Сөйлем мүшесіне талда

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Бұл материал көсемшенің сөйлемдегі қызметін қорытындылайтын сайыс сабағын ұйымдастыруға арналған. Сабақ ойын түрінде өтіп, оқушылардың жылдам ойлауын, талдау жасауын және топпен жұмыс істеуін дамытады.

Сабақтың тақырыбы

Көсемше (қорытынды сабақ)

Сабақтың түрі

Сайыс сабақ

Сабақтың әдістері

  • Талдау
  • Сұрақ-жауап
  • Өз пікірін айту

Көрнекілігі

«Көсемше» тақырыбына арналған слайд материалдары.

Мақсаттары

Білімдік

Оқушыларға көсемшелердің сөйлемдегі қызметін меңгерту, көсемшені есімшеден ажырата білуге үйрету.

Дамытушылық

Сөйлемді талдау қабілетін дамыту, өткен тақырыптарды пысықтау.

Тәрбиелік

Жылдамдыққа, өз пікірін еркін айтуға, өздігінше еңбектенуге тәрбиелеу.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру және кіріспе

Мұғалімнің сөзі: «Балалар, бүгін біз өткен тақырыптарды, соның ішінде көсемшенің сөйлемдегі қызметін қорытындылаймыз. Сабақ ойын-сайыс түрінде өтеді».

«Дарабоз» зияткерлік ойынының мақсаты — оқушылардың көсемшенің сөйлемдегі қызметін қаншалықты меңгергенін, оны есімшеден ажырата алатынын және топпен бірлесіп жұмыс істеуге дайындығын анықтау.

I айналым — «Бәйге»

Әр қатар оқушыларына есімше мен көсемше тарауына қатысты 6 сұрақ қойылады. Әр дұрыс жауап — 1 ұпай. Оқушы өз сұрағына ойланып тұрмай, тез жауап береді. Басқа оқушылардың артық сөз айтуына болмайды.

1-қатар

  1. Етістік нені білдіреді?
  2. Көсемшені тап: «Атаға бөлінгендер адыра қалады, Көпті қорлаған көмусіз қалады».
  3. Берілген сөздердің қайсысы есімше? тыңдаған, тыңдарман, тыңдапты
  4. Көсемшенің жұрнақтарын ата.
  5. Берілген сөзге есімшенің жұрнақтарын жалға: бар.
  6. Есімшені тап: «Қатты жерге егін шықпас, Қаңғыған басқа білім жұқпас».

2-қатар

  1. Көсемше сөйлемнің қандай мүшесі бола алады?
  2. Тапқан сөзіңді септе.
  3. Берілген сөздердің қайсысы есімше? жүгермек, жүгіріп, жүгірмек
  4. Көсемшені тап: «Шоқпарды ұстай білмеген өзіне тигізер, Инені ұстай білмеген көзіне кіргізер».
  5. Берілген сөзге көсемшенің жұрнақтарын жалға: кел.
  6. Берілген есімшені септе: тозбас.

3-қатар

  1. Білетін сөзіңді септе.
  2. Берілген сөздерге көсемшенің жұрнақтарын жалға: сөйле, көр.
  3. Берілген сөздердің қайсысы есімше? тоқысты, тоқып, тоқымас
  4. Есімшені тап: «Ер айтса — ел айтқаны, Елдің қамын жеп айтқаны».
  5. Ілік септігіндегі есімшені тап: жеңнің, жеңгенің, жеңгеннің
  6. Көсемшенің қай түрі жіктелмейді?

II айналым — «Дода»

Бұл кезеңге барлық оқушы қатысады. Жауаптар ауызша беріледі. Әр топ таңдаған санына қарай талдау жұмысын орындайды: әр санда екі талдау бар. Екеуі де дұрыс орындалса — 10 ұпай, жартылай орындалса — 5 ұпай.

1-талдау

  1. Есімшені тауып, түбірі мен қосымшасын ажырат: «Өсетін елдің қарты қазына болар, Өспейтін елдің қарты қазымыр болар».
  2. Көсемшені тауып, түбірі мен қосымшасын ажырат: «Мен сендерді көшіріп әкетуге келдім».

2-талдау

  1. Есімшені тауып, түбірі мен қосымшасын ажырат: «Көл жағалағанның көні кеппес».
  2. Көсемшені тауып, түбірі мен қосымшасын ажырат: «Қазақтар ертеден көшіп-қонып, мал шаруашылығымен айналысқан».

