Шегірткенің сыйлығын қабыл алыңдар

Коммуникация Сауат ашу

Сабақ тақырыбы: «Ш» дыбысы және әрпі

Бұл сабақ жоспары балаларды «Ш» дыбысы мен «Ш» әрпімен таныстырып, ойын, өлең, қимыл-қозғалыс және жазу жұмыстары арқылы дыбысты меңгертуді көздейді.

Сабақтың мақсаттары

Білімділік

Балаларды «Ш» дыбысымен және әрпімен таныстыру; дидактикалық ойындар арқылы жылдам әрекет етуге үйрету.

Дамытушылық

Ертегі/әңгімелеу мазмұнын тыңдап, дұрыс қорытынды жасай білуге баулу; логикалық ойлауды арттыру; қиялды дамыту.

Тәрбиелік

Еңбексүйгіштікке, адамгершілікке, ұқыптылыққа, тиянақтылыққа, тазалыққа және достыққа тәрбиелеу.

Мотивациялық кезең: «Жылулық шеңбері»

Өлең

Қайырлы күн, досым,

Қайырлы күн болсын!

Күлші, кәне, досым,

Күлші, кәне, досым.

Бүгінгі күн міне,

Сәттілікке толсын.

Біздің алар бағамыз,

Тек бестіктер болсын!

Жаңа тақырыпты ашу

Жаңа тақырыпты хабарламас бұрын мұғалім бір шумақ өлең оқиды. Балалардың міндеті — өлеңде жиі естілетін дыбысты табу.

Тыңдалым

Шоршиды шортан, шорағай,

Шабақ аулап шағала.

Шегіртке қуып Шорабай,

Шапқылар шилі жағада.

Дұрыс жауап: өлең жолдарында «Ш» дыбысы жиі қайталанады.

Сюжеттік байланыс

Сабаққа Шырылдауық шегіртке келеді: ол орманда өлең айтып жүріп, қыстың қалай тез түскенін байқамай қалады. Қысқы азығын дайындамағандықтан, балалардан көмек сұрайды. Сабақ соңына дейін тапсырмаларды орындау арқылы бәріміз бірге шегірткеге қысқа дайындалуға көмектесеміз.

Ереже

Барлық тапсырма орындалса ғана шегірткеге көмектесе аламыз.

Дағды

Дыбысты дұрыс айту, тыңдау, оқу және жазу.

Ынта

Ойын арқылы белсенді қатысу және бірлесе әрекет ету.

«Ш» дыбысы туралы

Балалар «Ш» дыбысын хормен айтады және дыбыстың түрін анықтайды: «Ш» — дауыссыз дыбыс.

Мысал сөздер

шаңырақ шаңғы шаңғышы шар шәйнек шай шырша шана шағала шеге шие шегіртке шырын

Буындарды оқу

ША ШУ АШ

Тапсырма

  • «Ша-», «шу-», «-аш» буындарынан басталатын сөздер ойла.
  • Сол сөздерді қатыстырып сөйлем құрастыр.

Сергіту сәті

Қарлығаш болып ұшамыз,

Түлкі болып қашамыз,

Қырғауылдай тапқыр боп,

Орнымызды табамыз.

Айтылым: жаңылтпаш

Жатқа айту

Шаңғышы Сатыш шаңғы алды,

Жарысқа Сатыш қамданды.

Шығармашылық тапсырмалар

Бояу тапсырмасы

Атауы «Ш» дыбысынан басталатын заттың суретін боя.

Саусақ жаттығуы

Саны болар оншақты,

Шашып алдым моншақты.

Шымшып, теріп аламын,

Қорабына саламын.

Жазылым: «Ш» әрпін таныстыру

  • «Ш» әрпінің баспа түрімен және жазылу үлгісімен танысу.
  • «Ш» әрпін ауада жазып көру.
  • Дәптердегі үлгіге қарап, тапсырманы орындау.

Дәптермен жұмысқа үндеу

Дәптерімізді ашайық,

Салақтықтан қашайық.

Қолға қалам алайық,

Көркем етіп жазайық.

Дидактикалық ойын

Тақтаға ілінген суреттердің ішінен «Ш» дыбысынан басталатындарын таңдап, жина. Содан соң «Ш» дыбысының үйінің түсін анықта.

Қорытынды және рефлексия

Жарайсыңдар, балалар! Сендер шегірткеге үлкен көмек көрсеттіңдер. Енді ол сендердің қолдауларыңның арқасында қыстан аман-есен шыға алады.

Алғыс ретінде шегіртке сендерге күлегештер сыйлайды. Сыйлықты қабыл алыңдар!

Сұрақ-жауап арқылы бекіту

  • Бүгін біз қандай дыбыспен таныстық?
  • «Ш» дыбысы қандай дыбыс?
  • Бүгінгі сабақтан не үйрендіңдер?

Оқушылар сабақтағы белсенділігіне қарай мадақталады, үздік үлгі көрсеткен балалар атап өтіледі.