Жүк машинасы

Қарағанды облысы, Жезқазған қаласы

№21 жалпы орта білім беретін мектебі КММ

Мектепалды даярлық тобы

Жетекшісі: Сыздыкова Жансулу Сериковна

Құрастыру сабақтарының мазмұны балалардың құрылыс материалдарымен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастырып, кеңістікте дұрыс орналастыруға, жоспарлауға және бірлесіп әрекет етуге бағытталған.

Құрастыру тақырыбы: Жүк машинасы

Мақсаты

  • Құрылыс материалдарымен таныстыру және жүк машинасын құрастыру.
  • Құрылыс материалдарын орынды пайдалануға жаттықтыру.
  • Ойлау қабілетін дамыту арқылы сүт таситын машинаны да құрастыра білуге үйрету.

Керекті құралдар

  • Әр балаға жеткілікті мөлшерде құрылыс материалдары.
  • Көлік түрлерінің суреттері.
  • Әліппе-дәптері.

Әдіс-тәсілдер

Үлгіні талдау Көрсету Түсіндіру Машиналарды салыстыру

Алдын ала жүргізілетін жұмыстар

  • Ойыншық машиналармен ойын ұйымдастыру.
  • Қала (ауыл) көшелеріне саяхат жасап, көлік түрлерін бақылау.

Сабақтың барысы (қысқаша сценарий)

Тәрбиеші бірнеше көлік түрінің суреттерін көрсетіп, олардың не үшін қолданылатынын әңгімелейді (жеңіл машина, автобус, сүт таситын машина және т.б.).

Осы көліктердің ішінде жүк машинасына ерекше тоқталып, оның бөліктерін талдайды: қорабы, кабинасы, дөңгелектері.

Сызба-үлгі арқылы суретті сипаттатып, әліппе-дәптердегі тапсырма бойынша құрастырудың ретін түсіндіреді. Балаларға құрылыс материалдарын пішіні мен көлеміне қарай таңдап алып, бөліктеріне сәйкес орналастыру ұсынылады.

Құрастыру алгоритмі

  1. 1 Алдымен екі дөңгелек қойылады (цилиндр пішінді бөренелер).
  2. 2 Дөңгелектердің үстіне пластина орналастырылады (жұқа тақтайша).
  3. 3 Кабинасы төрт бірдей қысқа кірпіштен жасалады: үшеуі қатар қойылады, біреуі ортадағы кірпіштің үстіне орналастырылады.
  4. 4 Кабинаның үстіне шетін ала тігінен екі кірпіш, олардың үстіне көлденең екі кірпіш қойылады.
  5. 5 Жүк таситын қорабы екі ұзын кірпіш және бір қысқа кірпіштен құралады.
  6. 6 Тәрбиеші балалардың іс-әрекетіне басшылық жасап, қажет болған жағдайда көмек көрсетеді.
  7. 7 Балалардың дербес шығармашылықпен жұмыс істеуіне бағыт беріледі: бөлшектерін толықтырып, өз ойымен жетілдіруге мүмкіндік жасалады.
  8. 8 Талапқа сай құрастырылған жұмыстар мадақталып, ерекше атап өтіледі.

Өлең жолдары

Отырамын рөлде,
Моторым гүрілде.
Ойыншығым — машинам,
Тарт алға асыға.

Сенімен тасимын,
Көмір мен тасыңды.
Таудай ғып артамын,
Бидай мен арпаны.

Сабақ соңында балалар көлік түрлерінің пайдасы мен ерекшелігін, не үшін қолданылатынын әңгімелеп, өздері білетін тақпақтар мен жұмбақтарын айтады.

Ескерту: жүк машинасын сүт таситын машинаға өзгерту

Жүк машинасын сүт таситын машинаға айналдыру үшін құрылыс материалдарының бөліктерін ауыстыру жолы түсіндіріледі. Мысалы, жүк машинасының қорабын жасаған үш кірпіштің орнына дөңгелек цилиндр пішінді құрылыс материалы қолданылады.

