Суреттен ненің суретін көріп тұрмыз

Сабақтың тақырыбы

Ү дыбысы мен әрпі

Сабақтың мақсаты

Негізгі дағды

  • Ү дыбысымен және оның әріп таңбасымен таныстыру.
  • Ү дыбысының ерекше айтылатынын түсіндіріп, артикуляциясын көрсету және меңгерту.
  • Сөздерге дыбыстық талдау жасай білуге үйрету.

Тіл дамыту

  • Үлгі бойынша баспа әріптерді жазуға дағдыландыру.
  • Суреттер бойынша әңгіме құрастыру арқылы сөздік қорын байыту.
  • Буын туралы түсінігін кеңейту.

Көрнекі құралдар

Ойыншықтар Плакаттар Түсті текшелер Кеспе әріптер

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

Балаларды сабаққа дайындау, зейінін шоғырландыру.

2) Өтілген сабақты қорытындылау

Сұрақ-жауап

Суреттен нені көріп тұрмыз?
Аңдардың суретін.
Аттарын атаңдар.
Аю, қасқыр, түлкі, т.б.
«Аң» сөзіндегі бірінші дыбыс қандай?
А дыбысы.
Екінші дыбыс ше?
Ң дыбысы.
Өткен сабақта қандай дыбыспен таныстық?
Ң дыбысымен.
Ң дыбысы қай дыбысқа ұқсайды?
Н дыбысына.

Мұғалім балаларға: жұмбақ арқылы бүгінгі жаңа тақырыпты бастайтынын айтады.

3) Жаңа сабақ

Жұмбақ

Баласын ертіп соңынан,
Сүңгіп, жүзіп үйретті.
Су жұқпайтын тонына —
Кім білмейді? (Үйректі)

Балалар суда жүзетін құстардың бірі — үйрек екенін айтады. «Үйрек» сөзінің басында ү дыбысы анық естіледі.

Дыбысты дұрыс айту

Ү дыбысын айтқанда ерін алға созылады. Сондықтан дыбысты анық, дұрыс айтуға жаттығамыз.

Дауысты ма, дауыссыз ба?

Ү дыбысы — дауысты дыбыс. Ол «қызыл үйге» жатады.

Әріпті меңгерту

  • Үү әрпін ауада жазып көреміз.
  • Кеспе әріптер тақтасынан ү әрпін тауып, көрсетеміз.
  • Тақтаға жазып, жазылуын талдаймыз.

«Үйрек» сөзі: буынға бөлу және дыбыстық талдау

Ү дауысты Й дауыссыз Р дауыссыз Е дауысты К дауыссыз

Сөз буынға бөлінеді: үй-рек.

Сергіту сәті

Орнымыздан тұрайық,

Алақанды ұрайық.

Бір отырып, бір тұрып,

Біз тынығып алайық.

Көрнекілікпен жұмыс

Тақтаға сурет ілінеді. Суреттегі балаға ү дыбысынан басталатын ат қоямыз: Үсен.

Суреттердің атауы

  • Үкі
  • Үй
  • Үйрек

Буын санын анықтау

  • Үкі сөзінде екі буын бар.
  • Үй сөзінде бір буын бар.
  • Үйрек сөзінде екі буын бар.

Әңгімелеу: «Үйрек пен түлкі»

Ертеде бір үйрек болыпты. Ол көлде жүзіп жүрген аққулардың сұлулығына қызығып, оларды қызғанады. «Неге жұрт аққуды жақсы көреді, жемейді?» деп ойлайды. Бір күні үйрек түлкіні көріп: «Түлкі, түлкі, сен неге мына семіз аққуларды жемейсің?» — дейді.

Түлкі: «Олардың ұйықтайтын жерін көрсетші», — дейді. Үйрек уәде бойынша түлкіні аққулардың ұйықтайтын жеріне ертіп келеді. Мұны сезген қос аққу ұшып кетеді. Ашуланған түлкі үйрекке бас салып, жегісі келеді.

Үйрек жалбарынып: «Түлкіжан, мені жеме. Мен сенің тапсырмаларыңның бәрін орындайын», — дейді. Түлкі келіседі. Енді біз үйрекке көмектесіп, оны түлкіден құтқарайық.

Тапсырмалар

1-тапсырма: Жұмбақтарды шешу

  1. Күндіз соқыр, не деген,
    Түнде қандай көреген. (Үкі)
  2. Кезікті бір жануар,
    Үстінде екі тауы бар. (Түйе)
  3. Өзі қу, жүрген жері айқай да шу. (Түлкі)
  4. Ақ сандығым ашылды,
    Ішінен жібек шашылды. (Күн)

2-тапсырма: Дыбысты табу

Осы сөздердің ішінде ү дыбысы бар ма? Қай жерде кездеседі (басында ма, ортасында ма)?

3-тапсырма: Дыбыстық талдау

Үкі, түйе, күн, түлкі сөздеріне дыбыстық талдау жаса.

Қорытынды: Біз тапсырмаларды орындап, үйректі түлкіден құтқардық.

Айтылымға жаттығу: жаңылтпаш

Үміт түбіт түтті,

Түбітті түтіп бітті.