3-талдау

  1. Есімшені тауып, түбірі мен қосымшасын ажырат: «Еңбексіз ел кезгенің — ар-ұяттан безгенің».
  2. Көсемшені тауып, түбірі мен қосымшасын ажырат: «Асқар тау алыстан көрінеді».

4-талдау

  1. Көсемшені тауып, сөйлемнің қай мүшесі екенін анықта: «Аттарды ерекше салтанатпен әсемдеп, баптап мінген».
  2. Есімшені тауып, сөйлемнің қай мүшесі екенін анықта: «Адаспайтын аңшы болмас, Жаңылмайтын данышпан болмас» (М. Қашқари).

5-талдау

  1. Есімшені тауып, сөйлемнің қай мүшесі екенін анықта: «Қайық ұрлағанды қырдан іздеме» (халық мақалы).
  2. Көсемшені тауып, сөйлемнің қай мүшесі екенін анықта: «Дұшпан күлдіріп айтады, Дос жылатып айтады» (халық мақалы).

6-талдау

  1. Есімшені тауып, сөйлемдегі қызметін анықта: «Босқа үрген төбетті бөрі әкетеді» (халық мақалы).
  2. Көсемшені тауып, түбірі мен қосымшасын ажырат: «Сын түзелмей, мін түзелмейді».

III айналым — «Жорға»

Бұл кезеңде қазақ тілі, әдебиет және спорт тақырыптарынан сұрақтар беріледі. Әр топ кезекпен ұпайды таңдайды: дұрыс жауап берсе — ұпай сол топқа беріледі, жауап бере алмаса — келесі топ жауап беріп, ұпайды иелене алады. Ешкім жауап бермесе, ұпай жүргізушіде қалады.

Қазақ тілі

  1. Сөйлем мүшелеріне талда: «Ақылды адам айтқызбай біледі, Ақсұңқар қаққызбай іледі».
  2. Сөйлем мүшелеріне талда: «Қазір қазақтар мықты салынған үйлерде тұрады».
  3. Сөйлем мүшелеріне талда: «Қазақтың көркемөнері өшкен жоқ, ғасырлардан-ғасырларға нығайып, өсіп, көркейіп келеді».

Әдебиет

  1. Үзінді қай шығармадан алынған? Үзіндідегі көсемшелерді тап: «…Кешігіңкіреп келген Ұлпа Мұратбек өкпелеп кеткен екен деп ойлайды. Сол кезде Есіл тасып кетеді…»
  2. Үзінді қай шығармадан алынған? Үзіндідегі көсемшелерді тап: «Бір уақытта үлкен үйдің қара ала төбеті оңашада бұны алып соғып, көп езгіледі».
  3. Үзінді қай шығармадан алынған? Үзіндідегі көсемшелерді тап: «Абаймен дос болған әрі талантына таңырқап, ден қоюмен өткен атам оның өлеңдерін кітап қып көшіріп алады да, бізге сол арқылы қара танытпақ болады».

Спорт

  1. VII Қысқы Азия ойындарының Әнұраны 105 әннің ішінен конкурс арқылы іріктелді. Оның авторлары кім?
  2. Қысқы Азия ойындары қай жылдан бері өткізіліп келеді?
  3. Қысқы спорттық ойындардың біразы «Медеу» мұзайдынында өтеді. «Медеу» мұзайдыны несімен ерекшеленеді?

Жауаптар

Әдебиет

  • 1) С. Мұқанов — «Есіл бойында»
  • 2) М. Әуезов — «Көксерек»
  • 3) М. Әуезов — «Менің өмірбаяным»

Спорт

  • 1) Сөзі: Ө. Оралбаев, әні: Е. Хасанғалиев
  • 2) 1986 жылдан бері; 4 жылда 1 рет өткізіледі (бұған дейін Қытай, Жапония, Кореяда өткен).
  • 3) «Медеу» мұзайдыны — тауда орналасқан әлемдегі ең биік спорт кешендерінің бірі; теңіз деңгейінен 1691 м биіктікте орналасқан.

Қорытынды бөлім

Бағалау

Ұпайлар қорытындыланып, жеңімпаз топ анықталады.

Үй тапсырмасы

«Көсемшенің сөйлемдегі қызметі» тақырыбын оқу.

Автор

Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Бейнеу селосындағы Бейнеу гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі — Бағытова Кәмила Мұхаммединқызы.