Қазақтың тұңғыш ғарышкері кім
Сабақтың мақсаты мен сипаттамасы
Білімділік
Олжас Сүлейменовтің «Тұңғыш ғарышкер» өлеңінің мазмұнын түсіндіру, тұңғыш ғарышкер туралы мағлұмат беру.
Дамытушылық
Жұмбақ шешу арқылы оқушылардың ойлауын, қиялын, зейінін және есте сақтау қабілетін дамыту; сөз тіркестерімен сөйлеу дағдыларын жетілдіру.
Тәрбиелік
Ұжымшылдыққа, достыққа, ғарышкерлерді құрметтеуге, табиғатты аялауға тәрбиелеу.
Сабақтың түрі мен форматы
- Түрі: аралас сабақ
- Типі: жаңа материалды игерту
- Формасы: топтық, жұптық
Әдіс-тәсілдер және көрнекілік
- Әдістер: түсіндіру, сұрақ-жауап, әңгімелеу, талдау
- Көрнекілігі: интерактивті тақта, ойын элементтері, слайд материалдары
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен амандасу.
- Оқушыларды түгендеу.
- Оқу құралдарын дайындау.
- Назарларын сабаққа аудару.
Психологиялық дайындық (хормен)
— Осы біздер қандаймыз?
— Талабы биік таудаймыз!
— Біз нені ұнатамыз?
— Жақсылықты ұнатамыз, жамандықтан тез қашамыз.
— Қалай оқимыз?
— Көп оқимыз, терең оқимыз.
Жанып тұрған шырақпыз, толқынды су бұлақпыз.
— Біз кімбіз?
Елімізді өркендететін, Қазақ тілін көркемдететін, бабаларға тағзым ететін, аналарға бас иетін;
Елтаңбасымен еңселі, туымен тұғырлы, әнұранымен айбатты — Қазақ елінің болашағымыз!
2) Үй тапсырмасын тексеру
М. Төрежановтың «Бұлбұлдың әні» әңгімесін мазмұндау:
- 1-топ: көрініс көрсету.
- 2-топ: бұлбұлды сипаттау.
- 3-топ: автор туралы мәлімет айту.
3) Қызығушылықты ояту: жұмбақ арқылы топқа бөлу
Оқушылар жұмбақтың жауабын тапқаннан кейін, әр топ өз атауын иеленіп, қысқаша таныстырады.
Жұмбақ 1
Таңмен көзін ашады, әлемге нұрын шашады. (Күн)
Жұмбақ 2
Қараңғыда жымыңдай жанады, жарық түссе бірден сөніп қалады. (Жұлдыз)
Жұмбақ 3
Әдемі түнде мен жүрсем, жүреді бірге. (Ай)
Күн туралы
Күн жүйесі — Күннен, оны айнала қозғалатын 8 ірі планетадан (Меркурий, Шолпан, Жер, Марс, Юпитер, Сатурн, Уран, Нептун), олардың серіктерінен, мыңдаған кіші ғаламшарлардан, көптеген кометалар мен метеорлық денелерден тұратын ғарыштық жүйе.
Ай туралы
Ай — Жердің табиғи серігі. Өзінен жарық шығармайды, Жерге ең жақын аспан денесі. Жерді эллипстік орбита бойымен айналады. Диаметрі шамамен 3476 км (Жерден шамамен 4 есе кіші).
Жұлдыз туралы
Жұлдыз — өте қатты қызған газдан (плазмадан) тұратын, өзінен жарық шығаратын аспан денесі. Күн — жұлдыздың бір түрі; Жерге жақын болғандықтан ғана үлкен көрінеді. Ал жұлдыздар өте қашықта орналасқандықтан, телескоппен қарағанда да нүктедей көрінеді.
Көрсетілім
Телескоп туралы қысқаша бейнематериал көрсету.
Жаңа сабақ: «Тұңғыш ғарышкер»
Тақырыпты ашу (өрнектер арқылы)
Тақтадағы өрнектердің мәнін тауып, өсу ретімен орналастырғанда бүгінгі тақырып шығады:
| Бөлік | Өрнек |
|---|---|
| Тұң | 70 × 2 |
| ғыш | 490 : 7 |
| ға | 8 × 5 |
| рыш | 120 : 40 |
| кер | 10 : 10 |
Нәтиже: «Тұңғыш ғарышкер».
Ой қозғау: «ғарышкер» ұғымы
Сөз құрамы: түбір және қосымша.
Сөз табы: зат есім.
Ғарышкер — ғарышқа ұшу кезінде ғарыштық техниканы сынақтан өткізетін әрі пайдаланатын маман. Бұл мамандық адамның ғарышқа ұшуынан кейін (1961) кең танылды.
