Түсіне білгенге сөйлей білу - өнер
Сабақтың тақырыбы: Тіл – рухани қазына
Бұл кіріспе сабақ колледжде оқытылатын қазақ тілі пәнінің мазмұнын, мақсат-міндеттерін, бағытын және күтілетін нәтижелерін таныстыруға бағытталған. Сонымен бірге «Тіл жоқ жерде ұлт та жоқ» қағидасының мәнін ашып, тілдің әр халықтың рухани қазынасы екенін терең түсіндіреді.
Мақсаты
- Білімділік: пәннің мақсаттары, міндеттері, бағыттары және күтілетін нәтижелерімен таныстыру; тілдің ұлт өміріндегі орны мен құндылығын түсіндіру.
- Дамытушылық: студенттердің білімін тексеру, толықтыру; қызығушылығын арттыру; танымдық қабілетін шыңдау.
- Тәрбиелік: ана тіліне сүйіспеншілікті күшейту; тіл тазалығын сақтауға, өзара сыйластыққа, дұрыс қарым-қатынас мәдениетіне тәрбиелеу.
Сабақтың сипаттамасы
- Түрі
- Кіріспе сабақ
- Әдісі
- Баяндау, сұрақ-жауап, сұхбат, іздендіру, ой қозғау
- Көрнекілігі
- Дидактикалық материалдар, тіл туралы даналық сөздер
- Пәнаралық байланыс
- Тарих, әдебиет
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру
- Сәлемдесу.
- Түгендеу.
- Назарды сабаққа аудару.
II. Ой қозғау
Төмендегі өлеңді мәнерлеп оқып, ой түйінін ортаға салыңыздар.
Туған тілім – бабам тілі – өз тілім!
Туған тілім – анам тілі – өз тілім!
Туған тілім – далам тілі – өз тілім!
Туған тілім – адам тілі – өз тілім!
Туған тілде сыры терең жаным бар,
Туған тілде әнім менен сәнім бар.
Туған тілім тіл болудан қалса егер,
Жүрегімді суырып-ақ алыңдар!
III. Жаңа сабақ: тілдің құндылығы және сөз мәдениеті
Қазақстан Республикасының «Тілдер туралы» Заңында тілдің ұлт үшін айрықша құндылығы атап көрсетіледі:
«Тіл – ұлттың ұлы әрі аса игілігі, оның өзіне тән ажырағысыз белгісі. Ұлттық мәдениеттің гүлденуі мен ұлттың болашағы тілдің дамуына және оның қоғамдық қызметінің кеңеюіне тығыз байланысты».
Тілдің көмегімен өнер-білімді, ғылымды игереміз; өткенімізді саралап, сабақ аламыз. Тіл арқылы рухани байлығымызды меңгеріп қана қоймай, оны әлемге танытамыз. Сондықтан «Өнер алды – қызыл тіл» деген сөздің астарында терең мән жатыр.
Елдің қуаты тек экономикалық дамуымен өлшенбейді: мәдени және рухани өре де айқындаушы рөл атқарады. Ал мәдениет пен руханияттың өзегі — тіл. Халықтың сақталуы да, тұтастығы да тіліне байланысты.
Ана тілі — халықтың жаны, болмысы, кескін-келбеті. Қазақ тілі — әлемдегі ең бай, оралымды әрі бейнелі тілдердің бірі. Ол ғылым мен мәдениетке, қоғамдық-саяси өмірдің барлық саласына қызмет ететін лексикалық байлығымен, қалыптасқан жазу жүйесімен және сараланған стильдік нормаларымен ерекшеленеді.
Ұлы Абайдың сөзі: «Өткірдің жүзі, кестенің бізі, өрнегін сендей сала алмас» — деп таңырқап, тағзым еткен тіл.
