Сүйіспеншілік күші

Сабақтың тақырыбы

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде...» (презентациямен)

Сабақтың мақсаты

Оқушыларды өз денсаулығына күтім жасауға тәрбиелеу, жеке гигиенаны сақтауды қалыптастыру, зиянды заттардың ағзаға әсерін түсіндіру. «Денсаулық» құндылығы туралы түсініктерін кеңейту.

Көрнекілігі

  • Интерактивті тақта
  • Нақыл сөздер

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

  • Сәлемдесу
  • Оқушыларды түгелдеу
  • Журнал толтыру

Мұғалім сөзі

«Бірінші байлық — денсаулық» дейміз. Бірақ осы сөздің салмағы мен жауапкершілігін көбіне толық сезіне бермейміз. Айтылған сәтте көңілімізге қонады, құлағымызға жағады, келісеміз. Сосын өзіміз бейқам жүре береміз. Ал бір күні арылмас дертке шалдығып, бармақ тістейміз.

Денсаулық — тәндік, рухани және әлеуметтік игіліктің тұтас жиынтығы. Денені шынықтыру, сана сапасын көтеру, интеллект өрісін кеңейту, рухты шыңдау — мұның бәрі де денсаулыққа қызмет етеді. «Дені сау адам — табиғаттың ең қымбат жемісі» деуі бекер емес.

Қауіп тудыратын әдеттер

Бүгінде балалар мен жастардың денсаулығына қауіп төндіретін жағдайлар көбейіп отыр:

  • темекі тарту
  • ішімдік ішу
  • есірткі және улы заттарға әуестік
  • құмарлыққа тәуелділік
  • адамгершілікке жат мінез-құлық
  • ерте жыныстық қатынас

Негізгі ой

Мамандардың айтуынша, денсаулықтың мықты болуы адамның ерік-жігеріне тікелей байланысты. Оны ешнәрсемен алмастыруға болмайды. Қоғамдағы жаман әдеттердің басты себебі — адамның өз таңдауы.

Жат әдеттерден бойды аулақ ұстап, төзімділік пен табандылық танытып, адамгершілік қасиеттерді жоғары қоя білуіміз керек.

Халқымыздың «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағидасы — әрқайсымыздың жадымыздан шықпайтын биік ұстаным.

Салауатты өмір салты

Салауатты өмір сүремін десеңіз, ешкім оған қарсы тұра алмайды. Салауатты өмір салтына дене шынықтыру, спорт, туризм, табиғат аясында серуендеу, таза ауада жиі жүру жатады.

Күн тәртібі

Кешкі ас ішкеннен кейін таза ауада 1–2 сағат серуендеп, уақытылы ұйықтау пайдалы.

Ұйқы

Ұйқы 7–8 сағаттан кем болмауы тиіс.

Тамақтану

Тамақты әрдайым жаңадан әзірлеп ішкен дұрыс.

Түсінік

Табиғаттың адам үшін жаратылып, аманат етілгенін ескеріп, оны дұрыс пайдалану, денсаулыққа зиян келтірмейтін өмір салтын қадағалау — салауатты өмір салтының мәні. Адам денсаулығына зиян келтіретін жат әдеттерден аулақ болу қажет.

«Денсаулықтың он құпиясы»

  1. 1

    Денсаулық пен сырқаттың негізі біздің ақыл-ойымызда жатыр.

  2. 2

    Денсаулық тыныс алу мәдениетіне де байланысты.

  3. 3

    Шынығу әрекеттері күш-қуат береді.

  4. 4

    Дұрыс тамақтану — денсаулықтың тірегі.

  5. 5

    Күлкі — жанға да, тәнге де шипа.

  6. 6

    Демалыс — қалпына келудің шарты.

  7. 7

    Дене сымбатын дұрыс ұстай білу маңызды.

  8. 8

    Сенім күші — ішкі тірек.

  9. 9

    Сүйіспеншілік күші — өмірдің қуаты.

  10. 10

    Таза қоршаған орта — ұзақ өмірдің негізі.

Тапсырмалар мен ойын түрлері

І) Үй тапсырмасы

Үй тапсырмасы мұғалімнің нұсқауына сәйкес беріледі.

ІІ) «Кім көп біледі?» (мақал-мәтелдер)

  • 1. Темекінің кермегі — еріккеннің ермегі.

  • 2. Елемеген ауру жаман, ескірмеген дау жаман.

  • 3. Іздеп алған аурудың емі табылмас.

  • 4. Дәмі бардың емі бар.

  • 5. Аурудың жақсысы жоқ, дәрінің тәттісі жоқ.

  • 6. Бас аманда — мал тәтті, бас ауырса — жан тәтті.

  • 7. Ауырып жазылған жан — олжа, жоғалып табылған мал — олжа.

ІІІ) Сөзжұмбақ (сұрақтар)

  1. 1. Денені шынықтыратын, денсаулыққа мол сабақ.
  2. 2. Жалқаудың досы.
  3. 3. Қандай адамдардың көңіл күйі болмайды?
  4. 4. Жуынбай жүрген бала қандай бала?
  5. 5. Салақ бала неге ұшырайды?
  6. 6. Тұмау кезінде ішетін ұнтақ дәрі қалай аталады?
  7. 7. Қоршаған ортаны неден қорғау керек?
  8. 8. «Не болса, бәрін істейсің?» (мақалдың жалғасын тап).
  9. 9. Дәрілік шөп.

ІV) «Ойнайық та, ойлайық!» — Денсаулық достары

  • таза ауа
  • көңілді жүру
  • дұрыс ұйқы
  • тазалық
  • шынығу
  • демалу
  • дұрыс тамақтану
  • спорт

Денсаулық қастары

  • күн тәртібін сақтамау
  • салақтық
  • дұрыс тамақтанбау
  • жалқаулық
  • зиянды әрекеттер