаптарды тембрлік бояуына қарай ажыратып, таниды.

Қандай түсініктерді игерді

Күйлерді тыңдау, тану және сипаттама беру дағдыларын меңгереді.

Меңгерген дағдылар мен іскерліктері

Музыканы қызығушылықпен және сезіммен қабылдайды.