Қарапайым графикалық редакторы

Сабақ туралы мәлімет

Өтетін орны

Қостанай облысы, Арқалық қаласы, Фурманов ауылы, Фурманов орта мектебі

Пән / Сынып

Информатика, 5-сынып

Мұғалім

Айдын Естайлакова

Сабақтың тақырыбы

Қарапайым графикалық редактор: сурет салу, сақтау және ашу

Бұл сабақта оқушылар Paint графикалық редакторымен жұмыс істеуді тәжірибе арқылы меңгереді: құралдарды дұрыс қолдану, сурет салу, дайын жұмысты сақтау және қажет файлды қайта ашу.

Сабақтың мақсаттары

Білімділік

Редактордың құрал-саймандарын дұрыс пайдалану және негізгі командаларды орындай алу дағдыларын қалыптастыру.

Дамытушылық

Графикалық бейнелеу тапсырмаларын орындау арқылы бейнелік ойлауды дамыту.

Тәрбиелілік

Эстетикалық талғамды қалыптастыру, нәтижеге жұмыс істеуге және уақытты үнемдеуге дағдыландыру, ақпараттық мәдениет пен компьютерлік сауаттылыққа тәрбиелеу.

Сабақтың форматы

Сабақ типі

Практикум элементтері бар көрсетіп-түсіндіру сабағы.

Сабақ түрі

Аралас сабақ (теория + практика).

Әдістер

  • Түсіндіру, баяндау
  • Сұрақ-жауап
  • Жазбаша жұмыс
  • Әңгіме

Құрал-жабдықтар

  • АКТ құрылғылары
  • Үлестірмелер
  • Көрнекі құралдар

Сабақтың барысы

  1. I Ұйымдастыру кезеңі
  2. II Үй жұмысын тексеру («Өзіңді тексер»)
  3. III Жаңа сабақты түсіндіру (оқулықпен жұмыс)
  4. IV Жұмбақтар шешу
  5. V Тапсырмалар орындау
  6. VI Сәйкестендіру тесті
  7. VII Қорытындылау
  8. VIII Үй тапсырмасын беру
  9. IX Бағалау

Үй жұмысын тексеру: «Өзіңді тексер»

Оқушылар файлдармен жұмыс істеуге қатысты негізгі бұйрықтар мен пернелер тіркесімдерін қайталайды.

1) Файлды сол атпен қайта сақтау үшін қандай бұйрықты таңдау керек?

  • а) «Қалай сақтау»
  • в) «Қайтадан сақтау»
  • с) «Сақтау»
  • d) «Құру»

2) Файлды жаңа атпен қайта сақтау үшін қандай бұйрықты таңдау керек?

  • а) «Қалай сақтау»
  • в) «Қайтадан сақтау»
  • с) «Сақтау»
  • d) «Құру»

3) Ctrl + O пернелер тіркесімі қандай бұйрықты алмастырады?

  • а) «Қалай сақтау»
  • в) «Ашу»
  • с) «Сақтау»
  • d) «Құру»

4) Ctrl + S пернелер тіркесімі қандай бұйрықты алмастырады?

  • а) «Қалай сақтау»
  • в) «Ашу»
  • с) «Сақтау»
  • d) «Құру»

5) Қосымшаның терезесін жабу үшін қандай пернелер тіркесімін қолдануға болады?

  • а) Ctrl + S
  • в) Ctrl + O
  • с) Alt + F4
  • d) Alt + Tab

Жаңа сабақ: Paint әлеміне ертегі арқылы саяхат

Ерте, ерте, ертеде түрлі түстер өмір сүріпті. Олардың әрқайсысының өз аты бар екен: қызыл, жасыл, көк, сары, қара және тағы басқа. Бір күні қарындаш оларды жинап алып, сурет салмақ болады. Бірақ түстер өз бетімен кетіп, қиқарлық көрсетеді. Қарындаш олардың мінезіне шыдамай, Microsoft ағайға хат жазыпты:

Хат үлгісі

Құрметті Microsoft ағай, түстер өз бетімен кетті. Тез арада келуіңізді өтінемін.
Мекенжайым: Windows ауылы, Программалар көшесі.
Сәлеммен: Қарындаш.

Осыдан кейін Microsoft ағай ойланып-толғанып, сурет салуға арналған редактор құрастырып, оның атын Paint деп қойыпты.

Негізгі ұғымдар мен сұрақтар

Paint қалай іске қосылады?

Іске қосуБағдарламаларСтандарттыPaint.

Кемпірқосаққа ұқсайтын бөлік

Бұл — түстер палитрасы. Ол сурет салғанда қолданылатын түстерді таңдауға көмектеседі.

Терезеде жоғары-төмен, оңға-солға «жүгіретін» элемент

Бұл — сырғытпа (айналдыру) жолақтары. Олар жұмыс аймағын жылжытуға мүмкіндік береді.