Адамдар бір-бірімен қарым-қатынас жасау арқылы қоғам құрайды. Түсінісудің негізгі құралы — тіл. Сондықтан әр адам дұрыс сөйлей білуі, сөйлеу мәдениетін меңгеруі және оны күнделікті өмірінде қолдануы тиіс.
Қарым-қатынас — адамның отбасымен, өскен ортасымен, елімен, жерімен, дәстүрі мен мәдениет қазынасымен жанды байланысы. Сөйлесу үстінде адамның жан дүниесі мен өмірлік ұстанымы көрінеді. Әдеп — пікірлесу мен тілдесудегі мәдениеттің тірегі.
Сөз мәдениеті — сөзді орынды қолдану, ойды дәл жеткізу, емле мен тыныс белгілерін дұрыс сақтау, тілдің көркемдігін және тарихи сабақтастығын қорғау.
Дәйексөз: тіл қадірі — дұрыс сөйлеуден басталады
«Тілді қадірлеу дұрыс сөйлеуден басталады. Жүйесін тауып айтылған сөз жүрекке тиіп, жүйкені босатады. Адам мәдениетінің алғы шарты — дұрыс сөйлей білу. Түсіне білгенге сөйлей білу — өнер. Тілін түсінбеген түбін білмейді».
Ғабит Мүсірепов
2) Мақал — сөздің мәйегі
Топ екіге бөлініп, мақал-мәтелдерді толықтырып, мағынасын түсіндіреді.
- Жақсы (байқап) сөйлер, жаман (шайқап) сөйлер.
- Бір жылы сөз бітірер (мың көңілдің) жарасын.
- Сөз (қадірін) білмеген, өз (қадірін) білмейді.
- Сәлемі (жараспағанның), сөзі де (жараспайды).
- Сөйлей білмеген кісіден (үре білген ит) артық.
- Сөйлей білмес жаманның, сөзі өтпес бір (пышақ). Сөз білетін адамның, әр сөзіне бір (тұсақ).
3) «Тапқыр болсаң, тауып көр»
Берілген сөздерді байланыстырып, тұрақты тіркестерді табыңыздар және мағынасын ашыңыздар.
Мұзға отырғызу
Мағынасы: алдау.
Сөзі жарасты
Мағынасы: уәделесті.
Ит терісін басына қаптады
Мағынасы: қатты ұрысты.
Ат тонын ала қашу
Мағынасы: мойындамау.
Тайға таңба басқандай
Мағынасы: анық.
Мұрнын көкке көтеру
Мағынасы: менменсу, менсінбеу.
Аспанмен таласқан
Мағынасы: өте биік.
Сау басына сақина тілеп алу
Мағынасы: өз басына бәле табу.
IV. Сабақты бекіту: «Ұлылардан ұлағат»
Топтар даналық сөздерді дәптерге көшіріп жазады. Олардың бірін таңдап, ойтолғау жазады.
Ой көрігінен сомдалып шыққан сөздің шынайысы да, жалғаны да болады.
Әр сөздің айтылуына қарай мың мағынасы бар.
Тіл — ішкі сырды сыртқа шығаратын құрал.
Ойың дұрыс болса, сөзің дұрыс; олай болса, ісіңнің иесі де дұрыс.
Құнды сөз — құнарлы ойдан туады. Сөз көмескілігі — ой мен пікір көмескілігінің айнымас белгісі.
Сөйлеу мәдениеті өспейінше, жоғары ақыл мәдениетіне жетуге болмайды.
Тіл қаруы — сөз, сөз қаруы — ой. Ақылды ой, алғыр сөз — адамның ең жоғарғы қасиеті.
Тіріні көрге салар да — сөз, өліні тірілте алар да — сөз.
V. Үй тапсырмасы
Тіл туралы өлең жаттап келу.
VI. Бағалау
Бағалау оқу барысындағы белсенділікке, жауап сапасына, тапсырмаларды орындау дәлдігі мен ой қорыту деңгейіне сүйене отырып жүргізіледі.