Абай Құнанбаев жайлы слайд
Сабақ тақырыбы
Қыс. Абай Құнанбаев.
Сабақ типі: жаңа білім беру. Сабақ түрі: дәстүрлі сабақ.
Сабақ мақсаты
Білімділік
Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығына қысқаша шолу жасай отырып, «Қыс» өлеңінің негізгі идеясын ашу. Оқушыларға қыстың қатал көріністерін түсіндіру, өз ойын жүйелі әрі байланыстырып жеткізуге үйрету, оқу дағдыларын қалыптастыру.
Дамытушылық
Елестету, есте сақтау, өз бетінше жұмыс жасау қабілеттерін дамыту; сөздік қорын байыту; сөйлеу мәдениетін және мәнерлеп оқу дағдысын жетілдіру.
Тәрбиелік
Әр маусымның ерекшелігін байқату арқылы табиғат сұлулығын таныту, қоршаған орта мен өмір құбылыстарын табиғат көріністерімен салыстыра отырып байқауға тәрбиелеу.
Әдістері мен көрнекілігі
Сабақ әдістері
- Түсіндіру
- Сұрақ-жауап
- Талдау және жинақтау
- Ізденушілік
- Топтастыру
Көрнекілігі
- Жыл мезгілдері туралы слайдтар
- Абай Құнанбаевтың суреті
- Президенттің суреті (патриоттық бөлім үшін)
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру. Қызығушылықты ояту
Отан — әр адамның жүрегі. Оған ел де, жер де, су да кіреді. Отанымды бар әлемге паш еткен Президентім — мақтанышым, тірегім!
Ескерту
Осы бөлімде Президенттің суреті көрсетіледі.
II. Үй тапсырмасын тексеру
«Өткен өмір» бөлімін аяқтап отырмыз. Бұл бөлімде қазақ халқының бастан кешкен қиындықтары мен тәуелсіздікке жету тарихы туралы әңгімеледік. Енді бөлімді «Үзінді» ойыны арқылы қорытындылайық.
Сұрақтар
- 1. Отырар қаласын арабтар қалай атаған?
- 2. Батырлар жырын бізге жеткізушілер кімдер?
- 3. «Қонақты күтем» деп жылан шаққан бала қай мәтіннен?
- 4. Абылай ханның шын аты қандай?
- 5. Абылай кімнің тәрбиесінде болды?
- 6. Әкесімен бірге түрмеде отырған бала кім?
- 7. Тұрар Рысқұлов кім?
- 8. Ж. Жабаев туралы жазылған шығарма қалай аталады?
- 9. Желаяқ баланың аты кім?
- 10. Құрманғазы Сағырбайұлы кім?
- 11. Тоғыз шет тілін білген ғалым кім?
- 12. Төле, Қазыбек, Әйтеке кімдер?
Бұл бөлімде халқымыздың тарихы, қилы заман кезеңдері, ерлік пен елдік дәстүрлері кеңінен қамтылды.
III. Жаңа сабақ
1) Кіріспе (сұрақ-жауап)
Талқылау сұрақтары
- Бір жылда неше мезгіл бар?
- Әр мезгілге қандай сипаттама бересіңдер? (күз, көктем, жаз — үш топ)
- Қазір қай мезгіл?
- Қыста қандай мерекелер болады?
- Қыста табиғатта қандай өзгерістер болады?
- Қыс несімен қызық?
- Қыс айларын ата.
«Қыс» туралы топтастыру
Мұз, үскірік, қырау, суық, қар, боран, бұрқасын, аяз, тайғақ, шана, қыс айлары, қысқы мерекелер.
Слайд
Қыс бейнесі көрсетіліп, әңгімелесу жүргізіледі.
Бүгін біз «Қыс бейнесі» деген жаңа бөлімді бастаймыз.
2) Абай Құнанбаев туралы
Абай — қазақтың жазба әдебиетінің негізін салушы кемеңгер ойшыл, ұлы ақын. Ол — ғалым, ұстаз, аудармашы, сазгер, қара сөздің шебері.
Сұрақтар: Абайдың бұрын қандай өлеңдерін оқыдық? Оның өлеңдері жастарды неге үндейді?
Сабақтың негізгі тақырыбы — Абайдың табиғат сұлулығын суреттеген «Қыс» өлеңі.
Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,
Басқан жері сықырлап, келіп қалды.
Дем алысы — үскірік, аяз бен қар,
Кәрі құдаң — қыс келіп, әлек салды.
Ұшпадай бөркін киген оқшырайтып,
Аязбенен қызарып ажарланды.
Бұлттай қасы жауып екі көзін,
Басын сіліксе, қар жауып, мазаңды алды.
Борандай бұрқ-сарқ етіп долданғанда,
Алты қанат ақ орда үй шайқалды.
Әуес көріп жүгірген жас балалар,
Беті-қолы домбығып, үсік шалды.
Шидем мен тон қабаттап киген малшы
Бет қарауға шыдамай, теріс айналды.
Қар тепкенге қажымас қайран жылқы
Титығы құруына аз-ақ қалды.
Қыспен бірге тұмсығын салды қасқыр,
Малшыларым, қор қылма итке малды.
Соныға малды жайып, күзетіңдер,
Ұйқы өлтірмес, қайрат қыл, бұз қамалды!
Ит жегенше Қондыбай, Қанай жесін,
Құр жібер мына антұрған кәрі шалды.
3) Мәтінмен жұмыс
Тыңдалым
Мұғалім өлеңді мәнерлеп оқиды, оқушылар тыңдайды.
Сөздік жұмысы
- Оқшырайтып
- Бөрікті (бас киімді) бір шекеге сәндеп, қисайта кию.
- Шидем
- Жұқа тоқылған сырт киім.
- Ұшпа
- Жеңіл, жұқа қар (ұшқындап түсетін майда қар).
Оқулықпен жұмыс
- Іштей оқу
- Кезекпен оқу
- Теріп оқу
- Мәнерлеп оқу
4) Өлеңге талдау (кубизм әдісі)
1-топ
- Сұрақ: Ақын қысты кімге теңейді?
- Жауап: Қысты адамға, кәрі шалға теңейді.
- Сұрақ: Ақын суреттеген шал кімге ұқсайды?
- Жауап: Ақ киімді, ақ сақалды Аяз атаға ұқсатуға болады.
- Сұрақ: Түрі, түсі қандай?
- Жауап: Түсі ақ, қырау секілді; суық.
2-топ
- Сұрақ: Шалдың киімі қандай?
- Жауап: Ақ киімді; үстін ақ қырау басқан.
- Сұрақ: Өлеңдегі шалдың мінезі қандай?
- Жауап: Қатал, «соқыр, мылқау» тәрізді.
- Сұрақ: «Түсі суық» дегенді қалай түсінесіңдер?
- Жауап: Қатал, ашулы адам бейнесі.
3-топ
- Сұрақ: «Киім» деп отырғаны не?
- Жауап: Жауып тұрған қар, қатқан мұз.
- Сұрақ: «Соқыр, мылқау» деуінің себебі не?
- Жауап: Ол ештеңені «көрмейді», аямайды; бәрін тоңдырады.
- Сұрақ: Балалар мен малшылар қалай суреттелген?
- Жауап: Балалардың беті-қолы домбығып, үсік шалады; малшылар жылы киінсе де аязға шыдамай теріс айналады.
Сергіту сәті
Қыс келді, алақай!
Ақ күміс қар жауды.
Ағаштар, бұталар
Ақ қарға оранды.
IV. Жаңа сабақты бекіту (шығармашылық жұмыс)
1-топ
Табиғат құбылыстарына қарап жасалатын халықтық болжамдардан мысал келтіру.
2-топ
Күз бен қысты салыстыру (ұқсастығы мен айырмашылығы).
3-топ
Қыс туралы мақал-мәтелдер айту.
V. Қорытындылау
«Әңгімелеу кестесі» бойынша қорытынды жасалады:
- Мәтін тақырыбы қандай?
- Авторын ата.
- Кейіпкерлерді ата.
- Қай мезгіл, қай кезең суреттелген?
- Не білдік? Қандай әсер алдық?
VI. Бағалау
Оқушылардың сабаққа қатысуы, мәнерлеп оқуы, жауаптарының нақтылығы мен шығармашылық жұмыстағы белсенділігі ескеріледі.
VII. Үй тапсырмасы
1) Жаттау
Абайдың «Қыс» өлеңін жаттап келу.
2) Шығармашылық тапсырма
Қыс мезгілі туралы сурет салып келу.