Құрастыру тақырыбы: Гараж

Мақсаты

  • Құрылыс материалдарымен жұмыс жасау дағдыларын қалыптастыру.
  • Көлемі мен пішініне сәйкес кеңістікте дұрыс орналастыруға жаттықтыру.
  • Ойыншық машиналардың көлеміне қарай гараж құрастыру.
  • Жұмыс барысында жоспарлай білуге, бірлесіп еңбек етуге тәрбиелеу.

Керекті құралдар

  • Құрылыс материалдары.
  • Сызба-үлгі суреттер.
  • Әліппе-дәптері.
  • Үлкен және кіші ойыншық машиналар.

Әдіс-тәсілдер

Сұрақ-жауап Әңгімелесу Суреттер мен сызбаларды талдау Құрастыру жолын түсіндіру Ойын іс-әрекеті

Алдын ала жүргізілетін жұмыс

Жақын жердегі гаражға мақсатты серуен ұйымдастыру.

Сабақтың барысы (сұрақтар мен түсіндіру)

Тәрбиеші балалардан көлік түрлерін атауды сұрайды (автобус, троллейбус, жеңіл машина, поезд, ұшақ және т.б.).

Сұрақ қояды: «Жеңіл машиналарды кешке жұмыстан кейін қайда қояды?» (Жауабы: гаражға.)

Қосымша сұрақтар: «Автобустарды ше? Троллейбустар қайда тұрады?» (Автобус және троллейбус парктерінде.)

Балалардың тәжірибесін нақтылау үшін: «Кімнің үйінде жеңіл машина бар? Әкелеріңмен гаражға барып көрдіңдер ме?»

Ойлау қабілетін арттыру үшін жұмбақтар шешкізіледі.

Жұмбақтар

Сымға асылып,
Жүр асығып.

Жауабы: Троллейбус

Күні-түні көше кезіп зырлайды,
Жолаушыға қызмет етіп тынбайды.

Жауабы: Такси

Табанында жолы бар,
Төбесінде қолы бар.

Жауабы: Трамвай

Негізгі түсінік

Тәрбиеші түсіндіреді: жол көліктерінің де адамдардың үйі сияқты өз орны болады. Ол орын гараж деп аталады.

Гараж — бір машина тұратын орын, ал автотұрақ — әртүрлі әрі бірнеше көлік тұратын орын.

Бүгін балалар құрылыс материалдарынан гараж құрастыратыны хабарланады.

Гаражды құрастыру қадамдары

  1. 1 Әр балаға ойыншық машина беріледі. Әліппе-дәптердегі үлгіге мұқият қарап, тапсырмаларға бағыт беріледі.
  2. 2 Сызба-үлгі бойынша гараждың неден жасалғанын анықтайды: қабырғасына, төбесіне, есіктеріне қанша кірпіш керек екенін есептейді.
  3. 3 Көлемін, пішінін, ұзындығын және бөліктерді кеңістікте қалай орналастыру керектігін келіседі.
  4. 4 Кірпіш санын құрылыс материалдарының көлеміне сәйкес таңдайды: екі ұзын кірпішті немесе үш кірпішті қатар қойып, бір қабырғасын жасайды; дәл осылай екінші қабырғасын құрайды.
  5. 5 Екі қысқа кірпішпен артқы бөлігін құрастырады.
  6. 6 Төбесін пластинамен жабады.
  7. 7 Есігін бір жаққа немесе екі жаққа ашылатын етіп жасауды бала өзі таңдайды.
  8. 8 Гаражды алдын ала берілген ұсақ ойыншық машиналардың көлеміне сай етіп құрастыру ескертіледі.
  9. 9 Құрылыс дайын болғанда, машиналарын гаражға қойып, есігін жауып, ойын іс-әрекетіне көшеді.
  10. 10 Жұмысты бағалау балалармен бірлесе жүргізіледі; жақсы орындалған жұмыстар мадақталып, қорытындыланады.