Қазақ тілі - қандай тіл
Оқытушы туралы мәлімет
Абленова Нұргүл Мырзаболатқызы — Бурабай ауданының Тілдерді оқыту орталығының оқытушысы.
Сабақ туралы қысқаша
Тақырыбы
Менің сөздік қоржыным
Эпиграф
Тіл жоқ жерде, ұлт жоқ!
Мақсаты
- Тіл өнерін, тіл құдіретін құрметтеуге үйрету.
- Сөйлеу дағдыларын жетілдіру, сөздік қорды молайту.
- Патриоттық сезімді оятып, ана тілін сүюге және қадірлеуге тәрбиелеу.
Түрі, әдісі және көрнекілігі
Сабақ түрі: ойын сабағы.
Әдісі: сұрақ-жауап, топтық жұмыс, ойын элементтері.
Көрнекілігі: кәртішкелер, жетондар, түрлі түсті жапырақтар.
Кіріспе ой: тілдің қадірі
Мағжан Жұмабаев: «Тіл — адам жанының тілмашы; тілі кем болса, адамның қор болғаны», — деген.
Тіл — тарих тереңіне бойлатып, өнер бұлағына сусындататын рухани әлеміміздің сарқылмас қазынасы. Тіл — әр елдің, әр ұлттың мақтанышы, тәуелсіздіктің тірегі.
Қазақстан халықтарының тілдері күні
Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың 1998 жылғы 20 қаңтардағы Жарлығына сәйкес, 22 қыркүйек — Қазақстан халықтарының тілдері күні ретінде аталып келеді.
Тіл халықпен бірге өмір сүріп, бірге дамиды. Тәуелсіздік алғаннан бері қазақ тілі мемлекеттік тіл болып бекітіліп, «Тіл туралы» заң қабылданды.
Ата-бабамыз ежелден үш құндылықты бойтұмардай қастерлеген: ел, жер және тіл. Ана тілі — әр халықтың төл белгісі. Сондықтан ана тілімізді құрметтей білейік.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Сәлемдесу
- Психологиялық көңіл-күй қалыптастыру
II. Кіріспе бөлім
Тілдің құдіреті, мемлекеттік тілдің мәртебесі және тілге құрмет туралы ой қозғау.
III. Ойын кезеңдері
Сұрақ-жауап, топтық жұмыс және логикалық тапсырмалар арқылы сөздік қорды дамыту.
Ойындар мен тапсырмалар
1) «Дұрыс па, бұрыс па?» ойыны
Шарты: мұғалім пікірді оқиды. Дұрыс болса — қол шапалақтаймыз, бұрыс болса — үндемейміз.
- 1.Бәйге — қазақтың ұлттық ойыны.
- 2.Бесбармақ — француздардың ұлттық тағамы.
- 3.Наурыз — Шығыс халықтарының мейрамы.
- 4.Илья Муромец — қазақтың батыры.
- 5.Шұбат — түйе сүтінен жасалады.
- 6.Наурыз күз айында басталады.
- 7.Қазақстан — біздің Отанымыз.
- 8.Абай — қазақтың ұлы ақыны.
- 9.Қымыз сиыр сүтінен жасалады.
- 10.Масленица мейрамында орыстар бауырсақ пісіреді.
2) «Домино» ойыны
Шарты: бір кәртішкеде сөйлемнің басы, екіншісінде сөйлемнің соңы беріледі. Сөйлемдерді дұрыс құрап, мәтін жасаймыз.
- 1.Күз мезгілі келді.
- 2.Күз айлары — қыркүйек, қазан, қараша.
- 3.Күзде күн салқындайды.
- 4.Жиі жаңбыр жауады.
- 5.Ағаш жапырақтары сары, қызыл, жасыл түске боялады.
- 6.Құстар жылы жаққа ұшып кетеді.
- 7.Маған күз мезгілі өте ұнайды.
Сіздерге күз мезгілі ұнаса, маған да осы мезгіл ұнайды. Күзде ауа райы қандай? Табиғатта қандай өзгерістер болады? Бүгінгі сабағымызда біз түрлі түсті жапырақтарды «жинаймыз»: әр жапырақта тапсырма бар. Тапсырманы дұрыс орындаған тыңдаушыға жетон беріледі. Кім көп жетон жинаса — сол жеңімпаз.
3) «Түрлі түсті жапырақтар» тапсырмасы
Ойынды бастайық: бір-бірден келіп, бір жапырақтан алыңыз.
Сары жапырақтар
- 1.«Қазақстан» сөзіндегі әріптерден жаңа сөздер құраңыз.
- 2.Мақалды аяқтаңыз: «Отан оттан да — …». «Отансыз адам — ормансыз …».
- 3.Қазақ тілі — қандай тіл?
- 4.Бір жылда неше ай бар?
Жасыл жапырақтар
- 1.Қазақ тілінде неше әріп бар?
- 2.Жұмбақ: «Қабат-қабат қаттама, ақылың болса аттама». (Жауабы: кітап)
- 3.Апта күндерін атаңыз.
- 4.Наурыз мерекесін қашан тойлаймыз?
Қызыл жапырақтар
- 1.Еліміздің астанасы қай қала?
- 2.Аптаның төртінші күні қай күн?
- 3.Қысқы киімдерді атаңыз.
- 4.Үй жануарларын атаңыз.
4) Жалпы ойын: «Әріп жұмбақтар»
Төмендегі жұп сөздерді салыстырып, ортақ белгі арқылы жасырын әріпті табыңыз.
«Құдық» сөзінде бар, «су» сөзінде жоқ.
«Қарындаш» сөзінде бар, «альбом» сөзінде жоқ.
Жауабы: Д
«Есік» сөзінде бар, «үй» сөзінде жоқ.
«Каспий» сөзінде бар, «теңіз» сөзінде жоқ.
Жауабы: К
«Астана» сөзінде бар, «қала» сөзінде жоқ.
«Сағат» сөзінде бар, «қарбыз» сөзінде жоқ.
Жауабы: Т
«Пияз» сөзінде бар, «қияр» сөзінде жоқ.
«Сыпырғыш» сөзінде бар, «ауа» сөзінде жоқ.
Жауабы: П
«Үкі» сөзінде бар, «су» сөзінде жоқ.
«Ірімшік» сөзінде бар, «тұз» сөзінде жоқ.
Жауабы: І
Сабақты қорытындылау
- Жетондарды санап, ойынның жеңімпазын анықтау.
- Жеңімпазды қошеметтеу, қатысушыларға алғыс айту.