Қазақ оюлары
Сабақтың мақсаты мен міндеттері
Бұл сабақ оқушылардың қызығушылығын арттыру арқылы шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған.
Білімділік
- Оқушыларды ою-өрнек түрлерімен таныстыру.
- Ою-өрнек салу арқылы қолды жаттықтырып, шеберлікті шыңдау.
Дамытушылық
- Есте сақтау қабілетін, жылдамдық пен шапшаңдықты дамыту.
Тәрбиелік
- Эстетикалық тәрбие беру, ұйымшылдыққа және еңбек сүйгіштікке баулу.
- Ұқыптылыққа, өзінің және өзгенің уақытын бағалауға үйрету.
Сабақтың форматы
- Сабақтың түрі
- Білім мен дағдыларды қалыптастыру
- Сабақтың әдісі
- Түсіндіру, сарамандық жұмыс
Қамтамасыз ету
- Көрнекілік
- Слайдтар, схема, өрнек үлгілері, суреттер
- Пәнаралық байланыс
- Еңбек, бейнелеу, математика, дүниетану
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Сәлемдесу.
- Сабаққа дайындықты тексеру.
II. Жаңа сабаққа дайындық
Қолөнер бұйымдарын еске түсіру: сандық, домбыра, киіз, кілем, ұлттық киім, зергерлік бұйымдар және т.б.
III. Жаңа сабақ
Қызықтыру тапсырмасы: ребус шешу (қамзол, тақия, оюлар).
Шешуі: Қазақ оюлары.
1) Ою-өрнек ұғымы және тарихы
Біздің ата-бабаларымыз қолөнермен айналысып, оны жетілдіріп, ұрпаққа мұра етіп қалдырған. Жасалған бұйымдардың көбін табиғатпен байланыстырып, ою-өрнекпен әсемдеген.
Ою-өрнек сөзі латын тіліндегі ornament — «әшекей» ұғымымен сабақтас. Мағынасы — сәндеу, әсемдеу. Ұлттық киімнің негізгі сәндеушісі де — ою-өрнек.
Қазақ ұлттық ою-өрнегінің тарихы бірнеше ондаған ғасырды қамтиды. Ол атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа беріліп, күнделікті тұрмыста үздіксіз қолданылып, дамып отырған өнер.
Ою-өрнекті сапалы жасау үшін материалды дұрыс таңдау, ою ырғағы мен мөлшерін дәл келтіру, бұйым бетіне түсуі мен орналасуын алдын ала жоспарлау маңызды. Өрнектің көркем шығуы — шебердің ой ұшқырлығы мен үйлестіру қабілетіне байланысты.
Ою-өрнек — адам ойының жемісі. Өрнек бір-бірімен қабысып, жымдасып, арқандай өріліп тұруы керек. Егер ара жігі үйлеспей, олпы-солпы болса, өрнек сәнін де, мазмұнын да жоғалтады.
Қазақ ою-өрнегінің бастауында жиі аталатын негізгі бейне — қошқармүйіз. Көптеген өрнек түрі осы элементтен өрбіп, күрделі композицияларға айналады.
Шебер қолына түскен ою-өрнек табиғаттағы гүл шоғырындай жарасып, көзге қуаныш, көңілге жылылық сыйлайды. Ою ойған адамның жүрегі де жұмсақ, талғамы нәзік болады.
2) Ою-өрнектің қолданылуы және топтары
Ою-өрнектерді композициялық құрылымына қарай ғалымдар төрт топқа бөледі:
Өсімдік тектес өрнек
Гүл, жапырақ, сабақ, дән сияқты өсімдік элементтері бейнеленеді.
Зооморфтық өрнек
Аң-құс, балық және жануар мүшелерін бейнелейтін өрнектер.
Космогониялық өрнек
Дөңгелек, ирек, шимай тәрізді элементтерден құралады.
Геометриялық өрнек
Балдақ, тұмар және басқа да геометриялық пішіндерге негізделеді.
Кең тараған элемент атаулары
Аспан әлеміне қатысты
Ай, күн, жұлдыз, айшық, аймүйіз, құс жолы, жұлдызша, кемпірқосақ және т.б.
Зат атауына қатысты
Балға, балта, тарақ, балдақ, күмбез, табақ, қармақ және т.б.
Эпиграфиялық өрнек
Жазуды өрнекке айналдырып, белгілі бір бейнеге келтіре әсемдеп жазу.
Таңбаға байланысты
Ру таңбалары, ел таңбалары және малға салынатын ен таңбаларға қатысты элементтер: тұмар, айшық, босаға, абақ, тарақ, көз, шөміш, шылбыр, көсеу, ашамай және т.б.
Өрнек мағынасы: қысқа мысалдар
- Қошқармүйіз — молшылық.
- Ағаш — ынтымақ, бірлік.
- Ирек — өмір жолы, су белгісі.
- Шеңбер — жарық өмір жолы.
Ою-өрнектің атауы мен түрі өте көп: бүгінге дейін зерттеушілер шамамен 350-ге жуық түрін анықтаған. Солардың ең кең тарағаны — мүйіз тектес өрнектер. Ұсақ өрнектер зергерлік бұйымда, кестеде, ағаш пен сүйекке оюда қолданылса, ірі өрнектер кілем, алаша, текемет, сырмақ және жиһаз беттеріне салынады.
