Қабылдау бөлмесі
Мазмұнды кейіпкерлі ойын: «Емхана»
Бұл кейіпкерлі ойын балаларды дәрігер еңбегін бақылау арқылы іс-әрекетті рөлдерге бөліп ойнауға үйретеді. Ойын барысында ақ халатты мамандардың қамқорлығы мен мейірімділігін сезінуге дағдыланып, балалардың білім деңгейі жанданып, сөздік қоры молаяды, ауызекі сөйлеу мәдениеті қалыптасады. Сонымен қатар жауапкершілікке, адалдыққа және имандылыққа тәрбиелейді.
Мақсаты
- Балаларды дәрігер мамандығына қызықтыру, рөлдік ойынға қатыстыру.
- Қамқорлық, мейірімділік, кішіпейілділік сезімдерін дамыту.
- Сөздік қорын молайтып, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру.
- Жауапкершілікке және адалдыққа тәрбиелеу.
Әдіс-тәсілдер
Көрнекілік және құралдар
- Әр дәрігерге арналған арнайы бөлме макеті.
- Дәрі-дәрмектер, кітапшалар.
- Ақ халаттар, бас киімдер.
- Дәрігерге қажетті құрал-жабдықтар.
Алдын ала жұмыс
Балаларды балабақша дәрігері Анар апайдың еңбегімен таныстыру, дәрігер құралдарының қызметін түсіндіру, денсаулықты сақтау туралы әңгімелесу.
Денсаулық туралы еске түсіру
- Таза ауада серуендеу.
- Дәрумені мол тағамдарды көбірек тұтыну.
- Спортпен шұғылдану.
- Ауырып қалсақ, дәрігерге қаралу.
- Тазалық сақтау, тамақ алдында қол жуу.
Ойын құрылымы: «Емхана» бөлімдері
Топ бөлмесі емхана рөліне сай дайындалады. Ойын басталар алдында балалар санамақ арқылы рөлдерге бөлінеді. Әр рөлдің өз міндеті бар.
Қабылдау бөлмесі
Науқасты жылы қарсы алып, карточкасын тауып береді, қажетті мәліметтерін тіркейді және тиісті дәрігердің бөлмесін көрсетеді.
Терапевт
Науқастың шағымын тыңдап, тексеру жүргізеді, алғашқы көмек көрсетеді және әрі қарай ем тағайындайды.
Бала дәрігері
Кішкентай балаларды қарап, ішетін дәрісін және алатын емін белгілейді.
Егу бөлмесі
Дәрігер тағайындаған емге сәйкес екпе жасап, науқасқа сауығып кетуіне тілек білдіреді.
Дәріхана
Рецепт бойынша дәрі-дәрмек береді, қолдану ережесін түсіндіреді.
Жанұя
Отбасы мүшелері науқасты қолдап, емханаға алып келеді және дәрігер кеңесін орындайды.
Сценарийден үзінді: бір науқастың қабылдауы
Төмендегі диалог балалардың сыпайы сөйлесуін, сұрақ қоюын және емханадағы әрекет ретін сақтауды үйретеді.
1) Қабылдау бөлмесі
Тіркеуші: Сәлеметсіз бе! Қош келдіңіз!
Науқас: Көп жаса, балам.
Тіркеуші: Қай жеріңіз ауырып келдіңіз, ата?
Науқас: Басым ауырып жүр.
Тіркеуші: Карточкаңызды тауып берейін. Аты-жөніңізді, мекенжайыңызды айтыңыз. Міне, карточкаңыз тіркелді. Сіз терапевт дәрігеріне барасыз. Бір нөмірлі бөлмеге кірсеңіз болады. Сау болыңыз!
2) Терапевт қабылдауы
Терапевт: Сәлеметсіз бе?
Науқас: Өркенің өссін, балам.
Терапевт: Қай жеріңіз ауырып мазалайды?
Науқас: 2–3 күннен бері басым ауыра береді.
Терапевт: Қане, қан қысымыңызды өлшейін. Қан қысымыңыз көтеріліп тұр екен. Егу бөлмесіне барасыз, сол жерде қысымды түсіретін дәрі егіледі. Сонымен қатар анализге жолдама жазып беремін. Дәріханадан мына дәріні алып келіңіз. Уайымдамаңыз, бәрі жақсы болады.
3) Дәріхана
Дәріханашы: Сәлеметсіз бе, ата! Қандай көмегім керек?
Науқас: Амансың ба, қызым! Дәрігер мына дәрілерді жазып берді.
Дәріханашы: Иә, ата, бұл дәрілер бар. Қазір берейін. Барлығы 2000 теңге болады.
Науқас: Рахмет, қызым.
Дәріханашы: Ем болсын, ата!