Алғашқы оркестр музыканттары
Сабақ жоспары (6-сынып)
Сабақ тақырыбы
Қазақтың халық аспаптары оркестрі
Сабақ түрі
Диспут сабақ
Көрнекілігі
Халық аспаптары оркестрінің көркем суреттері
Пәнаралық байланыс
Бейнелеу өнері, тарих
Қолданылатын әдебиеттер
«Музыка әлемінде» журналы
Үй тапсырмасы
Халық аспаптары оркестрі туралы мәлімет жинақтау.
Сабақтың мақсаты мен міндеттері
Сабақтың мақсаты
Рухани ой-өрісті кеңейтіп, халық музыкасы мен күрделі музыкалық шығармаларды таныстыру; бұрын алған білім, білік, дағдыларды дамыту.
Білім беру міндеттері
Музыка өнері арқылы халық музыкасына құрмет пен сүйіспеншілікті қалыптастыру, музыкалық көркемдік талғамды дамыту.
Тәрбиелік міндеттері
Адамгершілікке, еңбекқорлыққа, эстетикалық талғамды арттыруға, патриоттық сезімге, дүниетанымды кеңейтуге және өзін-өзі тануға тәрбиелеу.
Дамытушылық міндеттері
Оқулық мәтініне сүйене отырып өз бетінше ізденуге бағыттау; материалдар арқылы интеллектуалдық деңгейді көтеру; пәнге қызығушылықты арттыру және халық аспаптары оркестрін құрметтеуге үйрету.
Сабақтың барысы: оркестр ұғымы және тарихы
«Оркестр» атауы қайдан шыққан?
«Оркестр» атауының төркіні Ежелгі Грекия мәдениетінен бастау алады. Театрда спектакль қойылған кезде сахнаның алдындағы шағын алаңшаға әншілер тобы орналасып, хор айтқан. Сол орын бастапқыда «оркестр» деп аталған.
XVI ғасырда опера жанры қалыптасқаннан кейін сахна мен көрермен арасындағы сол кеңістікке хордың орнына музыкалық аспаптарда ойнайтын орындаушылар жайғаса бастайды. Уақыт өте келе бұл атау музыканттар ұжымының өзіне де берілді.
Қазіргі түсініктегі оркестр
Бүгінде оркестр деп композиторлардың ауқымды әрі күрделі шығармаларын сахна төрінде кәсіби деңгейде орындайтын, музыкалық сауаты жоғары музыканттардан құралған үлкен шығармашылық ұжымды айтамыз.
Оркестр түрлері
- Симфониялық оркестр
- Үрмелі аспаптар оркестрі
- Эстрадалық оркестр
- Камералық оркестр
- Халық аспаптары оркестрі
Қазақтың халық аспаптары оркестрінің құрылуы
1934 жыл: бастау кезеңі
1934 жылы халық дарындарының кезекті Бүкілхалықтық слетінде техникум жанынан бұрыннан құрылған (құрамында 11–17 адам бар) шағын ансамбльдер өнер көрсетті. Байқау нәтижелерін қорытындылау барысында осы ансамбль негізінде дарынды қобызшылар, домбырашылар және сыбызғышыларды біріктіріп, қазақтың халық аспаптары оркестрін құру міндеті Ахмет Жұбановқа жүктелді.
Алғашқы атауы
Қазатком атындағы оркестр
Кейінгі мәртебесі
Құрманғазы атындағы академиялық оркестр
Алғашқы музыканттар
Д. Нұрпейісова, О. Қабиғожин және басқа орындаушылар.
Кәсіби ізденіс және биік белестер
Оркестр алғашқы қадамынан-ақ кәсіби шығармашылық ізденістерге батыл кірісіп, жаңашылдықты игеруге ұмтылды. Соның нәтижесінде ұжым жылдар өте тәжірибе жинақтап, орындаушылық деңгейін биіктете түсті.
Оркестрдің қалыптасып, өркендеуіне шамамен 20 жылға жуық уақыт оның көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері болған белгілі композитор, ұстаз-профессор, ғалым-академик Ахмет Жұбанов өлшеусіз үлес қосты.
Ахмет Жұбановтың еңбегі
- Халық күйлері мен халық композиторларының шығармаларын оркестр репертуарына енгізді.
- Әр орындаушыдан жиналған туындыларды сұрыптап, жүйелеп, нотаға түсірді.
- Шығармаларды оркестрге лайықтап өңдеді.
- Артистердің музыкалық сауатын көтеріп, жазба кәсіби орындаушылыққа баулыды.
Шамғон Қажығалиевтің орны
Ахмет Жұбановтан тәлім алған, оркестрді ұзақ жылдар бойы басқарған КСРО халық әртісі, профессор Шамғон Қажығалиевтің де оркестр тарихындағы орны ерекше. Кейінгі дирижерлер кезеңінде ұжымның репертуары кеңейіп, оркестрдің шетел сахналарына шығуы жиілей түсті.
Музыкалық ұғымдар: орындаушылықтағы тәсілдер
Импровизация
Қолма-қол, суырып салма әдіспен музыка шығару.
Рапсодия
Халық әуеніне негізделіп, еркін формада жазылатын аспаптық шығарма.
Скерцо
XVII ғасырда итальяндық аспапты музыкада пайда болған ойнақы, жеңіл, әзіл-оспақты сипаттағы музыка. Л. Бетховен скерцоны симфония, квартет және соната бөлімдерінің біріне енгізді.
Талқылау бағыты
Сабақ барысында Ахмет Жұбановтың өмірбаянына қысқаша тоқталып, оның шығармалары мен қазақтың халық аспаптары оркестрінің дамуына қосқан үлесін талдаймыз.