Күлкінің адам ағзасына пайдасы таңқаларлық
Күлкі — ағзаны нығайтудың табиғи тәсілі
Адам денсаулығына ұзақ уақыт бойы тұрақты күш түсуі созылмалы әлсіздікке ұрындыруы мүмкін. Ал ағзаны нығайту көптеген аурудың алдын алады. Америкалық ғалымдардың тұжырымы бойынша, жағымды қабылдаулар мен физикалық денсаулыққа жауап беретін ми орталықтары бар. Осы аймаққа әсер етудің ең тиімді тәсілдерінің бірі — шынайы күлкі.
Бақыт гормондары және күйзеліс гормондары
Күлкі кезінде “бақыт гормондары” деп аталатын эндорфин, серотонин және дофамин бөлінеді. Ал олардың әсері күйзеліс гормондары — кортизол мен адреналиннің түзілуін баяулатуға көмектеседі. Бұл тек көңіл-күйді көтеріп қана қоймай, ағзаның жалпы саулығына да оң ықпал етеді.
Гелотология және Норман Казинстің оқиғасы
Күлкінің ағзаға әсерін зерттейтін ғылым — гелотология. Оның негізін салушылардың бірі ретінде Норман Казинс жиі аталады. Ол сирек кездесетін сүйек ауруына шалдыққан, көптеген дәрігер қарағанымен, нақты ем табылмайды. Казинс күйзеліп, торығудың орнына комедиялық фильмдер көруді әдетке айналдырады.
Дәрігерлерді таңқалдырғаны — бір айдан соң Норман қайтадан жұмысқа шыққан. Ол “өлімді мазақ еткен адам” ретінде тарихта қалды. Осы оқиғадан кейін күлкінің адам денсаулығына ықпалы туралы зерттеулер көбейіп, көптеген дерек жинақталды.
Күлкінің денсаулыққа дәлелденген пайдасы
Иммундық жүйені күшейтеді
Көп күлетін адамдарда күйзеліс деңгейі төмендеп, түрлі жұқпамен күресетін антиденелердің белсенділігі артады.
Өкпе мен бронхты тазартады
Күле отырып, адам барынша терең дем алады: өкпеге ауа молырақ толып, ағзаға қажетті оттек жеткізіледі. Қазір күлкі йогасы демікпе және тыныс жолы аурулары бар адамдар үшін көмекші бағыт ретінде кең қолданылады.
Эндокриндік жүйені қолдайды
Оттегіге бай қан эндокриндік бездерге жақсы жеткізілсе, олардың жұмысы да тұрақтанады. Терінің жастық қалпын сақтауда да эндокриндік жүйенің рөлі бар.
Жүрек-қан тамырларына пайдалы
Күлкі бұлшықеттерді босаңсытып, қан тамырларының тонусына жағымды әсер етеді, қан қысымының қалыпқа келуіне көмектеседі.
Асқазан-ішек жұмысын жақсартады
Іш бұлшықеттері жиырылып-босаңсу арқылы ішек-қарын жолының жұмысына серпін береді, ағзадағы қажетсіз элементтердің шығарылуын жеделдетеді.
Мойын мен арқаға жеңілдік береді
Әсіресе бір қалыпта ұзақ отырып жұмыс істейтін адамдар үшін күлкі бұлшықеттерді босаңсытып, қысымды азайтуға көмектеседі.
Қан айналымын жақсартады
Қанмен қамтамасыз ету жақсарған кезде тері “тыныстап”, қартаю белгілерінің алдын алуға ықпал етеді. Күлкінің адам ағзасына пайдасы шынымен таңқаларлық.
Күлкі — қарым-қатынасты нығайтатын құрал
Қарым-қатынас кезінде күлу немесе жай ғана езу тарту адамдар арасындағы байланысты күшейтіп, оны ұзақ сақтауға көмектеседі. Күлімсіреген адам әңгімеге тез тартады — тіпті бейтаныс жанмен де. Әзілді орнымен қолдана білсеңіз, даулы жағдайды жұмсартып, шешімге жақындатуға болады.
Вера Биркенбильдің кеңесі: жымиюды қай кезде көбірек қолданған дұрыс?
Танысқан сәтте. Езу тарту арқылы жаңа танысыңызға ашық көңіл танытып, өзіңізге баурай аласыз.
Телефонмен сөйлескенде. Адамды көрмей-ақ, оның көңіл-күйін және сөйлесуге қаншалықты құлықты екенін дауыс ырғағынан аңғаруға болады. Егер әңгімелесуші көңілсіз не ашулы болса, мақұлдау мен түсінгеніңізді білдіретін жеңіл күлкі жағдайды жұмсартуға көмектеседі.
Жасанды күлкі де көмектесе ме?
Мамандардың байқауына сай, жасанды күлкі де көңіл-күйді көтеруге ықпал етеді. Көңіліңіз болмай тұрса да, бір минут күлуге тырыссаңыз, ағзада бақыт гормондары бөліне бастайды. Себебі ағза шынайы күлкі кезіндегідей бұлшықеттерді іске қосады.
Сондықтан кейде кері әсер ету тәсілі де жұмыс істейді: мұңайып тұрсаңыз, өзіңізді күлуге “мәжбүрлеп” көріңіз — ағза мұңаюға қарсы әрекет ете бастайды.