Ананың тілі

ШҚО, Аягөз қаласы

К.М.М. К.Бозтаев атындағы жалпы білім беру мектебінің бастауыш сынып мұғалімі — Слямгазина Нұргүл Мұратқызы.

Іс-шара тақырыбы

«Бүлдіршін-Ару» — сыныпішілік қыздар сыны байқауы.

Мақсаты

  1. 1 Егемен елдің ертеңгі болашағының іргесін берік ететін қазақ қыздарының бойына мәдениеттілік, әдептілік, инабаттылық, ибалық, сыпайылық қасиеттерін қалыптастыру.
  2. 2 Жан-жақты білімді, сауатты болуға баулу; бойындағы өнерін және қолөнер шеберлігін дамыту, жетілдіру.
  3. 3 Аналардың өлшеусіз еңбегін бағалай білуге, мейірімділікке, қоғамның белсенді азаматшасы болуға тәрбиелеу.

Бағалау шарттары

Қатысушылар төмендегі өлшемдер бойынша бағаланады.

Сыртқы бейне және мәдениет

Киім киісі, шаш үлгісі, жүріс-тұрысы, әдеп мәдениеті.

Өзін таныстыру

Тегі, туған жері, қызығушылығы, әуес ісі және т.б.

Білім деңгейі

Сұрақтарға жауап беру, ойлау жүйесі, сауаттылық.

Өнерге бейімділік

Ән, би, көркем сөз немесе өзге өнер түрлері.

Қолөнер шеберлігі

Өз қолымен бұйым жасау, ұқыптылық, шығармашылық.

Мәнерлеп оқу

Әдеби өлеңді нақышына келтіріп оқу қабілеті.

Сән көрсету

Сахна мәдениеті, жүріс ырғағы, өзін ұстауы.

Мақал-мәтел

Мақал-мәтелдерді білуі және орынды қолдануы.

Ескерту: Әр кезеңде осы шарттарға сай әділ бағалау жүргізіледі, қатысушылардың өзара сыйластығы мен мәдениеті бірінші орында.

Марапаттау

Негізгі жүлделер

  • Бас жүлде — 1
  • I орын — 1
  • II орын — 1
  • III орын — 1

Арнайы номинациялар

  • «Білімді ару»
  • «Өнерлі ару»
  • «Сүйкімді ару»

Безендіру және көрнекілік

Нақыл сөздер

  • «Ана — біздің күніміз.»
  • «Қыз — өмірдің қызғалдағы.»
  • «Қыз өссе — елдің көркі, гүл өссе — жердің көркі.»
  • «Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ.»
  • «Оқыған — жетер мұратқа.»

Көрнекіліктер

Суреттер, шарлар, гүлдер және мерекелік плакаттар.

Әуен мен сахна

Ән-күй, би қойылымдары және сахналық мәдениетке мән беру.

Іс-шара барысы

I. Ұйымдастыру

Қатысушылар мен қонақтарды қарсы алу, залдың дайындық деңгейін тексеру, шараның тәртібімен таныстыру.

II. Кіріспе бөлім

Мұғалімнің сөзі: Құрметті ұстаздар, ата-аналар, оқушылар! Бүгін біз үлкен мерекеге жиналып отырмыз. Бұл — көктем мерекесі. Наурыз айы — мерекелер айы. Көктемнің шуақты күндерімен қатар келетін бұл мейрамды тойламайтын халық жоқ.

Біз ананың ақ сүтінен нәр алып, өсіп-өніп келеміз. Күллі адамзат абзал да асыл жандардың алдында бас иеді. «Анаңды құрметтесең — еліңді құрметтейсің» демекші, мереке қарсаңында аяулы ата-аналарымыздың басын қосып отырмыз. Мерекелеріңіз құтты болсын, ардақты аналар!

Өлең жолдары

Гүлім

Жаным анам, жүзіңнен нұр шашылған, Қысылғанда табыласың қасымнан. Талай-талай шаршатқаным еркелеп, Көрініп тұр қырау шалған шашыңнан.

Елнұр

Қуанышпен күлім қағып қарайсың, Сәбиіңді шаттығыңа санайсың. Тілегіңді жүрегіңнен сыйлайсың, Сен — мен үшін аппақ таңсың, арайсың.

Осыдан кейін аналарға арналған әдеби монтаж орындалады (оқушылар тақпақтарын айтады).

III. Негізгі бөлім

1) Қатысушыларды таныстыру

Жүргізушілер сөзінен кейін «Бүлдіршін-Ару» сайысына қатысушы қыздар саппен ортаға шығады. Қыздар реттік нөмір алып, кезекпен өзін таныстырады.

2) Қазылар алқасымен таныстыру

  • Тәрбие ісінің меңгерушісі
  • Бастауыш бірлестігінің жетекшісі
  • Бастауыш сынып мұғалімі

3) «Сән үлгісі» кезеңі

Қатысушылар реттік нөмірі бойынша кезекпен сахнада сән үлгісін көрсетеді. Бағалау барысында жүріс-тұрыс, сахна мәдениеті және жалпы үйлесім ескеріледі.

4) «Мақал — сөздің мәйегі» кезеңі

Қыздар арасында мақал-мәтел айту сайысы өтеді. Ой ұшқырлығы мен тіл байлығы бағаланады.

Музыкалық үзіліс

Ән: «Ананың тілі».

5) «Өнерлі ару» кезеңі

Қатысушылар жеке-жеке өнерін көрсетеді (ән, би және т.б.).

6) «Білімдіге дүние жарық» кезеңі

Қыздар сандықшадан сұрақтарды екі реттен таңдап, жауап береді. Білім деңгейі мен нақты, жүйелі сөйлеуі бағаланады.

7) «Шебер қолдар» кезеңі

5 минут ішінде өз қолымен бір бұйым жасап көрсетеді. Ұқыптылық, идея және орындалу сапасы ескеріледі.

Би қойылымы

Би: «Қара жорға».

8) «Анаға тарту» кезеңі

Қатысушылар үйден дайындап келген өлеңдерін мәнерлеп, нақышына келтіріп оқиды.

IV. Қорытынды

Көрермендер жас өрендердің өнеріне ризашылығын білдіреді. Сайыс аяқталып, қазылар алқасы қорытынды баға береді.

  1. 1 Әділ қазыларға сөз беріледі.
  2. 2 Сайысқа қатысушы бүлдіршін арулар марапатталады.
  3. 3 Сыныптың қоғамдық жұмыстарына белсенді араласқан аналар марапатталады.
  4. 4 Қорытынды сөз айтылады.