Жазба жұмысын жазуда жіберілген қателермен жұмыс жүргізу
Жазба жұмысына байланысты қатемен жұмыс жүргізу жолдары
Қазақ тілі сабағында алған білімді жазбаша түрде сауатты көрсете білуде жазба жұмысының орны ерекше. Жазба жұмысы сабақтың мақсаттарына сай оқушының грамматикалық сауаттылығын ғана тексермей, оның есте сақтауын, көркем жазуын, ұқыптылығын және өзіне деген сенімін нығайтады.
7-сыныпқа арналған әдістемелік нұсқауда диктанттың 12 түрі көрсетілген. Соның ішінде бақылау диктантында қатемен жүйелі жұмыс жүргізудің маңызы айрықша. Диктанттың негізгі мақсаты — оқушылардың теориялық білімін сынау, бағалау және сауатты жазуға үйрету болса, қатемен жұмыстың мақсаты — жіберілген қателерді саналы түрде түзетіп, оны қайталамауға дағдыландыру.
Сауатты жазудың негізі
Диктантты дұрыс әрі сауатты жазу үшін грамматиканы үйреніп, талдай білу жеткіліксіз. Оқушының тілдік түйсігін қалыптастыруда көркем әдебиетті тұрақты оқу да маңызды рөл атқарады.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жалпы орта білім департаменті ұсынған нұсқауға сәйкес, диктант нормаларын пән мұғалімі міндетті түрде білуі тиіс. Диктант келесі сабаққа тексеріліп әкелінуі керек.
Жазба жұмысының соңында орфографиялық және пунктуациялық қате саны көрсетіліп, келесі жолдың оң жағына баға қойылады (мысалы, 1/0 немесе 5/1 т.б.).
Шартты белгілер
Оқушы тек бағаны ғана емес, мұғалім қолданған шартты белгілерді де нақты түсінуі тиіс:
- I емле қатесі
- V тыныс белгі қатесі
- ? түсініксіз (оқылмайды/мәні айқын емес)
- Z азат жол
Қатемен жұмыс жүргізудің тиімді жолдары
- 1) Тексерілген жұмыспен оқушы танысады: қызыл сиямен белгіленген сөзді жол басына алдымен қате түрін көрсетіп, содан кейін сызықша қою арқылы жол аяғына дейін қатесіз жазып шығады.
- 2) Қате жазылған немесе оқушыға таныс емес сөздер бойынша қазақ тілінің түсіндірме сөздігін пайдаланып, мағынасы мен қолданысын түсіндіру.
- 3) Жіберілген қате туралы өтілген тақырыпқа сәйкес ережені еске түсіріп, мысалдар келтіру.
- 4) Қате жазылған сөзге фонетикалық, лексикалық және морфологиялық талдау жасату.
- 5) Оқушылардың тасымал және тыныс белгілері туралы білімін нақтылау, бағыт-бағдар беру.
- 6) Диктант мәтініндегі тірек сөздерді тапқызып, сол сөздермен сөйлем құрату.
- 7) Сабақты шығармашылықпен ұштастырып, қате жіберілген сөздердің прозалық және поэзиялық шығармаларда қолданылуына назар аударту; нәтижені күшейту үшін жатқа айтқызуға болады.
Тәжірибеден: 7-сыныпқа арналған «Қатемен жұмыс» сабағының үлгісі
Негізгі деректер
- Күні
- 15.02
- Сыныбы
- 7 «В»
- Пәні
- Қазақ тілі
- Сабақтың тақырыбы
- Қатемен жұмыс
- Сабақтың типі
- Білімді бекіту
- Сабақтың түрі
- Талдау
Мақсаты
- Білімділік: жазбаша грамматикалық сауаттылықтағы олқылықтарды жою, білімді нақтылау.
- Дамытушылық: ойлау мен есте сақтауды, көркем жазуды дамыту; талдау жұмыстары арқылы білім, білік, дағдыларын жетілдіру.
- Тәрбиелік: ұқыптылыққа, аңғарымпаздыққа тәрбиелеу; өзіне деген сенімді арттыру.
Әдіс-тәсілі
Байқау, талдау, жеке оқушымен жұмыс, салыстыру.