Өлең арқылы әсерлендіру
Қазақ оюлары туралы ақындар да жыр жазған. Ф. Оңғарсынованың төмендегі жолдары ою-өрнектің жанға жақын сырын айқын сездіреді:
Түрін-ай текеметтің! Асыл қандай?
Үңілдім үнсіз ғана басымды алмай.
«Келе ғой, қошақаным, өзіме!» — деп,
Әжем кеп сипағандай шашыма жай.
Жан бітіп жайраңдады жан-жағымнан,
Қазақтың қошқармүйіз өрнектері.
Әжемнің көзіндей бұл оюларды,
Таба алмай дала кезіп шаршап едім.
Түрінен текеметтің көріп тұрмын,
Әжемнің тарамысты саусақтарын...
Сарамандық бөлім
V. «Жалғастыр» ойыны
- Ойлана білмеген… — ою оя білмейді.
- Талаппен бастап… — талғаммен аяқта.
- Өнер — таусылмас азық… — жұтамас байлық.
VI. Топпен жұмыс
Б. Момышұлының «Өткенді еске алып, ойға толам… Қолыма қайшы алып, ою оям» деген сөзін негізге ала отырып, кезекті сарамандық жұмысқа кірісеміз.
1-топ
«Бүршік» оюы
Дәптерге бейнелеу.
2-топ
«Айшабибі» оюы
Дәптерге бейнелеу.
3-топ
«Қошқармүйіз» оюы
Дәптерге бейнелеу.
VII. Оқушыларға тапсырма
- Қағаздан өрнек қию.
- Қиылған өрнекті дәптерге түсіріп, бейнелеу.
- Техника қауіпсіздігі ережелерін қайталау (қайшыны дұрыс ұстау, жұмыс орнын жинақы ұстау).
VIII. Сабақты бекіту (сұрақ-жауап)
- 1 «Ою-өрнек» сөзі қандай ұғымды білдіреді?
- 2 Ою-өрнек неше топқа бөлінеді?
- 3 Қошқармүйіз өрнегі қандай бұйымдарда қолданылады?
- 4 Көбірек қолданылатын өрнек түрі қайсы?
IX. Сабақты қорыту
Оқушылардың жұмыстарын талдау, композицияның үйлесімі мен нақтылығына назар аудару.
X. Үй тапсырмасы
Ою түрлерін бейнелеп, орындау тәсілдерін үйрену.
XI. Бағалау
Жұмыстың ұқыптылығы, композицияның дәлдігі, қауіпсіздік ережелерін сақтау және белсенділік бойынша бағалау.
IV. Атырау өңірінің суретшілері туралы қысқаша мағлұмат
Өңір өнері қазақ бейнелеу мәдениетінің маңызды бөлігі. Төменде Атырау және Батыс өңіріне қатысты бірқатар суретшілер туралы мәлімет ықшамдалып берілді.
Табылды Мұқатов
Табылды Мұқатов (1947) — Атырау облысы, Исатай ауданы, Орпа ауылында туған. 1968 жылы Алматы көркемсурет училищесін бітіріп, кейін И. Федоров атындағы Львов полиграфия институтын тәмамдаған. 1975 жылдан бастап «Жазушы» баспасында көркемдеуші редактор болып қызмет атқарды, 1979 жылдан Суретшілер одағының мүшесі.
Кітап көркемдеудегі еңбегімен танылған шебердің кескіндемелік жұмыстарының қатарында «Жылқышы ауылы», «Жайлауда», «Орпа ауылы», «Әжеммен бірге», «Батырлық дастан» сияқты жанрлық композициялар аталады. 2003 жылы Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына арналған «Құм жазуы» қолжазба өлеңдер кітабы ЮНЕСКО-ның алтын медалімен марапатталған.
Мәдір Қуандық Насихатұлы
Мәдір Қуандық Насихатұлы (1965) — суретші әрі композитор, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі (2005), доцент. Атырау облысында дүниеге келген. 1990 жылы А. С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін тәмамдаған, кейін мемлекеттік басқару мамандығы бойынша білімін толықтырған.
Республикалық және облыстық байқаулардың лауреаты. 1997 жылдан өнер қоғамдық қорының президенті. «Талбесік» атты кітабы жарық көрген (2003). Әндері, суреттері және әдістемелік еңбектері әртүрлі басылымдарда жарияланып келеді.
Кәмила Жапалова
Кәмила Жапалова — Ә. Қастеев атындағы Шымкент көркемөнер училищесін бітірген. Бала жастан сурет өнеріне құмар болып, үздіксіз ізденіс арқылы кәсіби деңгейін қалыптастырған.
Батик пен майлы бояуды үйлестіре қолданатын туындылары мазмұн тереңдігімен ерекшеленеді. «Үш арман» еңбегі қиял мен мақсатты символдық бейнелеуімен назар аударады. «Алтын қайық» картинасы тарихи оқиғалармен астасып, көне Сарайшықтың өткенінен сыр шертеді. 2008 жылы Астанада көрмеге қойылған еңбектері өңір өнерін танытуға үлес қосты.
Ескерту
Бұл бөлім сабақ мазмұнын толықтыру мақсатында беріліп, өңірлік суретшілердің шығармашылық жолына қысқаша шолу жасайды.