Ондай белгілер барлық жерде

Өмірдің өзі белгі береді — сіз оны байқай аласыз ба? Мүмкін сенбейтін де шығарсыз, сонда да айтайын: күн сайын адам рухани жолсерігі, яғни қорғаушы періштелері арқылы өмірдің өзінен келетін түрлі ишараларға куә бола алады. Егер адам ішкі түйсігіне сеніп, мұндай белгілерді көріп, байқауды үйренсе, жоғары күштердің өзіне қолдау көрсетіп жүргенін аңғарады.

Өкінішке қарай, күнделікті күйбең тіршіліктің арасында өмірдің анық белгілерін байқамай өтіп кетеміз. Ал шын мәнінде ол белгілер барлық жерде. Ойланып қарасаңыз, мазалаған сұрағыңызға кез келген жерде, кез келген уақытта жауап келуі мүмкін. Төменде өмір белгілерін байқаудың бірнеше жолын ұсынамын.

1) Көзбен шолу

Бұл — көзге көрінетін кез келген ишара. Мысалы, сіз бір шешімге келе алмай, екі ойлы болып жүрсіз делік: жұмыс орнын ауыстыру керек пе, жоқ па? Осындай сәтте газеттен, журналдан немесе интернеттен кездейсоқ бір сөйлем көзіңізге түсуі мүмкін: «Солай жасасаң, өкінбейсің!» Мұны қорғаушы періштелер арқылы келген белгі деп түсінетіндер бар.

Мұндай ишаралар тек мақаладан ғана емес, кітаптан, жарнамадан, хабарландыру қағазынан да кездейсоқ ұшырасады. Бірақ кез келген жерден белгі «іздей беру» дұрыс емес: әдетте ол күтпеген жерде, байқаусызда көзге түседі.

Табиғаттағы мысалдар

  • Аспанда жүрекке ұқсас бұлт.
  • Жүрек пішінді жапырақ немесе гүл.
  • Асфальттағы сызықтар мен жарықшақтардың ерекше пішіні.

Мұндай белгілерді көру үшін ең алдымен байқампаздық қажет.

2) Есту

Кейде белгі сөз арқылы келеді. Ол сізге таныс адамнан да, бейтаныс жолаушыдан да естілуі мүмкін. Үйде теледидардан не радиодан құлағыңыз шалған бір сөйлем де дәл сол сәтте маңызды жауапқа айналып кетеді.

Мұнда бастысы — жай ғана тыңдау емес, назар аударып, мәнін ұғып қалу.

3) Интуициялық сезім

Кейде бір нәрсе «солай» болып көрінеді. Неге олай ойлағаныңызды өзіңіз де нақты түсіндіре алмауыңыз мүмкін, бірақ ішіңізден бір дауыс тоқтамай қояды. Мұндайда ішкі түйсікті тыңдау керек пе?

Ішкі түйсікті Құдайдың адаммен тілдесуі деп те айтады — мұнда шындық болуы ықтимал. Сондықтан кейде таза логикадан бұрын, жүрек түкпіріндегі сезімге құлақ асып, соған сүйеніп әрекет ету пайдалы.

4) Бейне (түс арқылы келетін белгі)

Өмірдің кейбір белгілері түс арқылы беріледі. Мұндайды елемей өте шығуға болмайды. Түсіңізде көрген айқын, жарқын бейнелер есіңізде ұзақ сақталып, ерекше эмоция тудырады.

Қазақ мұндайды «аян берді» деп жатады. Бейне түріндегі белгілер көбіне жоғары күшке сенетін жандардың түсіне кіріп, ойға салмақ түсіреді.

5) Танымдық (когнитивтік) белгі

Бұл — өмірде белгілі бір ақпаратты жеткізу үшін орын алатын оқиға. Кейде қандай да бір шаруаны істеуге ішіңіз тартпайды немесе шақырған жерге барғыңыз келмейді. Сонда да «қой, бара салайын» деп шешесіз, бірақ соңы ойдағыдай болмай жатады.

Өмірден мысал

Бірде мен алыс жолға шықпақ болдым, бірақ ішім онша қалаған жоқ. Мұны әпкеме айтқанымда, ол: «Қазір қыс, қыдыратын уақыт емес. Көктемде барсаңшы», — деп кеңес берді. Бірақ мен бәрібір жолға шықтым. Жеңіл көлікпен кетіп бара жатып жол апатына түсіп, ауруханадан бір-ақ шықтым. Сол кезде: «Ішкі ескертуге, әпкемнің сөзіне құлақ асуым керек пе еді? Бұл жоғарыдан алдын ала берілген белгі болған шығар», — деп ойландым. Өкінішке қарай, мен оны дер кезінде байқай алмадым.

Жоғарыдан берілген ескерту белгіні көріп-білу үшін тылсым күшке сенім де қажет шығар. Сонымен қатар күнделікті қарбаласты азайтып, ойды орынсыз уайымнан тазартып, жай ғана қарап қоймай — көре білу маңызды. Айналадағы дыбысты тыңдап қана қоймай — есту керек. Елеп-ескерумен бірге сезіну де қажет.

Қорытынды ой

Мұның бәрін үйрену қиын емес — тек саналы өмір сүре білсек болғаны. Өміріңізде байқаған әрбір белгіні жақсылықтың нышаны деп қабылдаңыз: сонда шынымен қуанышты жағдайлардың жиілегенін байқарсыз.

Егер өзіңіз білетін қызық оқиғалар болса, поштаға жолдаңыз — сайтта жариялануы мүмкін.

Дайындаған: Жадыра