Көрнекілігі
Слайд.
Пәнаралық байланыс
География, әдебиет.
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру
Оқушылармен амандасу, түгендеу. Сабаққа назар аударту.
2) Мақсат қою
Жазба жұмысында жіберілген қателермен мақсатты түрде жұмыс жүргізу. Тілдік талдау арқылы теориялық білімді практикада қолдануға дағдыландыру.
3) Білімді тексеру кезеңі
- Диктанттағы қателерді байқау: мұғалім түзеткен нұсқамен салыстырып, қате және дұрыс түрін ажырату.
- Сөздің дұрыс нұсқасын көшіріп жазу.
- Ортақ қателер (мысал): ойпаңына, бос шөппен, түгін, басшылары, азат жол, азда, молда, тамбайтын, аспанынан.
Сөздікпен жұмыс
Ойпаң — төмен, ойлау жер. [Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі, 626-бет]
Тасымал туралы
Тасымал — жазу кезінде сөздің жолға сыймай қалған бөлігін келесі жолға көшіру. Тасымал буынға негізделеді.
Тасымалданбайтын жағдайлар
- 1 Бір дауысты дыбыстан тұратын буынды жолда қалдыруға да, келесі жолға тасымалдауға да болмайды (мысалы, а-та, әули-е).
- 2 Бір буынды сөз тасымалданбайды.
- 3 Қысқарған өлшем бірлігін (см) өзі тіркескен саннан (30) бөліп тасымалдауға болмайды.
- 4 Қысқарған сөз тасымалданбайды.
- 5 й, у дыбыстары бар сөздерді буынға бөлгенде, бұл дыбыстар келесі буынның басында келеді және солай тасымалданады (мысалы, да-уыс, құ-йын).
- 6 Екі әріптен құралған я, ю дыбыстарына аяқталған сөздер тасымалданбайды (мысалы, қою, күю, ұя).
- 7 Аты мен әкесінің аты қысқартылып, басқы дыбысы ғана жазылғанда, фамилиясынан бөліп тасымалдауға болмайды.
4) Жеке тапсырмалар
- а) Аспаны сөзін септеу.
- ә) Дұрыс тасымалданбаған сөздердің тасымалдану жолдарын көрсету.
- б) Емле қателері бойынша сөздермен сөйлем құрастыру.
5) Шығармашылық тапсырма
- Мәтіннен етістіктің шақ түрлерін тауып, теріп жазу.
- Берілген сөйлемдерді сөйлем мүшелеріне талдау.
Қыс жауған қар суы, жаз жауған жаңбыр — бәрі-бәрі осы жерге келіп үймелейді. Осыны ескеріп, ауыл басшылары Бақанас жайылымына малшыларды жыл сайын үш-үштен бөліп, кезек қондырып отырады.
6) Тілдік талдау
- Ойпаңына сөзіне фонетикалық талдау жасау.
- Алдын ала дайындалған таратпалармен жұмыс: қатесіз жазған оқушыға күрделірек тапсырма беру; қате жазған оқушымен қате себебін анықтап, сол тақырып бойынша қосымша тапсырмалар орындау.
- «Ең үздік жазылған диктант» айдарымен үздік жұмысты анықтау, мадақтау және ынталандыру.
7) Морфологиялық талдау
Көрінбей кетеді, келгенімен сөз тіркестері/сөздеріне морфологиялық талдау жасау.
8) Есімше бойынша жұмыс
Мәтіннен есімшелі сөздерді тауып, теріп жазу (мысалы): жібіген, отырған, келетін, емес, жауған, тамбайтын, айырбастамайтындай, өскен.
9) Картамен жұмыс
Бақанас көлі туралы қысқаша түсінік беру.
10) Әдебиетпен байланыс
Оқушылардан өздеріне таныс әдебиеттен өзен-көл атауларына байланысты шығармаларды атауды сұрау, пікір алмасу.
Үй тапсырмасы
Өзен, көл, жер-су атауларына байланысты ақын-жазушылардың шығармаларымен танысып, үзінді жаттау.
Бағалау
Оқушының қателерін түзету сапасы, ережені қолдануы, талдау жұмыстары және тапсырмаларды орындауы ескеріледі.