Қайтпас қайсар Тоғым хан
Тоғым хан: ұлтқа сіңірген еңбегі жете бағаланбаған арда тұлға
Алаштың ұлы хандарының қатарында есімі жиі атала бермей, ұлтқа сіңірген еңбегі толық бағаланбай келе жатқан бірегей тұлғалардың бірі — Тоғым хан. Халқымыздың ел болып қатарға қосылуы, бүгінгі егемендік пен өркендеудің бастауында Отан үшін от кешкен бабалардың маңдай тері мен жанқияр ерлігі тұр.
Киелі хандар тарихын зерттеген ғалымдарға алғыс айту — бір парыз, ал қаһармандардың рухына тағзым етіп, зиярат ету — ұрпақтың қасиетті міндеті. Жастардың бойына отансүйгіштік дарыта алсақ, тәлім мен тәрбие бергеніміз, ел сенімін ақтағанымыз.
Автор
Сәлімбаев Тілекқали Кеңесқалиұлы
«Қайтпас қайсар Тоғым хан»
Поэтикалық толғау
Текті әкенің ұлдары жебе жонған,
Қазақ халқы қаһарман батыр болған.
Таһирдан соң Тоғым хан тақ иесі,
Көзсіз ерлік көрсеткен осы бабаң.
Қазақ жұртын қолдаған тәңір — құдай,
Түкті жүрек ер беріпті мұзбалақтай.
Шынжырбалақ, шұбартөс Тоғым ханның,
Тоғыз ұлы айбарлы арыстандай.
Бытыраған қазақ-қырғыз басын қосып,
Халықты ұйыстырған кеткен босып.
Қалмақ, моғол, өзбектің шеріктерін,
Ел шетінен аластайды жолын тосып.
Өзі хан, өзі батыр — дара тұлға,
Қазақ елі айналыпты мұндай ұлдан.
Тауға, тасқа салса да қайтпайды екен,
Қолды өзі бастаса жаужүрек хан.
Ата кегін бір сәтке ұмытпаған,
Өзбектің баскесері — Ұбайдолла хан.
Моғол ханы Әбдірәшидпен сөз байласып,
Қазақ елін жоюды мақсат қылған.
Жау шерігі Ыстықкөлді бетке алады,
Қара бұлттай басады кең даланы.
Сан-Ташта сұғына кірген дұшпан қолын,
Қайтпас қайсар Тоғым хан қарсы алады.
Өліспей беріспеуге тік шатқалды,
Арқа сүйеп қазақ қолы таңдап алды.
Азаттық — алғы шарты бар халықтың,
Шүберекке түйіп алған шыбын жанды.
Таң азаннан қырғын майдан басталады,
Қазақ-қырғыз шерігін ханның өзі басқарады.
Сайланған қалың қолға шағын әскер —
Күш тең келмей, бар жасақ жер қабады.
Аяусыз тәулік бойы шайқас болған,
Қара түнек жамылған жер мен аспан.
Тоғымның «Тоғыз сары» атанған тоғыз ұлы,
Шейіт болған, бұған қоса қырық сұлтан.
Баһадүрлер — боздақтар, қайран ерлер,
Топырағына жерленген туған жердің.
Алыптардың алыбы — Тоғым хандар,
Ұрпағына үлгі болар еліміздің.
Түсініктеме
Мамаш пен Тайыр хандар тұсында Қазақ хандығы саяси тоқырау кезеңін бастан өткерді. Осы ауыр кезеңнен кейін қан кешіп, отқа түскен Тоғым хан аз уақыттың ішінде ұлттың басын біріктіруге айрықша күш жұмсады. 1535–1537 жылдары ол Алаш жұртының тұтастығы үшін ерен еңбек сіңірген ержүрек тұлғалардың бірі ретінде сипатталады.
Деректерде Тоғым ханның тегі мен тарихи жалғастығы да аталады: ол Әбілхайыр ханның түбіне жеткен Көкжал Барақтың, сондай-ақ Алаш Орда көсемі Әлихан Бөкейхановтың бабаларының қатарынан екені көрсетіледі.
Бұл мәтін тарихи танымды күшейту, ерлік пен бірлік идеясын ұлықтау мақсатында әдеби-танымдық үлгіде өңделіп берілді.