Аналардың мектеппен тығыз байланысын арттыру
Іс-шараның мақсаты мен міндеттері
Бұл мерекелік іс-шара қыздардың Анаға деген құрметі мен ілтипатын білдіруге, сондай-ақ аналардың мектеппен байланысын нығайтуға бағытталған.
Білімділік
- 8 наурыз — Аналар мерекесі туралы мағлұмат беру.
- Оқушыларды наурыз айының ерекшеліктерімен таныстыру.
- Ананың қадір-қасиеті туралы түсінік қалыптастыру.
Дамытушылық
- Балалардың ой-өрісін және танымын дамыту.
- Анаға деген сүйіспеншілік пен құрмет сезімін тереңдету.
Тәрбиелік
- Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білуге тәрбиелеу.
- Ананың махаббатын аялауға және ана мейрамын бағалауға баулу.
Көрнекі құралдар
Сахна нақыл сөздермен, түрлі-түсті шарлармен және мерекелік безендірулермен сәнделеді.
Салтанатты бөлім
Мұғалімнің құттықтауы
Көктемнің шуақты күндерімен сабақтаса келетін бұл мерекені тойламайтын халық жоқ. Бәріміз де ананың ақ сүтінен нәр алып, өсіп-өніп келеміз. Күллі дүние абзал да асыл жандардың алдында бас иеді.
«Құрметтесек — ананы құрметтейік» демекші, мереке қарсаңында сіздерді аяулы 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын.
Ардақты аналарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміздің, қымбатты қыздарымыздың бұл тамаша мерекесі көктемнің келуімен тұстасып жатады. Көктем — жаңа өмірдің бастауы, табиғаттың оянуы емес пе?
Осы мерекеде шаңырақтарыңыз шаттыққа, жүздеріңіз күлкіге толы болсын!
Зор денсаулық, баянды бақыт, шығармашылық табыс, отбасыңызға береке, жақындарыңыз бен туғандарыңызға амандық тілеймін. Аналар, арулар — мерекелеріңіз құтты болсын!
1-жүргізуші
Қош келдіңіздер, құрметті аналар, мектебіміздің ұстаздары мен қыздары! 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні құтты болсын!
Сіздерге әрқашан сыр бермес денсаулық, өмірдің шапағатын тілейміз. Бүгінгі ақ тілектеріміз періштенің құлағына шалынсын. Әрдайым мейірім шуағын шашып жүре беріңіздер.
Сіздерге арнап дайындалған концерттік бағдарламамызды сыйлық ретінде қабыл алыңыздар. Алдарыңызда — орыс биі.
Көрініс: Орыс биі (би орындалады).
2-жүргізуші
Құрметті әжелер, аналар, апайлар, ұстаздар, қыздар! Халықаралық әйелдер күні — 8 наурызды мерекелеу дәстүрі 1914 жылдан кейін көптеген елдерде дәл осы күні атап өтілетін болды.
Бұл күн әйелдердің тең құқыққа қол жеткізуі мен әлеуметтік прогресс үшін күрес идеяларымен байланысты.
Сахнада: Фазылова Альбина — «Бейбітшілік» күйі (күй орындалады).