Сыныптық сұрақтар
- Қандай ғарышкерлерді білеміз?
- Ғарыш айлағы дегеніміз не?
- Қазақстанның ғарыш айлағы бар ма? Қалай аталады?
Қазақстандағы әйгілі ғарыш айлағы — Байқоңыр (картадан көрсету).
Ғарышты зерттеу: қысқаша шолу (оқушылар баяндамасы)
1-оқушы
Ғарышқа жол 1957 жылғы 4 қазанда ашылды.
2-оқушы
Қазір ғарышты игеру қарқынды дамуда: Жер айналасына мыңдаған жасанды серік ұшырылған, орбиталық стансалар жұмыс істейді.
3-оқушы
Автомат стансалар Күн жүйесінің бірнеше планетасына жіберіліп, ғылыми деректер алынды.
4-оқушы
Жасанды серіктер ауа райын алдын ала болжауға және қауіпті құбылыстардың алдын алуға көмектеседі.
5-оқушы
Серіктер арқылы телехабар таратылады, радио және телефон байланысы жүзеге асады.
6-оқушы
Ғарыш құрал-жабдықтары Жердің табиғи серігі — Айды зерттеуге мүмкіндік берді.
Автор туралы: Олжас Сүлейменов
- 1936 жылы Алматы қаласында дүниеге келген.
- Жазушы, ақын, қоғам және саяси қайраткер.
- 1961 жылы «Арғымақтар» атты еңбегі жарық көрді.
- 1989 жылдан «Семей—Невада» қозғалысының төрағасы.
- 2002 жылдан ЮНЕСКО-дағы Қазақстанның тұрақты өкілі.
- Италиядағы төтенше және өкілетті елші қызметін атқарған.
Өлеңмен жұмыс
Тыңдалым
Өлеңді үнтаспадан тыңдату.
Негізгі кейіпкер
Өлең Юрий Алексеевич Гагарин туралы.
Оқылым
Оқулықпен тізбектей оқу әдісі арқылы жұмыс.
Талдауға арналған сұрақтар
- Ақын Гагариннің «ақ жолын» неліктен алабөтен дейді?
- Неліктен елді, тарихты, өлеңді, байтақ даланы және табиғатты анаға теңейді?
- Ақын Гагариннің Жерді сүйетінін, қадірлейтінін қалай аңғартады?
Көрсетілім
Ю. А. Гагарин туралы слайд/бейнематериал көрсету.
Сергіту сәті
«Анашым» әнін орындау.
Қазақ ғарышкерлері
Тоқтар Әубәкіров
1991 жылы 2 қазанда Байқоңыр ғарыш айлағынан қазақтың қаһарманы Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров Қазақстаннан тұңғыш болып ғарышқа ұшты және сапардан аман-есен оралды.
Талғат Мұсабаев
Алматы облысында дүниеге келген. Алғаш рет 1994 жылы ғарышқа ұшты. Үш мәрте ғарышқа сапар жасаған.
Дәптермен жұмыс
- Ю. А. Гагарин — 1961 жылы ғарышқа ұшты.
- Т. О. Әубәкіров — 1991 жылы ұшты.
- Т. Мұсабаев — 1994 жылы ұшты.
Бекіту: «Бал жинау» ойыны
Оқушылар сұрақтарға жауап беріп, бал жинайды.
- Өлеңнің авторы кім?
- Гагарин ғарышқа қашан ұшты?
- Қазақтың тұңғыш ғарышкері кім?
- Талғат Мұсабаев туралы не білесің?
- Қазіргі таңда Байқоңыр ғарыш айлағын қай ел игеріп отыр?
- Ғарышкерлер туралы өлең неліктен осы бөлімде берілген деп ойлайсың?
Қорытынды әңгіме
— Біз осындай зымыранды қай пәннен жасадық?
— Еңбек пәнінен.
— Оны жасау оңай болды ма?
— Жоқ.
— Зымыран ұшырылғанда ауа райы қандай болуы керек?
— (Оқушылардың жауабы.)
Зымыран ұшырудың пайдасы мен ықтимал зияны туралы бейнематериал көрсету (мультимедиа).
Үй тапсырмасы және бағалау
Үйге тапсырма
- Өлеңді жаттау.
- «Ғарышкер болғым келеді» тақырыбына әңгіме жазу.
- Ғарышкерлер туралы қосымша мәлімет жинау.
Бағалау
Сабаққа белсенді қатысқан оқушыларды бағалау және мадақтау.
Авторлық белгі
Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, №3 мектеп-интернатының бастауыш сынып мұғалімі — Искакова Гүлзада Ибадуллақызы.