Сұрақтарға жауап беру

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Пән: Әдебиеттік оқу (3-сынып)

Сабақ тақырыбы: «Ғажайып адам» (М. Тәнекеев)

Мұғалім: Арыстанбек Т. Б.

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Оқушыларға күш иесі Қажымұқан туралы түсінік беру, оның өмірі мен спорттағы жетістіктері жөніндегі білімдерін кеңейту. Мәтін мазмұнын ашып, түсіндіру.

Дамытушылық

Оқушылардың ойды жинақтап, жүйелі жеткізу дағдысын дамыту және тарихи танымын кеңейту.

Тәрбиелік

Шыдамдылыққа, ел намысын қорғайтын азамат болуға, салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеу.

Күтілетін нәтижелер

Пәндік нәтиже

Өз бетімен және топпен жұмыс жасау тапсырмалары арқылы мәтін мазмұнын меңгеруге мүмкіндік беру.

Жүйелі іс-әрекет нәтижесі

Оқушыларды қиялдауға, шығармашылықпен жұмыс істеуге баулу.

Әдіс-тәсілдер, байланыс және көрнекілік

Әдіс-тәсілдер

  • «Араласып кеткен оқиғалар»
  • «Соңғы сөзді мен айтайын» стратегиясы

Пәнаралық байланыс

  • Қазақ тілі
  • Музыка

Көрнекіліктер

  • Қажымұқан портреті
  • «Қазақстан барысы» портреттері
  • Интерактивті тақта, бейнежазба

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі: психологиялық дайындық

— Сәлеметсіздер ме, балалар? Көңіл-күйлеріңіз қалай?

— Отырыңыздар. Сабаққа қажетті құралдарыңызды алып, дайын отырыңыздар.

2) Қызығушылықты ояту: жағымды сөздер

Балалар, бүгін естіген жағымды сөздерді еске түсірейік:

  • Қайырлы таң!
  • Сәлеметсіз бе!
  • Отырыңыз!
  • Кешіріңіз!
  • Даусың жақсы.

Тілек:

Иә, балалар, бүгін қайырлы күн болсын, сабағымыз сәтті өтсін! Сәрсенбінің сәті қуанышқа толсын! Біздің алар бағамыз тек «5» қана болсын.

Бүгін сабағымызға аудан мектептерінен қонақтар келіп отыр. Сондықтан өз білімімізді көрсете білейік.

Топқа бөлу

Мұғалім дорба ұсынады. Оқушылар дорбадағы түрлі түсті асықтар арқылы 3 топқа бөлінеді.

3) Жаңа сабаққа дайындық: хаттағы тапсырмалар

Мұғалім сыныпқа «аудандық білім бөлімінен келген хат» ұсынылғанын айтады. Хатта екі тапсырма беріледі:

  • Сұрақтарға жауап беру.
  • Тапсырманы орындау.

Сұрақтар

  1. Спорттың пайдасы қандай?
  2. Қандай спорт түрлерін білесіңдер?
  3. Қандай спортшыларды білесіңдер?

Жауап берген сайын жасырылған палуанның бейнесі ашылады.

4) Жаңа материалды меңгерту: мәтінді құрастыру

Әр топқа жеке хатқалта беріледі. Ішінде мәтіннің бөліктері бар. Топ мүшелері бөліктерді оқып, оқиғаның мазмұны жүйелі шығатындай етіп ретімен орналастырады.

Әр топтан бір оқушы бөліктерді дауыстап оқиды, қалғандары мәтін бойынша сұрақтарға жауап береді.

Талқылау сұрақтары

  • Қажымұқан қандай адам?
  • Қандай сөздер қиын болды?
  • Қандай тұстар таңғалдырды?

Бүгінгі сабақ

Бүгінгі сабағымыз Мұратхан Тәнекеевтің «Ғажайып адам» әңгімесіне арналады.

Автор туралы: Мұратхан Тәнекеев

Мұратхан Тәнекеев 1928 жылдың 1 мамырында Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Талапты (бұрынғы Қасық) ауылында дүниеге келген.

Ол спорт саласына қатысты 300-ден аса ғылыми еңбек, монография және кітаптың авторы. Еңбектерінде дене тәрбиесінің теориясы, дене шынықтыру тарихы, ұлттық спорт, салт-дәстүр және спорттың ұлтаралық қатынастағы рөлі жан-жақты зерттеледі.

Ғажайып адам: Қажымұқан Мұңайтпасұлы

Тарихи дерек

Қажымұқан Мұңайтпасұлы — қазақ халқы тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан. Тарихи деректерге сүйенсек, ол 1871 жылғы 7 сәуірде Ақмола уезі, Сарытерек болысына қарасты Жәдік деген жерде дүниеге келген.

Жетістіктері мен мұрасы

Қажымұқан теңдессіз өнерімен жер шарын аралап, көптеген елдерде күреске түсті. Қазақтан бұрын ешкім тақпаған алтын және күміс медальдарды тұңғыш болып мойнына ілді.

Деректерде оның 28 мемлекетте өнер көрсетіп, 56 медаль олжалағаны айтылады. ХХ ғасырдың басында түркі халықтарының ішінде Қажымұқандай алып күш иесінің қазақтан шығуы — ұлттық мақтаныш.